
Қостанайдың сотталған экс-әкімі Ахмедбек Ахметжановтан тәркіленген «Метрополь» мейрамханасының ғимаратында халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды.
tengrinews.kz хабарлағандай, цифрлық ХҚКО-ның бірінші қабатында операторлардың көмегінсіз қызмет алуға болады. Екінші ғимаратта Қостанай ХҚКО-ның №1 бөлімі орналасыпты. Сондай-ақ бұрынғы мейрамханаға Әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есептеу орталығы департаментін көшіру жоспарланып отыр екен. Қазір орталық 13.00-ге дейін ғана жұмыс істейді, себебі әзірше Ұлттық банк ғимаратында орналасқан — бұл келушілерге жайсыздық туғызады екен. Ал көшкеннен кейін департамент күні бойы жұмыс істей алады. «Көшуге себеп — азаматтардың клиенттердің жағдайын жақсарту қажеттілігі туралы көптеген өтініші себеп. Екінші қабатта операторлары бар 21 үстел орналасады. Қостанайдың әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі бөлімдері де осы мекенжай бойынша орналасады», — деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік ұйымы филиалының PR-менеджері Есенжан Мұратов. Еске салайық, 2016 жылы Қостанайдың экс-әкімі Ахмедбек Ахметжанов бірнеше бап бойынша айыпты деп танылып, сотталған еді. Пара алды деп айыпталған ол мүлкі тәркілене отырып, 13 жылға бас бостандығынан айырылған.