Қостанай қаласында «Бүркіт» базары аумағынан пакетке салынған өлі сәбидің денесі табылды. Бұл туралы Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
«Кеше сағат 17:00 шамасында Гоголь және Шаяхметов көшелерінің қиылысында, «Бүркіт» базарының аумағында 37 жастағы ер адам пакет тапты. Онда нәрестенің денесі болған. Оқиға орнына жеткен тергеу-жедел тобы сәбидің қыз бала екенін анықтады», — делінген хабарламада.
Жергілікті полиция департаментінің мәліметінше, қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 100-бабына (Жаңа туған баланы анасының өлтіруі) сәйкес сотқа дейінгі іс қозғалып жатыр.
«Полиция халықтан осы факт бойынша нақты ақпарат болса, хабарлауын сұрайды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр, сараптамалар тағайындалды», — дейді ведомстводан.