Қош келдің, кино мерекесі!

16 желтоқсан 2022, 12:06

Мәдениет ошағы – Алматы төрінде XVI халықаралық «Еуразия» кинофестивалі шымылдығын ашты. Еліміздегі ең ірі, ең беделді, әрі Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығының (FIAPF) аккредитациясын иеленген жалғыз отандық кинофорум пандемияның салдарынан екі жыл өтпей қалған болатын. Биыл уақыттың тығыздығына қарамастан, ұйымдастырушылар сапалы туындыларды жинап, кино әлемінде өзіндік орны бар отандық режиссерлердің фильмдерін көпшілікке ұсынамыз деп отыр.

Өткенде кейбір жазғыштар фестивальге жұмсалатын қаржыны тәртіштеп, ши шығарғысы келген. Соған орай мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев алдыңғы фестивальге 900 миллион теңге жұмсалғанын, биыл министрлік ол шығынды екі есе қысқартқанын айтқан еді. «Сондай-ақ фестиваль тұрақты түрде өткізілмесе, халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы аккредитациядан алып тастайды. Елімізде түйткіл көп, онымен келісемін. Дегенмен бұл көп пайда әкелетін ірі мәдени іс-шара екенін атап өткім келеді», – деді ол.

Кинофестивальдің ашылу салтанатында мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев сөз сөйлеп, мәдени шараға қатысушылар мен көрермен қауымды құттықтады. «Еуразия» кинофестивалінің президенті – белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Әмірқұлов былай деді: «Пандемия кезінде көптеген мәдени шаралар тоқтады, фестивальдер, концерттер өткізілген жоқ, кинотеатрлар жабылды. Бүгін жағдай өзгерді, араға екі жыл салып «Еуразия» кинофестивалін қайта жандандырдық. 1998 жылы Алматыда негізі қаланған фестивальмен, міне, қайта қауыштық».

Фестиваль мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген Сәбит Құрманбековтің «Боран» фильмінің әлемдік премьерасымен ашылды. Картина халықаралық байқауға қатысады, онда одан бөлек, 14 фильм бәсекеге түседі. Олардың ішінде Франция, Чехия, Түркия, Украина, Грузия, Ресей, Иран, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай картиналары және киноорталықтың көмегімен түсірілген тағы бір отандық туынды – «Ағайындылар» фильмі бар. Жас режиссер Дархан Төлегеновтың фильмі жақында Германиядағы Oldenburg International Film Festival беделді кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығын алған болатын. «Еуразияда» халықаралық деңгейден бөлек, конкурстық бағдарлама – ұлттық байқау болады. Оған соңғы екі жылда түсірілген 15 үздік отандық фильм кірді. Ұлттық байқауда Токио кинофестивалінде режиссура үшін сыйлық алған Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» картинасы, Берлинале-2022 Generation секциясында бас жүлде жеңген Фархат Шәріповтің «Схема» атты киносы және көптеген халықаралық кинофестивальдерде көзге түскен Айжан Қасымбектің «От» фильмі ұсынылған. Сондай-ақ мұнда киноорталықтың ең табысты туындысы Айдын Сахаманның «Дос-Мұқасан», биыл Қазақстаннан «Оскар» сыйлығына ұсынылған Эмир Байғазиннің «Өмір», Алдияр Байрақымовтың «Паралимпиадашы» және Азиз Заировтың «Мама, мен тірімін» картиналары көрсетіледі. Сонымен қатар, бұл байқауда Серік Апырымовтың «Ауыл» фильмінің әлемдік премьерасы күтілуде. Конкурстан тыс «Ерекше оқиға» бағдарламасының көрсетілімдері жоспарланған. Онда әр түрлі дәуірлер мен жанрлардағы әлемдік кино қайраткерлерінің, соның ішінде мерейтойлық фильмдердің ретроспективалары ұсынылады. Ал қазіргі заманғы қазақстандық қысқаметражды киноға арналған «Жаңа есімдерді ашу» бағдарламасы бойынша 2020-2022 жылдары түсірілген жас режиссерлердің үздік 15 фильмінің көрерменге ұсынылады. Бұл бағдарламада киноорталықтың тағы бір жұмысы бар. Ол – Аруан Анартаевтың «Ыстық көл» қысқаметражды картинасы.

Фестивальдің бағдарламалық директоры, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнара Әбікеева: «Еуразияны» қайта жандандыра алатынымыз үшін өте қуаныштымын. Екі жыл бойы кинофестивальдің өткізілмеуі – өткір мәселе. Егер биыл ол тағы өткізілмесе, әлем бізді мүлде ұмытар еді. «Жылдар бойы жиналған бедел бір сәтте құриды» деген сөз бар. Оның фестивальге де қатысты бар десек, артық айтқанымыз емес. Қазір киноөнім аз, бұл да «Еуразияның» бірнеше жыл бойы өткізілмеуінің салдары. Аймақтың жетекші фестивалі деген мәртебені сақтап қалу керек, әлем үшін қызықты болу керек, отандық кино жайында мейлінше көбірек айтылуы керек. Біздің кинофестивальдің мақсаты мен міндеті де осы. Фестиваль құрылған сәттен «Еуразия» дәстүрінде өскен қазақстандық кинематографистердің тұтас буыны қалыптасты. Бүгінде қазақстандық кинематография жоғарғы деңгейге жетті, сол үшін де оған жеке-дара ұлттық байқау белгіленді. Онда халықаралық кинофестивальдерге қатысып, жеңіске жеткен фильмдер және кең аудитория арасында табысқа кенелген картиналар да бәсекеге түседі», – деп атап өтті.

Фестивальдің басқа іс-шараларынан өндіріс сатысында тұрған отандық туындыларды ұсынатын Work-In-Progress бағдарламасын бөліп көрсетуге болады. Бұл, әсіресе, продюсерлер мен кинофестиваль таңдаушылары үшін қызықты болады. Сонымен бірге, киноиндустрия шеберлерімен шеберлік сыныптары мен тренингтер өтеді. Қазылар алқасының мүшелерімен, фестивальдің шетелдік және қазақстандық қатысушыларымен дөңгелек үстелдер мен баспасөз конференцияларын да өткізу жоспарланған.

Айта кетейік, кинофестиваль 18 желтоқсанға дейін жалғасады. Алматы тұрғындары мен қонақтары Forum ойын-сауық орталығындағы кинотеатрларда кинофорум аясындағы фильмдерді тегін көре алады.

Мақпал Ноғайбаева

30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды