
Ақмола облысында ауылдасының 1491 орама шөбін өртеп жіберген 32 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды «Көкше-контент» ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, қарашаның 3-де таңғы сағат 05:09-да Қорғалжын аудандық ПБ кезекші бөліміне жергілікті ауылдардың біріндегі шаруа қожалығының басшысы жүгініп, белгісіз біреулердің қысқа мал азығы ретінде жинаған шөбін өртеп жібергенін айтты.
«Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы 3 қарашаға қараған түні белгісіз біреулердің кәсіпкердің 1491 орама шөбін өртеп жібергенін анықтады. Келтірілген шығын көлемі 10 миллион 500 мың теңгені құрады», — деді ведомстводан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 32 жастағы күдіктіні анықтады. Ол — Қорғалжын ауданының жергілікті тұрғыны.
«Қазіргі уақытта осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 202-ші бабының 2-бөлігі «бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, — деді ведомстводан.