jasqazaq.kz

Қоныс тойына бастайтын қадам

03 желтоқсан 2021, 11:50

Сейсенбі күні Шымкент тұрғындары қаладағы Көрме орталығына жетуге асықты. Асығатындай-ақ жөні бар. Мұнда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының негізгі операторы – «Отбасы банкінің» салымшылары үшін Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өткізілді. Салымшылар онда баспана таңдап қана қоймай, құрылыс компаниялары тарапынан берілетін 3 миллион теңгеге дейінгі бонусқа ие бола алды. Ал Шымкент қаласының әкімдігі биыл баспанаға мұқтаж әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды демеу үшін берілетін тұрғын үй сертификаттарына
500 миллион теңге бөлді. Содан болар, ұтымды да оңтайлы мүмкіндікке қол жеткізгісі келгендер жәрмеңкеге көптеп жиналды.

Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкентте тұрғын үй құрылысы қарқын алып, зәулім ғимараттар бой көтеріп жатыр. Биылдың өзінде 114 үйді пайдалануға беру көзделген. Қала әкімдігі ұсынған деректерге жүгінсек, 2020 жылы 649,1 шаршы метр баспана салыныпты. Биылғы жылы бұл көрсеткішті 1 миллион шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік жағынан осал топтарға қайтарымсыз негізде 1 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіледі. Биылғы жаңа қоныс иелерінің 259-ы аталмыш сертификатты алып, баспаналы болып отыр.

Дәурен Саудабаев, «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры:

«Бүгін біз клиенттеріміздің уақытын үнемдеп, оларға үй сатып алудың оңтайлы жолдарын ұсыну үшін жылжымайтын мүлік жәрмеңкесін өткізіп жатырмыз. Келушілердің дені бүгін болашақ пәтерлерін таңдап кететініне сенімдімін. Ал баспана мәселесін әлі шешпеген салымшыларға бастапқы жарнаны тез арада жинауға көмектесеміз. Расымен де, банктің 2 пайыздық жылдық сыйақысынан бөлек, мемлекет клиенттеріміздің салымдарына 20 пайыз көлемінде сыйақы аударып отырады. Егер жыл соңына дейін клиенттеріміз депозитін 200 АЕК немесе 583 400 теңгеге толықтырса, келесі жылы оларға 116 мың 680 теңге мемлекеттік сыйақы төленеді. Болашақ баспанасын жоспарлап, депозит ашқысы келгендер жеке куәлігі мен ресми түрде расталған айлық табысын көрсетсе болғаны. Шамамен 1,5-2 аптада құрылыс компаниясынан пәтер сатып алуға көмектесеміз». 

Тұрғын үй алғысы келетіндердің көбі шарттары кез келген адамға тиімді әрі ыңғайлы, құжат рәсімдеу процесі оңай «Отбасы банкін» таңдайтыны белгілі. Міне, жылжымайтын мүлік жәрмеңкесінде осы банктің кеңесшілері мен жергілікті әкімдіктің өкілдері халықты ақпараттандыру мақсатымен мемлекеттік бағдарламалардың оңтайлы жолдарын түсіндірді. Ал құрылыс компаниялары өз ұсыныстарын ортаға салды.

Жәрмеңкеге келушілер тұрғын үйлерді салыстыра отырып, өз таңдауын жасады. Содан кейін «Отбасы банкінің» кеңесшілеріне өзінің несие төлемдерін есептетіп алды. Осылайша, аз уақыттың ішінде алдын ала мақұлдау құжаттарына қол жеткізді. Ал құрылыс жүргізуші компаниялар өз тарапынан сатып алушының болашақ пәтеріне 3 миллион теңгеге дейін жеңілдік беруге әзір екенін мәлімдеді.

«Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, банк клиенттері дайын пәтерді де, салынып жатқан ғимараттағы баспананы да сатып ала алады. Несие мөлшерлемесі 5%-дан 8,5%-ға (ЖТСМ 9%-дан бастап) дейін болады. Айта кеткен жөн, жәрмеңкеге 40 тұрғын үй кешеніндегі 1000-нан астам пәтер ұсынып отырған 10-нан астам құрылыс компаниясы қатысты.

Шымкенттегі жылжымайтын мүлік жәрмеңкесінде қаладағы 140 000 тұрғынның баспана алу үшін «Отбасы банкінде» қаражат жинап жатқанын білдік. Биылғы жылдың өзінде 35 125 адам жаңа депозит ашыпты. Жыл басынан бері 3 527 қала тұрғыны қоныс тойын тойлаған.
Жәрмеңкеде қала тұрғыны Жәмила Сартаеваны кездестірдік. Ол немересіне үй қарастыруға келіпті. Құрылыс компанияларының ұсынысымен танысып, әрқайсысының бағасы мен ерекшелігін қойын дәптеріне түртіп алғанын айтады. Ол өзіне бағасы қолжетімді үйді де тауып қойыпты. Енді жақын арада «Отбасы банкіне» барып, депозит ашып, салым салып отырғысы келеді. Жәмила апай сияқты баспана қамымен жүргендердің қарасы қалың. Бұлардың арасында «Отбасы банкі» арқылы мемлекеттік бағдарламалар бойынша баспанаға қол жеткізген салымшылар да, банкте депозит ашып, қаржысын жинап жатқандар да бар. Біз солардың бірнешеуін әңгімеге тарттық.

Ғабит Иманқұлов, қала тұрғыны:

«Отбасы банкінде» жинақ ашып, 3 жыл бойы үзбей қаржы салып отырдым. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жоғары балл алып, байқаудан тез өттім. Соның арқасында баспанаға жылдам қол жеткіздім. 18-ші шағынауданнан 3 бөлмелі пәтер алдым. Пәтер бағасының 20 пайызын, яғни 2 миллион 700 мың теңгені алғашқы жарна ретінде құйдым. 11 жыл бойы айына 82 мың теңгеден құйып отырамын. Айлық табысым – 204 мың теңге. 3 балам бар. «Отбасы банкінде» есепшот ашып, кеңесшілерден кеңес алып, қаржыңды жинасаң, үй алу оңай».

 Майра Тұрғанбаева, көпбалалы ана:

«Бақытты отбасы» бағдарламасымен көпбалалы отбасы ретінде кезекке тұрып,
2 пайызбен 15 жылға 17-ші шағынауданнан
3 бөлмелі пәтер алғаныма екі жылға жуықтады. Айына 80 мың теңге құйып отырмыз. «Отбасы банкі» кеңесшісінің кеңес беруімен бірінші 10 пайызын, яғни 1,5 миллион теңге құйып, 3 бөлмелі пәтер алдық. Ай сайынғы табысымыз –
300 мың теңге. Құдайға шүкір, қазір басымызда баспанамыз бар. 6 баламызбен бақытты күн кешудеміз. Мемлекеттік бағдарламамен үй алудан қорқудың қажеті жоқ. Барлық мүмкіндіктер жасалған».

Раушан Құдайбергенова, салымшы:

«Отбасы банкінде» депозит ашқанмын. Оған ақша құйып жатқаныма 3 жылдай болып қалды. Енді үй алуым керек. Тұрақты табыс мәселесі бойынша кеңес алғым келеді. Сол үшін бүгінгі жәрмеңкеге келдім».

Жәрмеңкеге келушілерге түсіндіру, кеңес беру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқан кезде мемлекеттік «Шаңырақ» бағдарламасы аясында «Тұран» шағынауданында орналасқан кезекті 10 тұрғын үй (№35а, 36а, 39а, 40а, 41а, 42а,43а, 44а,45а, 55а), яғни 483 пәтер қолданысқа берілді. Салтанатты мерекелік шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов қатысып, инфрақұрылымдық коммуналдық қызметтері іске қосылған пәтерлердің иелеріне кілттерін табыстады.

Мәулен Айманбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы тұрғын үй құрылысын қолдаудың жаңа тетіктерін біріктірді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту және қолжетімді мүмкіндіктер жасау мақсатында тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берген ипотекалық несиелендірудің жаңа бағдарламаларын енгізуге бастамашы болғаны барлықтарыңызға белгілі. Бүгінгі таңда қалада бюджет есебінен 88 үйдің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде «Шаңырақ» бағдарламасына қатысушыларға 27 тұрғын үй бойынша азаматтарды қоныстандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда».

Айта кету керек, «Тұран» шағынауданында салынған үйлердің бір шаршы метрі 180 – 200 мың теңге көлемінде. Жалпы мемлекеттік бағдарламамен тұрғызылатын үйлердің бағасы өзгерген жоқ. Шымкентте де пәтердің шаршы метрі 180 – 200 мың теңгеден аспайды.

Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесінде қала тұрғындарына нарықта үш түрлі категориямен, яғни бизнес, комфорт және эконом-класс бойынша шаһарда салынып жатқан үйлерден қалауына қарай пәтер таңдап, 5 пайызбен несие алуға мүмкіндік жасалды. «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Сұлтановтың айтуынша, қазіргі таңда «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 257 адам өз баспанасына қол жеткізген.

Бұл бағдарламаның тиімділігі: алғашқы жарнасы – 10 пайыз, мерзімі – 20 жылға дейін. Айлық табысын растағандарға банк 6 ай уақыт береді. Сол 6 айдың ішінде бастапқы немесе екінші нарықтан қалаған үйлерін тауып, несие рәсімдей алады. «Отбасы банк» ұйымдастырған осы шарада тұрғындар өз таңдауымен болашақ баспанасына қол жеткізу үшін несие рәсімдеуге мүмкіндік алды. Кезекке тұрғандар «Отбасы банк» арқылы «Нұрлы жер», «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламаларына қатыса алады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Суреттерді түсірген Серік Қосаев,
Шымкент қаласы

17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия
13 қараша, 15:06
Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр