Ақтауда Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы, ішкі істер министрлігінің генерал-майоры Мақсұтхан Әбіләзимов пен кәсіпкер Бахаридин Әбіләзимовтың анасы Бибіжамал Әбіләзімова қайтыс болған еді.
Жаназаға жиналғандар карантин тәртібін бұзбаған. Тіпті, қаралы жиынға аралық сақтап, маска тағып қатысқан. Оның барлық видеосы әлеуметтік желіде таралып жүр. Бірақ жаназадан кейін, марқұмның жақындарына жергілікті полиция департаменті айыппұл салыпты.
Оған көнбеген ақтаулықтар полиция департаментінің басшысы мен бас санитардың қызметінен кетуін талап етуде.
Себебі, карантин талаптарын сақтаған. Бұл – бір. Екіншіден, жиналғандар марқұмға бөтен адамдар емес. Яғни Бибіжамал Әбіләзімованың балалары. Әрине, бір адамның жүзден артық баласы болмайтыны анық.
Марқұм көзі тірісінде жетімдер үйін ашып, қаншама панасыз сәби мен қорғансыз балаларға анасындай қамқорлық жасаған әзиз жан болыпты. Анасы өмірден озғанда балаларының топырақ салуға келуі, марқұмды ақтық сапарға шығарып салуы заңдылық.
Ал осыны түсінбей, «шаш ал десе бас алған» жергілікті атқарушы мекемелердің ісі – қалай айтсаңыз да қисынсыз сияқты.
Мұндайда тәртіппен бірге кісілік көрсетіп, адамгершілік қасиет таныту да абзал. Өйткені, кез келген заң талаптарының негізгі мақсаты кісілік, адамгершілік қасиет емес пе?
Онда Ақтаудағы аналарының жаназасына жиналған балаларының әрекетін қалайша заңға томпақ деуге болады? Осындайда, кейбір әділетсіздіктерге көз жұма қарайтын «закон күші» барлардың үкіміне таңдана қарайды екенсің?!