
Еліміздің жетекші жоғарғы оқу орны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Дүниежүзілік мәдени әртүрлілік күніне арналған «Жаңа Жібек Жолы – БҰҰ Моделі» халықаралық конференциясын өткізді. ҚазҰУ «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша ұлттық бастамалар» тақырыбындағы ауқымды іс-шараны БҰҰ Ақпараттық Бюросы мен ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
«Жаңа Жібек жолы – БҰҰ Моделі» ҚазҰУ-да 2013 жылдан бастап жыл сайын өткізілуде. Бұл түрлі елдердің дипломаттары ретінде БҰҰ жұмысын бейнелейтін студенттер мен жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық жоба. Биылғы жылы іс-шараға әлемнің әр бұрышынан 150-ден астам шетелдік студенттер мен мектеп оқушылары, сондай-ақ беделді сарапшылар, БҰҰ мен дипломатиялық ортаның өкілдері қатысты.

Жоба жастардың назарын қазіргі заманның жаһандық мәселелеріне аударуға, әлем туралы біртұтас көзқарас қалыптастыруға, сондай-ақ, талдау дағдылары мен зерттеу жұмысын және мәдениетаралық коммуникация мен диалог құру арқылы шиеленістерді еңсеру қабілетін дамытуға бағытталған.
ҚазҰУ Басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев форум қатысушыларына құттықтау сөзін жолдады. Ол өз сөзінде Қазақстанның 1992 жылдан бастап БҰҰ жүйесіне интеграциалануы еліміздің сыртқы саяси міндеттерін іске асыру жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтті. Бүгінгі таңда, еліміз адамзаттың Тұрақты даму ақсаттарының бір бөлігіне айналған маңызды халықаралық бастамаларды алға тарта отырып, әлемдік деңгейде лайықты орын алуда.
«Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабы ретінде БҰҰ қызметінің барлық салаларына белсенділік танытып, оның бейбіт бастамаларын дамытып ілгерілетуге өз үлесін қосуда. «Жаңа Жібек жолы – БҰҰ Моделі» – бұл жастардың тұрақты және баянды бейбітшілік құруға қосқан үлесі», – деп айтылды қарсы алу сөзінде.

Қазақстандағы БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек өз сөзінде «Жаңа Жібек Жолы – БҰҰ Моделі» халықаралық жастар коммуникациялық платформасын ілгерілетудегі ҚазҰУ рөлін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол студенттер ойын түрінде жаһандық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға, пікірсайыстар мен ұжымдық шешімдер әзірлеуде жақсы тәжірибе жинауға, тікелей қатысу арқылы БҰҰ жұмысын жобалауға тамаша мүмкіндік алатынын атап өтті. Ол ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Екі күн бойы әлемнің 20-дан астам елінің жас көшбасшылары мен спикерлері бітімгершіліктің өзекті мәселелері мен адамзаттың Тұрақты дамуының 17 мақсатын іске асыруды, жаһандық экономиканы қалпына келтіру шараларын және COVID-19 пандемиясы кезеңінде мұқтаж жандарға көмек көрсету, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және басқа көптеген мәселелерді талқылады.