
Түркістан облысында тастанды бала табылды. Туғанына небәрі екі-үш күн болған нәрестені анасы көшеде қалдырып кеткен. Қазығұрт ауданындағы ауылдың қақ ортасында қараусыз қалып, шырылдаған шарананы жергілікті жұрт таң сәріде тауып алыпты. Аптап ыстыққа қалдырмай, дереу перзентханаға жеткізген. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Анасының бауырынан емес, перзентхана төсегінен табылған тастанды сәбиге қазір дәрігерлер көңіл бөліп жатыр. Жедел жәрдеммен жеткізілген шарананың жағдайы орташа. Ал салмағы 3 келі 175 грамм. Дәрігерлер бірден қыз баланы шомылдырып, ит көйлегін кигізген. Уақытша «Айым» деп ат та қойыпты.
АЙБОЛҒАН МҮСІРӘЛИЕВА, Қазығұрт аудандық перзентханасының бөлім меңгерушісі:
– Жіппен байланған үйде туылғаны белгілі болып тұр. Ешқандай медициналық ізі жоқ. Кіндігі қарая бастаған. Сосын үш күн толық болған деп есептедік.
Шарананы Қазығұрт ауданына қарасты Қақпақ ауылының дәл орталығында сөмкеге салып тастап кеткен. Оны жергілікті тұрғын таңғы тоғыздар шамасында тауып алған.
ӘСИЯ ОМАРОВА, куәгер:
– Ашып көрдік, қорқып тұрмыз ұстауға. Жылады бір уақытта. Өзіне келіп жылады. Бірақ біз өліп қалды деп ойладық. Скорый шақырдық. Милицияға хабар бердік. Өзіміз алып қалайық десек, қорықтық енді, біреудің баласы.
Шаранасын көшеде қалдырған ананы қазір полиция іздеуге көшті. Іргелес жатқан ауылдардағы қыз-келіншектерді тәртіп сақшылары түгендеп жатыр.
САЛТАНАТ ҚАРАКӨЗОВА, облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі:
– «Қауіпті жерде қалдыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлерімен нәрестенің анасы іздестіріліп жатыр.
Қазір дәрігерлер нәрестені түгелдей тексеруден өткізуде. Құжаттары дайын болғанша, анасы айқындалмаса, арнайы орталыққа жіберілетін болады.
Қазығұрттағы қасірет кез-келген адамның қабырғасын қайыстыратын жағдай. Баланы далаға тастап кеткен ананың өз еркімен табылатынына үлкен күмәніміз бар. Ал табылған жағдайда оны қатаң жаза күтіп тұрғанын да айта кетейік.