
«Спорт – денсаулық кепілі» ұстанымын берік ұстанған «ҚазТрансОйл» компаниясы Алматыда халықаралық спартакиада ұйымдастырды. Сайыс спорттың 6 түрінен: мини-футбол, волейбол, эстафета, үстел теннисі, арқан тарту және кір көтеруден өтті. Додаға түсу үшін 16 командадан құрылған, 350 спортшы еліміздің әр облысынан жиналды.
Спартакиаданың ашылу салтанатында «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досанов, компания қызметкерлерінің спортпен шұғылдануына үнемі қолдау көрсетілетінін айтты. Ол өз сөзінде «Спортпен айналысқан адамның дені де сау болады. Ал біздің болашағымыз – дені сау ұрпақ. Сондықтан мәдени қала Алматыда алғаш рет кең ауқымда өтетін спартакиада қатысушыларына сәттілік тілеймін!» деген болатын. Мәдени қаланың төрінде үш күнге созылған тартысты доданың үздіктері анықталды. «ҚазТрансОйл» АҚ директорының орынбасары Орал Ыдырысовтың айтуынша, спорттық шара дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады. Биылғы спартакиаданың ерекшелігі – «ҚазТрансОйл» компаниясының еліміздегі барлық аймақтық басқармаларының қатысуы. Сонымен қатар Грузияның Батуми қаласындағы филиал да биылғы додада бағын сынады. Компания қызметкерлерінің спортпен шұғылдануға деген ынтасы ерекше. Басшылық тарапынан спортпен айналысуларына қолдау көрсетіледі екен.

Компания спортшыларын марапаттау барысында еліміздің әр аймағынан келіп, спорттық шараға қатысқан қызметкерлермен пікірлескен едік. Атырау мұнай құбыры басқармасы командасының мүшесі Данияр Оразқұлов «Спартакиада компания қызметкерлері үшін үлкен ынта береді. Өкінішке қарай, біздің команда жүлдегерлер қатарынан көрінбеді. Келесі жылы спорттық жарысқа үлкен дайындықпен келеміз» десе, Қарағанды мұнай құбыры басқармасы командасының мүшесі Нұржан Рақымержанұлы «Біз осы 4 күнге созылған спартакиадаға мини-футбол мен волейбол, сондай-ақ жеңіл атлетика мен кір көтеру спортына қатыстық. Командамыздың мүшелері үстел теннисі мен кір көтеруден үшінші орын иеленді. Биылғы жарыста командалық көрсеткіш бойынша екінші орыннан көріндік. Бұл біз үшін үлкен мәртебе», – деді.
Шымкент мұнай құбыры басқармасы командасының мүшесі Айдар Абдуллаев «Біздің команда спорттың барлық түрінен жарысқа қатысты. Қуантатыны, командамыз арқан тарту сайысынан бірінші орын иеленді. Барлық қатысушыларды жеңістерімен құттықтаймын», – деді.
Павлодар мұнай құбыры басқармасы командасының мүшесі Юля Дорофеева биылғы спартакиаданың нәтижелі болғанын айтты. Ол «Командамыз спорттық жарыста өте жақсы нәтиже көрсетті. Біздің компания спортқа жақын қызметкерлерін жинап, ауқымы кең шараны ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Компания өз қызметкерлерінің денсаулығы мықты болып, салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасап отыр. Мен осындай компанияда жұмыс істейтініме мақтанамын», – деді.
Жарыс нәтижесі бойынша спартакиаданың үздіктері анықталды. Командалық есеп бойынша бірінші орынды Павлодар мұнай құбыры командасы, екінші орынды Қарағанды, үшінші орынды Маңғыстау облысының командасы жеңіп алды. Жүлдегерлерге спартакиада кубогі мен диплом табыс етілді.
Спартакиаданы жыл сайын өткізу, ауқымды, кешенді, спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор серпін береді. Аталмыш компания жарыс үздіктерімен қатар, сайыста ерекше ойын үлгісін көрсеткен белсенді қатысушыларын да марапаттады. Жарысқа қатысқан әр командадан ұжымдық рух пен салауатты өмір салтын ұстануға деген ерекше ынта мен жігер байқалып тұрды. Жеңімпаздар жігерленіп, ал жүйріктер қатарынан көріне алмаған қатысушылар келесі жарысқа мықты дайындықпен келетіндерін айтып тарқасты.
Мақпал Ноғайбаева
Суреттерді түсірген
Ғалия Қалиева