
2020 жылдың бірінші тоқсанында «ҚазМұнайГаздың» таза пайдасы болжам бойынша 100 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда үш есе төмен болады. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында компанияның Басқарма төрағасының орынбасары – қаржы директоры Дәурен Қарабаев баяндады.
Бірінші тоқсанның алдын ала нәтижелері бойынша Ұлттық компанияда басқа да қаржы көрсеткіштерінің төмендеуі байқалады. Мысалы, компанияның ақша түсімінің көрсеткіші 21%-ға 1,7 трлн теңгеден 1,4 трлн теңгеге дейін азайды.
«Бұл ретте ҚМГ ақша қаражаты оң тұрғыда болып қалуда, яғни компанияның жағымды бос ақша ағыны 11 млрд теңгені құрады. Қалған ақша қаражатының көлемі 3,7 млрд долларға жуық. Бұл біздің өтімділік қорымыз», – деді Дәурен Қарабаев.
Спикердің айтуынша, бірінші тоқсанның нәтижелері мұнай бағасы құлдырауының теріс ықпалын әлі толық көрсетпейді.
«Жыл басынан бері Brent маркалы мұнайдың бағасы шамамен үш есеге төмендеп, соңғы 18-20 жылдағы ең төменгі көрсеткішке дейін жетті. 2020 жылдың бірінші тоқсанында мұнай бағасы бір баррельге 50 доллар тұрса, сәуірде бір баррельдің бағасы 18,5 доллар болды», – деп атап өтті Дәурен Қарабаев.
Коронавирус індетіне байланысты әлемде мұнайға сұраныстың азаюы, сондай-ақ ОПЕК+ келісімінің шарттары бойынша мұнай өндіру деңгейін қысқартудың салдары екінші тоқсанда бұдан да нашар болады деп күтіледі.
Дегенмен, Дәурен Қарабаевтың айтуынша, Ұлттық компания 2014 жылы мұнайға бағаның төмендеуі кезіндегі тәжірибені ескеріп, соңғы бірнеше жыл бойы қаржылық тұрақтылықты нығайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізген. Қуат көздеріне
баға құлдыраған өткен кезеңдерге қарағанда, компанияның қазіргі жағдайы ұтымдырақ деуге болады.
ҚМГ компаниялар тобындағы оңтайландыру жұмыстарын жалғастырып, шығындарын төмендеген кірістер деңгейімен сәйкестендіруде.