
«ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамында жұмыс істейтін жастардың «Күшіміз бірлікте» деп аталатын слеті Алматыда өтті.
Алқалы жиынға «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамының жас мамандары еліміздің барлық аймақтарынан келіп, тәжірибе алмасты. Слетті ұйымдастыруға Ұлттық компанияның жастар кеңесі бастамашы болды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамы жастар кеңесінің мүшелері Алатау етегінде болған үш күнде аз жұмыс істеген жоқ. Жас мамандар алға қойған міндеттерін толық орындап, ойдағыдай тынығуды да ұмытпады. Осылайша 100-ден астам жас маман жұмыстарының өткен және биылғы жарты жылдықтағы қорытындыларын шығарды. Қол жеткен жетістіктерімен бөлісіп, алдағы жоспарлары төңірегінде де ой бөлісті.

Ұлттық компания басшылары осындай шаралар жас қызметкерлердің өсуі мен кемелденуі үшін аса қажеттігін айтады. Олар слет аясында компания ішіндегі жастар кеңестерінің тәжірибесімен бөлісіп, табысқа жету жолдарын саралап, келесі жылға арналған даму жоспарларын талқылады. Әсіресе, жауырда жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ерекше атап көрсетілген жастардың дамуы мен тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қорғалған тобына көмек көрсетуге бағытталған тапсырмалары мен міндеттеріне ерекше назар аударды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамының жастар кеңесі – корпорация жұмысының ажырамас бөлігі. Бастамашыл жас қызметкерлер негізгі күш болып табылады. Сондықтан Ұлттық компанияның басшылары жас мамандардың түрлі идеялары мен жоспарларын ұдайы қолдап келеді.

Жастар слетінің аясында оңтүстіктегі астана қонақтары Алматы әкімшілігі ұйымдастырған веломарафонға да атсалысты. Велосипедке отырған 100-ден астам жас 7,5 шақырым жолды еркін жүріп өтті. Қатысушылардың айтуынша, жарыс жолы оңай болмаған. Аймақтардан келген қонақтар еңісі мен төбесі көп жолдарға үйренбеген. Соған қарамастан марафон оларға ерекше қуаныш сыйлады.
«Мен жастар кеңесінің бесенді мүшесімін. Осындай слет жылда ұйымдастырылады. Биылғы басқосу орны ретінде Алматыны таңдадық.
Веломарафон және маршрут айтарлықтай қиындық туындатқан жоқ. Бұрындары спорттың түр-түрімен айналыстық. Қазір уақыт жаттығу залына баруға ғана жетеді. Осы жерде барлық мүмкіндіктерді жасап жатқан басшыларымызға алғыс айтамыз», – дейді Павлодар мұнай химия зауытының қызметкері Әйгерім Баршубаева.
Жас мамандардың сөзіне қарғанда, қызметкерлер арасында спорттық жарыстар тұрақты ұйымдастырылады. Веложарыстан соң қонақтар тауда серуендеп, түрлі ойындарға қатысып, жақсы тынықты.

Жастар Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекпен де кездесті. Ол жастарға өз өмірі және табысқа жету жолдары төңірегінде әңгімелеп берді.
«Әкім – өте ерекше адам. 44 жасында мегаполисті үш жылдан бері басқарып келеді. «Болашақ» стипендиясымен алғаш рет оқыған жастардың бірі. Бұл жастар үшін өнеге. Меніңше, бұл кісі жаңашыл көзқарасқа ие», – дейді «Ембімұнайгаз» қызметкері Серік Шығанов.
Қазіргі уақытта акционерлік қоғамының жастар кеңесінің саны 42-ге жетті. Оның құрамында 17,5 мың қыз-жігіт бар. Олар өздеріне жүктелген жауапкершілікті жақсы сезінеді. Мәселен биыл жастар кеңесі Маңғыстау мен Атырау облысындағы 31 тарихи және жәдігерлік мәдени нысандарды қамқорлыққа алған. Осыған байланысты арнаулы аумақтарда тазалық, көгалдандыру және құрылыстарды жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Жастар әлеуметтік жағынан аз қорғалған тұрғындарға көмектесу мақсатында акциялар, балалар мен көпбалалы отбасыларына көмек ұйымдастырып тұрады. Атырау облысындағы ардагерлер үйінің құрылысы мен Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны салдарынан зардап шегушілерге де көмек көрсетілді. Жыл басынан бері жастар кеңестері 25 миллион теңгені қайырымдылық шараларына жұмсады.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына қарасты мекемелерде қызмет істейтін жастардың үш күнге созылған слеті табысты өтті. Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, 2019 жыл – Жастар жылы ретінде атап өтілмекші. Осымен байланысты жастардың алға қойып отырған жоспарлары көп.
Жолдасбек ДУАНАБАЙ