
2019 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары шеңберінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) және Linde Aktiengesellschaft (Linde AG) неміс трансұлттық химиялық компаниясы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға ҚМГ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және Linde AG Басқарма мүшесі, доктор Кристиан Брух қол қойды. Құжатқа сәйкес тараптар Қазақстан Республикасының аумағында табиғи және ілеспе мұнай газын кәдеге жарату мен өңдеу саласында, соның ішінде кадр дайындау, технология және тәжірибе алмасуда ынтымақтастық орнатуға уағдаласты. «Бүгін қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум газ өңдеу бағытына жаңа серпін беріп, алдағы серіктестігіміз Қазақстан экономикасы мен мұнай-газ секторына инвестициялар, технологиялар әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді деген сенімдемін» – деді өз сөзінде Алик Айдарбаев. Айта кету керек, 2019 жылдың қазан айында ҚМГ және Linde AG мамандары Қазақстанның Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру аясында бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін талқылаған болатын.