Қазақтың рыцары

19 наурыз 2020, 12:23

Тарихты кейде тұтас бір дәуір немесе бір қауым жасай алмайды. Тарихты жалғыз адам да жасайды. Мәселен, қазақ тарихы дегенде, арысы Керей мен Жәнібек құрған қазақ хандығы, берісі кешегі Кенесарыға дейінгі бірнеше ғасырлық кезеңді, яғни сол дәуірдің тарихын жекелеген хандар мен батырлар жасады. Халық жүрегінде сол ұлы есімдермен, ұлы оқиғалармен қалды. Бодандық қамытты киюден бас тартып, сол жолда шейіт болған жүздеген батырларымыздың жан алысып жан беріскен ұшы қиыры жоқ ұлы даланың бәрін айтпағанда, бір ғана Жетісу жеріндегі шайқастардың саны қаншама? Сол шайқаста асқан ерлік көрсетіп, соңғы демі қалғанша ел азаттығы үшін күрескен батырлардың арғы атасы, Қазақ хандығының іргесінің бекуіне күш салған батырлардың бірі – біздің мақаламыздың арқауы болатын Ер Әжібай Найманбайұлы.

Қазақ жерінің түгін тартсаң майы шығар, шыбық қадасаң, аз жылда зәулім бәйтерекке айналар құнарлы қара топырақты Жетісу өңірі өте ерте кезден-ақ адам баласының құтты қонысына айналған. Ер Әжібай қазақ халқының негізін құрауда өзіндік елеулі орындары бар ірі үйсін, дулат, сақ, т.б. тайпалардың ұрпағы. Ол туылғанда азан шақырылып қойылған аты Әжібай болғанымен, өзінің ел-жұртына сіңірген батырлық, ерлік істерінің нәтижесінде бұқара оны Ер Әжібай – деп атаған. Әрине, ол туралы халық жадында сақталған сананы жаңғыртатын тарихи деректерге сүйене отырып, көп дүние айтуға болады. Әжібайдың ел арасында «Алатау батыр» деген ерлігіне байланысты берілген батырлық аты бар.
Алғашқы ресми дерек ретінде Шоқан Уәлиханов Ұлы жүз туралы мақаласында: «Бұл жерді мекендеген Ұлы жүздің тұқым-тұқияны Шыңғыс ханның заманында да, қалмақ шапқыншылығында да туған жерінен ешқайда кетпегендіктен, жылжымағандықтан, қазақ халқының қалыптасуының негізі болды»,– дей келе, Әжібай батырдың баласы Бердіқожаның, немересі Қожамқұлдың, шөбересі Атамқұлдың би болғаны туралы жазбаны айтуға болады.
Шындығында, тарихи фактілер тек мұрағаттарда сақталады деген жаңсақ түсінік. Тарихи фактілер ел арасында, халық санасында тарыдай шашылып жүр. Тарихшының міндеті – елдің жадындағы фактілерді де ғылыми айналымға қосу. Осы тұрғыдан алғанда, кейінгі кездері белгілі тарихшы академик Мәмбет Қойгелдінің бастауымен құрылған «Айтылған тарих» орталығы еліміздегі тарихтың объективті жазылуына өз үлесін қосары сөзсіз. Өткен ғасырдың 60 жылдарынан бастап Еуропа, Америка, Азияның тарихнамасында «Айтылған тарих» деген үлкен бір арна бастау алды. Осы елдердің барлық мұрағатында «Айтылған тарих» қоры бар. Сонымен қатар қазақ болмысының келесі бір басты ерекшелігі – оның жаппай тарихшылдығын ескеруіміз керек.
Тарихтың ақтаңдақ беттерін азайту үшін, жалпы, қазақ тарихының негізінен алғанда, ру-тайпалар тарихы, яғни шежіре екенін дәлелдеуді қажет етпейтін «аксиома» деп қарау керек. Шежіренің негізгі мақсаты – тарихи білім жүйесінде сақталатын дәстүрлі мәдени құндылықтар мен дәстүрлі қоғамның рухани-әлеуметтік, идеологиялық-саяси сабақтастығын қамтамасыз ету. Оны белгілі тарихшы Талас Омарбековтың сөзімен айтқанда «Қазақ халқы 45 ру-тайпадан құралады. Қазіргі Қазақстан аумағы да осы ру-тайпалардың жайлаған жері. Сондықтан ру-тайпалардың шығу тарихы зерттелсе, қазақтың тарихы да зерттелген болады». Ендеше, осы мәселеге нақтырақ тоқталайық.
Әбзейіт Мәлікеұлының «Ер Әжібай» деп аталатын жыры «Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорынан» алынған тарихи құжат. Қазақ тарихында Өтеген батыр өмірі ертеректе кеңес кезеңіндегі ғалымдар Әбілқасым Ділебаев пен Е.Ысмайловтардың назарына ілігіп, 1946 жылғы Алматыда жарық көрген «Ақындар» атты еңбекте айтылады. Алғашқылардың бірі болып тарихшы Ә.Ділебаев Өтеген батыр туралы тарихи деректер жинағанда «Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорының» 833-бумасынан «Өтегеннің қалыңсыз қыз беруі» туралы аңызды жариялағанда, осы Әжібай батыр туралы, осы жырдағы жайттарға тоқталады. Кейінірек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл жыр дастанды 1994 жылы Айзада Сейітқызы «Өтеген батыр» атты жинаққа енгізген.
Әбзейіт Мәлікеұлы тікелей Өтеген батырдың ұрпағы бола отырып, «Ер Әжібайдың» тұлғалық портретін жасауда шынайы объективтілік танытып, Әжібай батырдың қадір-қасиеттеріне ерекше көңіл бөледі және оқиғаны ерекше қызықты етіп баяндайды. Бұл жыр салт-дәстүрге орай, ел аузынан жиналған аңыз, әңгімелердің негізінде тарихи шындық тұрғысынан жазылған. Кейіпкерлер мен оқиғалар, жер-су аттары нақты көрсетілген. Бұл жыр тарихи дерек пен шежірелік мәнге ие, көптеген тарихи жырлардан шынайылығымен ерекшеленген ғылыми-танымдық шығарма.
Жырдың авторы Әбзейіт Мәлікеұлы (Абдолзейіт) 1898 жылы дүниеге келген. Туған жері Алматы облысы Іле ауданы Фрунзе ауылы. Ауыл молдасынан хат танып, Бұхара, Уфа, Қазан қалаларында діни оқуларда оқыған. Шығыс классиктерінің еңбектерімен сусындап, араб, парсы, шағатай тілдерін меңгерген. Діни білім беріп, ұстаздықпен айналысқан. Кеңес үкіметі тұсында Екінші дүниежүзілік соғысқа соғысқа қатысып, Вязьма түбінде ауыр жарақаттанып, ауылына келіп, өмірінің соңына шейін агроном, бригадир, пошта тасушы сияқты қызметтермен айналысқан. 1971 жылы өмірден өтті.
1997 жылы «Журналист» баспасынан белгілі меценат, медицина ғылымдарының докторы, профессор Кеңесбай Үшбаевтың қолдауымен, Қазақстан Республикасы ғылым министрлігі Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих Ғылымдарының докторы, профессор Кеңес Нұрпейісұлының алғы сөзімен, зерттеуші ғалым-филолог, филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлібек құрастырған «Ер Әжібай» атты жеке кітап жарық көруімен батырдың тұлғасын зерттеуге деген қызығушылықты қалың жұрт пен бірге қазақ тарихшы ғалымдарының назарын аудартып, күн тәртібіне шығара алды.
Тоқтар Әлібек қазақ тарихындағы жекелеген тұлғалар шығармашылығы мен оларға қатысты қолжазба мұраларының ғылыми басылымын дайындап, ел игілігіне жаратуға мол еңбек сіңіріп келеді. Оның ішінде ерекше айтып кетуге лайық «Ер Әжібай» жыр-дастаны. Ғалым жинақтардың ғылыми басылымын дайындауда мұрағаттарда сақталған түпнұсқаларды негіз етіп, өзге нұсқаларымен салыстырып, текстологиялық сараптаулардан өткізіп, ғылыми түсінік жазып, жинақтың толыққанды шығуына баса мән бергендігі ғылымға деген адалдық болса керек.

Еліне ұран болған

Ал, ендеше, Әжібай кім, қандай тұлға еді енді соған нақтырақ тоқталайық.
Әжібай Найманбайұлы шамамен 1699-1778 жылдар аралығында өмір сүрген батыр. Албан тайпасының қызылбөрік руынан шыққан (қызылбөрік – Есен – Еламан – Найманбай – Әжібай). Жетісудың Таутүрген мен Таушелек өңірлерінде (қазіргі Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы) өмір сүрді. Әжібай Өтеген, Хангелді, Райымбек, Тауасар, Есбол батырлармен тізе қосып, Жетісуды жаудан тазарту жолындағы шайқастарда ерлік көрсетті. Есімі қызылбөрік руының ұранына айналды. Ол туралы Әбзейіт Мәлікеұлының «Ер Әжібай» деп аталатын жыр-дастанда төмендегідей суреттеледі:
Бір ата Ұлы жүзден Албан елі,
Шығыпты бұл Албаннан талай сері,
Қалмақтың жау кезінде көп алысқан,
Өтіпті Әжібай деген ердің бірі.
Албаннан бұл Әжібай батыр шыққан,
Өзімен алысқанның бәрін жыққан.
Шабысып қалмақпенен өмір бойы,
Ақыры Алатаудан айдап шыққан.
Әжібай Найманбайдың баласы екен,
Көзінің ағы менен қарасы екен.
Ішінде төрт баланың түрі бөлек,
……………………………………………..
Тастемір, Қаңлыбай мен Әжібай, Алтай,
Төрт бала туғызыпты бұл Найманбай.
Ішінде төртеуінің өзгеше боп,
Туыпты жүректі боп бұл Әжібай.
Ел арасында бүгінгі таңда ол туралы осы мәселені нақтылай түсетін шежірелік деректер көптеп кездеседі. Сонымен қатар шындықты дәлелдей түсетін түр келбетін суреттейтін тұстарыда бар. Атап айтар болсақ,
Сөздері Әжібайдың еді кесек.
Құлағы жырым-жырым, түсі қара,
Денесі жаратылған өте кесек.
Бетінің тыртығы бар, найза сойған,
Маңдайын қылыш кесіп, шодырайған.

Әрине, жаугершілік замандағы нағыз ердің, батырдың өзіне тән түр келбет пен мінезі оны айқындап, айшықтай түседі.
Сол кезеңге тән ойрат-қалмақ қыздарға қазақ жігіттері үйленіп, қазақ-қалмақ құдандалы туыстық жолымен қатар өмір сүріп жатқан жерлер де болғанының бір дәлелі осы жыр-дастанда кездеседі. Ол туралы Мұхтар Мағауин: «Діні бөлек қалмақтың қанша қызы – ғазиз анамыз» емес пе еді? Тәуке ханның, Қабанбай батырдың анасы – қалмақ қызы. Шығай ханның анасы Абайқан-бегім де әсілінде, қалмақ аруы болатын. Абылайдың атақты батырларының бірі Малайсарының да шешесі – қалмақ қызы. Қазаққа Кенесарыдай батырды сыйлаған Қасым сұлтан қалмақ қызы Топыш ханымнан туды. Қазтуған жыраудың шешесі Бозтуған – қалмақ тайшысының қызы. Иә, солар іспеттес, «Ер Әжібай» жыр-дастанында албанның қыстық руының Ескене байының керемет ханшайымы, сұлу да кербез Тұмаршаға құдаласу барысы, сондай-ақ ай жүзді, өткір көзді, тілге шешен Дина есімді қалмақ қызына үйленуі, Тұмаршаның тоқалдыққа баруы, ондағы түрлі оқиғалар да өте қызықты және салт-дәстүрдегі, мәдени көріністер мен адамзат ақыл-парасаттылығын көрсететін тұстары жақсы берілген.
«Ауылына Найманбайдың келін келді,
Той қылып шақырыпты талай елді.
Алдынан Тұмаршаның Дина шығып,
Ізетпен иіліп кеп, сәлем берді» – деуі қазақ қоғамындағы бәйбіше мен тоқал арасындағы үлкен парасаттылықтың ертеден қалыптасуының кепілі ретінде қарастыруға болады.
Сонымен қатар оқиғаның бүгінгі таңдағы Кетпен тауының маңайын мекендегенімен сәкес келетінін дәлелдейді.
Жалпы, тарихтан белгілі 1643 жылы жоңғарлар 100 мың қолмен Іле өзенін жағалаған күйі Балқашты кешіп өтіп, Көкшеге дейін басып алды. Ташкент, Түркістан жау қолында қалды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» басталды. Есін жиған ел әр жерде қарсылық көрсете бастады. Алайда бәрі бірдей сәтті аяқталған жоқ. Жаратқан тәңіріне сиынған қазақ тұяқ серпіп өлудің қамын жасап, қайта көтерілді. Жеңістің рухын шақырып, атойлап жауға шапты. Шағын ұрыс ірі жеңістерге ұласа бастады. Жыр-дастанда, ел аузындағы аңыз-әпсаналарды растап қуаттай түсетін жағдайлармен қатар, батырдың аңғалдығы сияқты мәселе де оқиғада көрініс беріп суреттелген:
«Батыр – аңғал» деген сөз шынында рас,
Ұранын сонда Әжібай ұмытыпты.
Зона да күшке сенген батыр екен,
Демалып Қорғас бойы жатыр екен.
Ұранын айтатұғын ұмытқан соң,
Ақырып «Әжібай» деп барған екен.
Бұны төмендегі тұжырым дәлелдей түседі. «Қазақтар қалмақтарды Аяққалқанға түріп тастап, әскерін алып қайтып Шелекке келіп тоқтапты. Қол бастаған батырлардың қатарында Жалайыр Ескелді, Балпық, Дулат Шеруке, Өтеген, Сегізсарыдан Биеке батыр, Қаракерей Қабанбай батыр, Алжан Райымбек батырлар болады. Өткелдің аузында әскерін тоқтатып қойып, елдің алдын шегереді. Үлкендері Шеруке сол түні түс көреді. Таңда Шеруке: «Мен түнде түс көрдім, Райымбектің басында екі шамшырақ жанып тұр екен. Біздің болашағымызды сол болжасын», — дейді.
Райымбек: «Алланың көзіме көрсеткенін айтайын ба, әлде Алланың аузыма салғанын айтайын ба?» — депті. Шеруке: «Алланың аузыңа салғанын айт», — дейді. Райымбек: «Ата, бізге енді қалмақ шаппайды. Бірақ сіз дүниеден озғаннан кейін, тәніңіз көрден алынады»,– дейді. – Қабанбай аға, сіздің атыңызды «Қабан» қойды елің. Көріңіз, үш күннен кейін шулайды, тәніңізді ұрпағыңыз таппайды. Өтеген, сіз Ұлы жүздің басы қосылған ұлы тойда менің есімімді ұранға айналдырасыз. Сол тойдағы бәйгеге алты ат қосасыз. Алтауына алты бала мінгізесіз. Мінгендерге: «Айт-Бозымның баласына «Әлмерек» деп, Алжан, Сегізсарының баласына «Райымбек» деп, Қызылбөрік, Қоңырбөрік баласына «Әжібай» деп ұрандап шап!» — дейсіз. Содан алтауы сіздің айтуыңыз бойынша ұрандап шабады. Алтауы да бәйгеден келеді. Сол қуаныштан сіздің жүрегіңіз жарылып, бақи дүниеге аттанып кетесіз!» – депті.
Райымбек батырдың айтқаны келіп, осы дүбірлі тойда үш жүздің баласы жолды ұлы жүзге, ұлы жүз албанға, албан балалары алжанға берген екен. Сол күннен бастап Айт-Бозымның ұраны — «Әлмерек», Алжан, Сегізсарының ұраны — «Райымбек», қызылбөріктің ұраны «Әжібай» болыпты» – деп жазылған «Бабалар сөзі» атты 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандарында.
Ал достық туралы жыр-дастанда тәлімдік мәселенің орны ерекше. Ер Әжібайдың Өтеген батырмен достығы қалыңсыз, «шідер беру» арқылы, яғни тарту-таралғысыз, мыңжылдық құдалыққа айналады. Өтеген батыр қызы Мақтаны алғашында Жайнаққа, ол суға кетіп өлген соң, Жалбыға бермек болады, бірақ қызы Құдагелдіні таңдап соған тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып ұрпақ өсіреді. Ол туралы Әбзейіт Мәлікеұлы:
«Тұқымы осылардың Кегенде бар,
Барлығы қайтпайтұғын болды көкжал.
Төбелессе, пышақ сап өлтіретін,
Ішінде шатақтары әлі де бар» – деген өлең жолдары дастанның соңына қарай келтірілген.

Жомарт Сімтіков,
тарих ғылымдарының кандидаты,
саяси ғылымдардың докторы

(Жалғасы бар)

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр