
Jas qazaq: Елімізде жеңіл өнеркәсіп тоқтап тұр деуге болады. Алайда бір кездегі Жамбыл тері илеу фабрикасы, Қарғалы шұға комбинаты, Қостанай мен Семейдегі жүн өңдеу фабрикасын қайта қалпына келтірудің мүмкіндігі бар ма?
Бақытжан Мұсабаев: Еліміз қой шаруашылығының отаны еді. Бұл байлықтың игілігін әлемнің оннан астам елі де көрді. Жеңіл өнеркәсіптері бізден алған биязы жүнмен толық қуатында жұмыс істеді. Қазіргі жағдаймыз қалай?
Биылғы жылдың басындағы санақ бойынша еліміздегі қой саны – 16 миллионға тең болды. Өсім бар. Бірақ өте баяу. Бұрын биязы жүнді қой тұқымының үлесі 50-60% болса, қазір 20% деңгейінде. Бұрын 1 келі биязы жүн – 7, 1 келі қой еті 1,30-1,40 рубль еді. Қазір 1 келі биязы жүн бағасы 1000 теңгеге әзер жетеді. Қой етінің бағасы 1700 теңгенің айналасында. Осының барлығы өңдеу өнеркәсібінің жетілмегендігінен. Жүн өңдеу де, ет өңдеу де ұмытылды. Айталық, Қостанайда, Алматы облысының Қарғалы ауылында мыңдаған адамды тұрақты кәсіппен қамтыған, жүн өңдейтін кәсіпорындар жұмыс істеді. Дегенмен, оларға сапалы кәстөмге жарамайтын, 3-класты жүн жеткізілетін. Аталған шикізаттан негізінен пальтолық драп мата тоқылатын. Ал сапалы жүннің барлығы Балтық жағалауындағы елдерге, Ресейге жіберілетін. Ең әдемі кәстөмдер сол жақты тігілді.
Бүгінгі басты проблема – жүнді де, етті де, теріні де қайта өңдеу. Мал шаруашылығын өркендетуге қатысты қабылданған бағдарламалар бойынша ендігі жерде жүн шикізат түрінде шетелге сатылмауы тиіс. Оны жуып, тазалап барып қана сыртқы саудаға шығаруға болады. Ал өткен ғасырдың соңындағы көрсеткіштерге қайта қол жеткізу алдағы он жылда мүмкін емес. Ол үшін мемлекет тарапынан да, қой шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен оларды өңдеуші кәсіпорындар тарапынан да қыруар шаруа жасалып, тұтас жүйе қалыптасуы тиіс.
Jas qazaq: Қазір биязы жүн өндірісін дамытсақ, ол экономикаға несімен тиімді?
Бақытжан Мұсабаев: Қазір жүн өңдеу өндірісі жоқ. Тек шикізат өндіру бар. Жылына шамамен 2,0-2,5 мың тонна (табиғи салмақпен) биязы жүн алынады. Биязы жүнді қой тұқымдары өсірілетін негізгі аймақ – Алматы мен Жамбыл облыстарының үлесі осы көрсеткіштің 75-80%-ын құрайды. Ал сапалы жүннен иірілген жіпке қажеттілік өте жоғары. Ішкі, әсіресе сыртқы нарықта сұраныс зор. Бірақ соған сай жұмыс жоқ. Даму деңгейі төмен жеңіл өнеркәсіпті 9% ғана қамтып отырмыз. Әлі күнге импортқа тәуелдіміз. Ол экспорттан 10 есе артық. Эко¬но¬микалық тәуелділіктен арылу үшін еліміздің халқын кемінде 30% көлемінде өзіміз тауармен қамтамасыз етуіміз қажет. Егер биязы жүн өндірісін дамытар болсақ, қой шаруашылығы, жүн өндіру, ет өндіру, мал басын көбейту, ондаған мың адамды жұмыспен қамту мәселесі оң шешімін тапқан болар еді.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Алтынбек Нартбаев ағамыз бір оқиғаны үнемі айтып жүреді. 1996 жылы Гонконгтан кел¬ген іскер Павлодар облы¬сы¬ның Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытынан өндірілген 100 тоннадай биязы жүнді жудырып, сатып алған. Кейіннен сол кәсіпкер Шанхайда жүн фабрикасын ашқан. Өкініштісі, қазір өндірілген азын-аулақ жүн не өңделмейді, не толық сатылмайды. Бірді-екілі бұрынғы кәсіпорындар шақтап қана алып, өз қажетіне жаратады. Егер жеңіл өнеркәсібі дамыған елдердегі секілді, биязы жүннен иірілген жіптің килосы 14-15 долларға тең болса, бізде де осы сала аса пайдалы кәсіпке айналар еді. Әлемдік нарықта жүн сапасы артқан сайын баға да өседі. Мәселен, Ватикан, Жапония секілді елдердің дәулеттілері Австралия қой өсірушілеріне сапалы жүнге 10 жыл бұрын тапсырыс береді. Қымбаттығына да қарамайды. Осындай деңгейге көтерілсек, біздің де жұмысымыз дөңгелеп жүре берері даусыз.
Сұхбаттасқан Жолдасбек ДУАНАБАЙ