Қазақтың алғашқы адвокаты

30 желтоқсан 2019, 19:18

Биыл қазақтың біртуар ұлы, халқымыздың ең алғашқы адвокаты, Алаш қайраткері Райымжан Мәрсековтің туғанына 142 жыл толды. Осыған орай, Qazaqstan ұлттық телеарнасы түсірген «Беймәлім Алаш» атты деректі фильм де Мәрсековтің бет- бейнесін толық ашқан. Фильмде Райымжанның саяси қайраткерлігі, ұлт жанашыры ретіндегі еңбегі, заңгерлік қызметі толық баяндалыпты. Осының өзі Мәрсеков сияқты қазақтың қайраткер ұлдарын іздеп табуға жасалған нақты қадам екені анық. Бұған дейін Алаш арыстары туралы фильм түсіру түгілі, олардың атын атаудың өзі арман еді. Іздеушісі жоқ, сұраусыз, елеусіз жатқан бейбақтарды қалың қазаққа танытудың төте жолы – олар туралы фильм түсіру, еңбегін көрсету. Соңғы жылдары қазақ үшін отқа күйген ұлт зиялылары туралы көпсериялы немесе деректі фильмдер түсіріле бастады. Бұл ұлт тарихын түгендеуге, қазақтың арыстарын қайта тірілтуге бағытталған нақты жоба. Әрі-беріден соң ұлтты рухани жаңғыртатын дүние екені хақ. Өскелең ұрпақ қазақтың тәуелсіздігі жолында басын бәйгеге тіккен, ұлт тұтастығы үшін отқа түскен Райымжан Мәрсековті білмейді, танымайды. Тіпті кітаптан да оқымағаны даусыз. Сол үшін де «Беймәлім Алаш» сияқты деректі фильмдердің берері мол. Деректі картинада Райымжанның Алаш арыстарымен бірге бодандыққа қарсы күрескен ерлік істері, білімдарлығы жақсы ашылған. Одан бөлек, қазақтың құқын қорғап, білімі мен білігінің арқасында талай «қыл көпірден» аман алып өткені айтылады. Заңды білу, адам еркіндігі сияқты құқықтық мәселелер қазір де маңызды. Ал осыдан бір ғасыр бұрын бұл, тіпті өзекті болғаны анық. «Қараңғы қазақ даласынан» шығып, заң ғылымын оқу, оқығанын кәдеге жарату, өз халқының құқын қорғау – қылышынан қан тамған патша өкіметі кезінде де, кейінгі Кеңес үкіметі тұсында да оңай болмағаны рас. Империяның күшіне мініп, «бұратана» халықтарды қойдай қырып жатқан қызыл майдан қыл тұсау кезінде білімі мен білігі биік болмаса, қазақтың құқын қорғау анау-мынау адамның қолынан келмейтін даусыз ақиқат! Фильмде сөз сөйлеген тарихшы, зерттеушілер Райымжанның «Тар жол, тайғақ кешуден» жол тауып, өз ұлтына төнген қауіпке қасқайып қарсы тұрған батырлығы мен адвокаттығын әр қырынан жақсы талдаған. Мұндай фильм Алаш қайраткерлерінің бәріне жеке-жеке түсірілсе де артық етпейді. «Беймәлім Алаштың» ұлтқа да, ұрпаққа да берері мен айтары көп. Осы орайда біз Райымжан Мәрсековтің өмірі мен қызметі, қайраткерлігі туралы жазылған зерттеу мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Райымжан Мәрсеков 1877 жылы бұрынғы Семей облысы Өскемен уезінің Айыртау болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында) дәулетті отбасында дүниеге келген. Арғы атасы Сасықбай Терістаңбалы Найманның ішіндегі Семей, Өскемен өңіріне танымал шешен, ұшқыр ойлы, даналығымен белгілі болған адамдардың бірі. Сасықбайдың сүт кенжесі Мәрсек кезінде Өскемен өңіріне атағы шыққан, Айыртау болысының управителі болған ықпалды, беделді азамат болыпты. Мәрсек Райымжанды уездік орыс-қазақ мектебінде оқытып, сауатын аштырған соң, одан әрі оқуына жағдай жасайды. Омбы қаласының классикалық гимназиясына түсіп, оны 1897 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Сол жылы Ресей империясының астанасы Санкт- Петербургтегі Император университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Университетте оқып жүріп қоғамдық жұмысқа белсене кірісіп, өзі сияқты білім іздеп келген қазақ жастарымен қоян-қолтық араласады. Жақып Ақбаевпен бірге студенттік жерлестер ұйымын құрып, елде болып жатқан саяси, әлеуметтік жағдайды қадағалап, мәжілістерінде талқылайды. Жағдайы нашар қазақ студенттеріне қаражат жағынан көмектесу мәселесін де қолға алады. Райымжан оқыған жылдар империядағы саяси жағдайдың ушығып, қарсылық қозғалысына оқушы-студент қауымының да белсене араласа бастаған кезі болатын. Бұл әлеуметтік қозғалыстан Ресей империясында аз ұлт өкілінен шыққан оқушы жастар да тыс қалған жоқ. Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарының студенттері ақпан-наурыз айларында бірнеше рет қарсылық ереуілін ұйымдастырып, полицияның озбырлығына қарсы шыққандардың арасында Райымжан да болды. Ол қазақ жерінің талан таражға түсуін өз көзімен көрді. Міне, осы өзгеріс оның саяси қозғалысқа араласуына түрткі болады. Патша үкіметінің қазақ жеріне жүргізіп отырған қанаушылық, озбырлық әрекетіне қарсылығын қоғамдық қозғалысқа қатысу арқылы білдірді. Патша жандармериясы 1899 жылы студенттер толқуын күшпен жаныштағаннан кейін, ең белсенді әрекет жасаған студенттерді университеттен қуды. Райымжан да қара тізімге ілініп, оқудан шығарылып, сәуір айында Омбы қаласы арқылы Өскемен уезінің Айыртау болысына келеді. Біршама уақыттан кейін ізденіп жүріп, қайтадан университетке қабылданып, оны 1902 жылы тәмамдайды. Осы жылдың желтоқсанынан 1911 жылға дейін Орыс география қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей қаласындағы бөлімшесіне (подотдел) мүше болып қабылданып, белсене араласып, түрлі тақырыпта өтіп жатқан пікірталасқа қатысады. Қазақ өлкесіндегі басқару ісіне, облыстық сот пен старшынды сайлауға қатысты «Қырғыздар арасындағы алғашқы сайлау туралы» деген тақырыпта баяндама жасайды. Ол сайлау барысында қазақтардың бірнеше партияға бөлініп, ел басқару ісіне қатысты облыстық соттар мен старшындарды сайлауда оларды ақсақалдар сайлауы емес, тікелей қара халықтың сайлауын, яғни төте сайлау енгізу жөнінде ұсыныс жасайды. Райымжанның бұл ұсынысы қызу айтысқа түседі. Бұл пікір кейін жұртшылық арасына кеңінен тарап кетеді. Университеттен кейін Райымжан әуелі Семейдің округтік сотында алқаби көмекшісі лауазымында қызметке алынып, оны 1907 жылға дейін атқарады. Ал сол жылы Тобыл округтік сотында Тар уезінің тергеушісі болып тағайындалады. Бір жылдан кейін Омбы сот палатасының шақыруымен қалаға келіп, 1912 жылға дейін адвокатура саласында қызмет істейді. Бұдан кейін Семейге қоныс аударып, қызметке қызу араласып, өзін тез арада білгір заңгер-адвокат ретінде танытты. Сот ісіне түскен арыздың көпшілігі жер дауы, мал, жесір дауы еді. Арагідік кісі өлімі, патша шенеуніктеріне, жер өлшеушілерге қарсылық, орыс пен қазақ арасындағы кикілжіңге қатысты да іс қаралып тұрды. Ол қызметте қазақ жұртына қатысты істерді мұқият қарап, қазылардың әділ үкім шығаруына атсалысады. Жазықсыз істі болғандарға ара түсіп, заң жолын білмей дал болған қазақтарға жөн сілтеп, жәрдемші болады. Қолы әділдікке жетпей жүрген көптеген қандастары оның тікелей араласуымен жалған жаладан құтылып, бостандыққа шығып отырды. Сондықтан көбіне жазықсыз істі болғандар Райымжанның сот ісіне қатысып, өздеріне жәрдем беруін сұраған. Райымжан заңгер ретінде патша әкімдерінің қазақ жеріне жүргізіп отырған жарлықтарының қисынға келмейтінін мінеді. Ұлт зиялыларымен бірлесе шешімін таппаған жер, тіл, дін секілді мәселелерді көтереді. «Айқаптың» редакторы Мұхамеджан Сералин съезд шақыру арқылы бас қосып, ақылдасу туралы халыққа үн тастаған кезде оның ұсынысына орай ең алғаш ой-пікір білдірген Райымжан болды. Райымжан съезд ашу хақында мынадай талап-тілегін ұсынды:
«1. Бүкіл жұрт бас қосқандай бір съезд ашылсын;
2. Съездің ашылатын орны қазақ үшін ортақ Орынбор шаһары болсын;
3. Съездің ашылуы сүмбіленің басында болсын.
4. Съезде басқарыла тұғын жұмыста: жер мәселесі, дін туралы, халық сот, мекеме сұрау, думаға депутат сайлау правосын сұрау һәм басқа кеңестер». Дегенмен, съезд ашу мәселесіне сын көзбен қарағандар да табылды. Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы нақ сол кезде бас қосуға болмайтынын ашық айтып, бірнеше сыни дәлел келтірді. Съезд мәселесін патша үкіметі түсінбей, көш бастаушы зиялылардың соңынан түсуі мүмкін деген күдікте келтірді. Шындығында да, оның күдігі шындыққа айналды. Патша жандармериясы осы жылдары ұлт зиялыларының әр қадамын аңдып, қырағы бақылау орнатты. Райымжанның өмірі Алаш қозғалысымен тығыз байланысты.

Алаштың Әлихан Бөкейханов бастаған сенімді серіктерімен қоян-қолтық араласты. Солармен бірлесе ұлт мүддесіне кереғар пікірдегі отаршыл патша саясатына қарсы жарияланған мақалаларын үзбей оқып, пікірталасына белсене араласып, өз ойын да ортаға салып отырды. «Алаштың» белді бір мүшесі болып, оның міндеті мен мақсатын айқындауға белсене кірісті. Алаш партиясының мүшесі ретінде берілген Райымжанның депутаттығы туралы анықтамада: «Райымжан Мәрсеков присяжный поверенный. Қазір Семей облысының қазақ комитетінде ағза һәм облыстық соттың председателі. Біздің қазақ юристері арасында бұрыннан әлеумет ісіне кірісіп жүрген адвокат Райымжан» делінген. 1917 жылдың 15 маусымынан бастап алаштың Семейдегі бөлімі болған «Сарыарқа» газетін ұйымдастырып, алаш қайраткерлері Халел Ғаббасұлы, Имам Fлімбекұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Шынже Керейбаевтың редакторлығын кезектесіп атқарып, газет беттеріне Алаш қозғалысы туралы хабарын, Алашорда үкіметінің қаулы-қарарын, құжатын жариялайды. Осы «Сарыарқа» газетінде Райымжанның «Көпшілдер кесірі – шет мемлекеттердегі қозғалыс», «Заң жобасын даярлайтын комиссия», «Керектің керегі –ғылым», «Оқшау сөз» сынды мақалалары жарық көрді. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Райымжан Алашорданың Семей облыстық комитетінің басшыларының бірі болып, көптеген кәделі қызмет атқарды. Ал Қазан төңкерісінен кейін 1917 жылы Семей облыстық қазақ комитетінің төрағалығына және облыстық атқару комитетінің мүшелігіне сайланып, қазақ жерінде жаңа тәртіпке жұртты түсіндіру, құрылтай жиналысына қамдану, қазақ пен орыс арасын жайластыру, билік құрған мемлекеттердің үстінен күзетші болу һәм сол сияқты қазаққа тиісті мәселелерге кірісу сияқты іс-шараларды қолға алды. Сонымен қатар Семей қаласында жаңадан құрылған облыстық уақытша қазақ сотының төрағасы қызметін қоса атқарады. Уақытша қазақ соты қазақ арасындағы қылмыстық істі, барша қазақ арасындағы дауды шешті.
1917 жылдың 27 сәуірі мен 7 мамыры аралығында өткен Семей облыстық съезіне басшылық жасап, автономия құру, комитет ашу, дін, жер, сот, әйел мәселелері, жалпы қазақ съезін шақыру сияқты мәселелерді қарастырды. Осы съезде құрылған облыстық қазақ комитетіне мүше болады.
1917 жылдың қазанында Семей қалалық думасының шешімімен Н.Вайсер мен Р.Мәрсеков Том қаласында өткен жалпысібірлік съезге Семей қалалық думасынан депутат болып қатысады. Бұл съезге ұлт зиялысы F.Бөкейханов та қатысқан болатын. Қазақ зиялылары сібірліктердің автономия құрмақ болған ниетіне қолдау көрсетуге әзір екендіктерін білдірген. Райымжан 1918 жылдың 17 қаңтарынан 1919 жылдың 23 маусымына дейін Семей облыстық жер басқармасының төрағасы қызметін атқарып, облыс төңірегінде көптеген маңызды істі шешуге басшылық жасап, ел қамын ойлаған дарынды басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде көзге түседі. Азамат соғысы жылдарында жер басқармасының өкілі ретінде Райымжан Мәрсеков жергілікті халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді де қолға алды. 1919 жылдың қаңтарында басқарманың және Алаштың қырғыз серіктестігінің өкілі ретінде шалғайдағы Владивосток қаласына сапар шегіп, онда орналасқан американдық «Андерсен, Майер және К˚» фирмасының бөлімшесімен келіссөз жүргізіп, екі жақ өзара шарттасып, Семей облыстық мекеменің атынан 15 миллион сомның тауарын жергілікті шикізатқа айырбастап әкеліп, бұқара халықты күнделікті тұтынатын ең қажетті деген тауармен қамтамасыз еткен. Райымжанның іскерлігін ерекше танытқан кәделі қызметінің бірі – 1916-1917 жылдардағы толассыз бүліншілік құрбанына айналып, қиыр қонып, шет жайлап кеткен қазақтардың тағдырына араша түсуі. Сонымен бірге жас Алашорда үкіметінің атынан Қытай өкіметінен көмек сұрай баруы еді. 1918 жылдың жазында Алашорда басшыларынан Ахмет Байтұрсынұлы, Садық Аманжолов, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков – 5 адамдық делегация Семей қаласынан Шәуешек қаласына барып, босқан ел мен жергілікті халықтың тұрмысымен танысып, хал-жайын біліп, жаңадан құрылған Алаш партиясы, Алашорда үкіметінің жаңалықтарымен хабардар етеді. Шәуешек қазақтары жас Алашорда өкіметіне Алаш партиясының іргесінің берік болып, қазақтың жарқын болашағы үшін табанды күрескер бола беруіне тілектестік білдіреді. Алаш делегациясын Шыңжан өлкесінің бастығы Ян Зын Шин мырза қабылдап, маңызды саяси сипатты әңгіме өткізеді. Қытай өкілі Алашорда үкіметінің достық қарым-қатынаста болуын, әрі көмек сұрай келуін құп көреді. Алайда өз ішінде Азамат соғысы болып жатқандықтан, көмек берудің еш мүмкіндігі жоқ екендігін айтып шығарып салады. Бұл сапардан қазақ делегациясы атамекеніне жабырқап оралады. Райымжан Мәрсеков Алашорда милициясын (әскерін) құруға белсене араласқан. Сонымен қатар 1918 жылы 11 маусым күнгі «Fскер полкін жасақтау» туралы шығарған жарлығына сәйкес, осы полкті жасақтау үшін сайланған 36 мүшенің арасында Райымжан да бар еді. Ол Алаш азаматтары М.Дулатов, Б.Сәрсенов, С.Дүйсембин, А.Қозбағаров, М.Боштаев, М.Тұрғанбаев, И.Fлімбековтермен бірлесе отырып, Алаш полкін жасақтауға атсалысады. Бұл ерікті әскер (милиция) отрядтары Оңтүстік майдандағы әскери қимылға қатысып, қызылдарға соққы берген. 1918 жылдың жазында Алашорда бастаған күштер және большевиктер мен кеңестің соңына ерген күштер өкімет үшін ашық күреске шықты. Осындай жағдайдан кейін еріксіз Кеңес өкіметін мойындауға мәжбүр болған Алашорда ақыры өз жұмысын тоқтатты. Оның көсемдері мен белсенді қайраткерлері Кеңес өкіметі мекемелеріне қызметке кірді. Р.Мәрсеков те кеңес қызметіне араласты. Райымжан туған халқының жарқын болашағы жолында қалам қайратымен де айтарлықтай қызмет етеді. Ең алғашқы мақаласын Петербург университетінде оқып жүргенде жазып, «Дала уалаяты газеті» бетінде жарық көреді. Газетке 1899-1900 жылдары оның «Сайлау һәм оның ақырғы залалы», «Қазақ билерінің тексерулері», «Бір ауылдан бір ауылға шықпақ турасынан» деген және де тағы басқадай мақалалары басылып, қазақ арасындағы сайлау барысындағы тартыс, ел басқару ісіндегі орын алып отырған олқылықтарға сын көзбен қарап, бұл саладағы жұмысты халық пайдасына орай жақсарту жөнінде өз ұсынысын көпшілік назарына ұсынады. Райымжан мақалаларының біразын «Р.М.», «РОМ», «Найман» деген сияқты бүркеніш есіммен жариялаған. Негізінде оның мақалалары тақырыптарының әр алуандығымен, ой-пікірлерінің нақтылығымен, тілінің шұрайлылығымен ерекшеленеді. Райымжан қай тақырыпта ой қозғап жазса да, мәселені терең біліп, терең зерттеп жазуға тырысқан. Өзінің ой- пікіріне заң ғылымы тұрғысынан тұжырым жасап отырған. Ол Патша үкіметінің қанаушылық билігіне, отарлау саясатына қарсы шығып, осыған қатысты ойын «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттері мен «Айқап» журналына жариялап, көпшілік талқысына салады. Жер мәселесіне қатысты «Қазақ қайтсе жерге ие болады?», «Жер мәселесі», «Ата қонысынан айырылған қазақ жайы» сияқты еңбектерінде қазақ даласының бөлшектеніп, жердің бәрінің мемлекет меншігіне алынып отырғанын айтып, өз жерін қазақ қалай сақтап қалу керектігіне жауап іздейді. Райымжан өзін көп салада білгірлігімен танылды. Ол тарих, заң, саясат, әдебиет салалары бойынша терең мағлұмат беруге қабілетті жан еді. Райымжанды сыртқы саясат та қызықтырды. Дүниежүзінде болып жатқан жағдайларды үнемі қадағалап, Англия, Америка, Франция сияқты алдыңғы қатарлы елдердің қол астындағы отар қытай, үнді, филиппин сияқты елдердің өз тәуелсіздігі үшін жанталаса күрес жүргізіп жатқандығын қазақтың оқырман қауымына газет арқылы жеткізіп отырды. Райымжанның атқарған ісі мен жазған еңбектері оның өмірінің аса мәнді болғанын білдіреді. «Ұлтшыл», «буржуазияшыл» деген айыптар тағылған Райымжан 20-жылдардың бас кезінде бас сауғалап, Қытай еліне қашуға мәжбүр болды. 1922 жылдан кейінгі өмір жолы туралы деректер жоқ десек те болады. Сондықтан Райымжанның Қытайда өткен өмір кезеңін тереңірек зерттеу керек.

Светлана Смағұлова,

тарих ғылымдарының докторы


    


18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды