Бүгін «Қазақтелеком» АҚ мен Telia Company және Fintur Holdings BV компаниялары арасында «Кселл» компаниясының 75 пайыз акциясын сатып алу туралы келісімге қол қойылды. Яғни «Қазақтелеком» АҚ «Кселл»-дің Fintur Holdings BV компаниясының еншісіндегі 51 пайыз, ал Telia Company компаниясына тиесілі 24 пайыз акциясын сатып алды.

«Қазақтелеком» АҚ – 1994 жылы құрылған Қазақстан Республикасының ең ірі телекоммуникациялық операторы. Бүкіл ел көлеміндегі телефон байланысымен қатар, сандық телевизия мен инновациялық және сервистік қызмет түрлерін ұсынады. 16 data орталық, контакт орталықтарынан 250 сервистік пункті хабар таратады. Қазіргі уақытта компания киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, IoT, smart city, smart home технологияларын дамыту бағыты бойынша да белсенді жұмыс жүргізуде. Айта кету керек, компания акциялары Қазақстан Қор Биржасының (KASE) ресми тізіміне енгізілген.
Ал 1998 жылы құрылып, бүгінде мобильді байланыстың жетекші операторына айналған «Кселл» АҚ жеке және бизнес тұтынушыларына кең көлемдегі қызмет түрлерін ұсынып отыр. Оның акциялары Қазақстан Қор Биржасымен қатар, Лондонның Қор Биржасында да енгізілген.
Мамандардың айтуынша, бұл келісім «Қазақтелеком» АҚ-тың байланыс саласындағы тынысын одан әрі кеңейтіп, компанияның ұзақмерзімді даму стратегиясын жүзеге асыруға зор серпін бермек.
– «Кселл» компаниясының акциясын біз олардың барлық қарыздарымен қоса сатып алдық. Енді мұндағы абоненттердің барлық мәселесін реттеу біздің компанияның құзырында. Бірақ абоненттерге алаңдауға еш негіз жоқ. Өйткені бұдан былай мұндағы қызмет көрсету сапасы жақсармаса, нашарламайды. Әсіресе, заман талабына сай интернет қызметінің сапасын одан әрі жақсартуды қолға алатын боламыз, – деген «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев компанияның осыған дейін 4G интернет қызметін іске қосқанын, енді 2021 жыл соңына дейін 5G қызметін жүзеге асыру жоспарда тұрғанын тілге тиек етті.
Ал Telia компаниясының президенті әрі атқарушы директоры Йохан Деннелиндтің сөзінше, компания Еуразия нарығынан шығып, Солтүстік Еуропа мен Балтық өңіріндегі бизнесін дамытуға ден қоймақшы.
Мамандардың мәліметінше, Қазақстандағы «Кселл» қолданушыларының саны 10 миллионнан асады. Алайда «Кселл» және «Activ» бренді еш өзгеріссіз сақталатынын айтады мамандар. Қазақстандық Антимонополиялық орган «Қазақтелеком» компаниясына сондай міндет жүктеген екен.