
Еліміздің сыртқы істер министрлігі және Бас редакторлар клубы Тәуелсіздіктің 30-жылдығына арналған «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» VI халықаралық байқауының бес жеңімпазын анықтады. Ұйымдастырушы комитеттің қарауына 36 мемлекеттегі автордан 60 ұсыныс келіп түсті.
Байқауға қатысушылардың жұмыстары экономика, саясат, халықаралық қатынастар, мәдениет, туризм, денсаулық сақтау, спорт, қарусыздану, жаңғырмалы энергия, Абай Құнанбайұлы және Әл Фараби мұралары сияқты Қазақстанға қатысты кең ауқымды тақырыптарға арналды. Материалар газеттерде, журналдарда, онлайн БАҚ-тарда, телеарналарда, подкасттар мен өзге де танымал блог- платформаларда соңғы 12 айда жарияланған. Жалпы алғанда, ұйымдастырушылардың пікірінше, байқауға шетелдік журналистердің белсенді қатысуы шетелдік БАҚ-тың елімізге деген қызығушылығының жоғары екендігін айғақтайды.

Келіп түскен ұсыныстарды қарастыру нәтижесінде әділқазылар алқасы топ жеңімпаздарды анықтады. ТМД және Балтық елдерінен үміткерлердің арасындағы үздік материал ретінде журналист Николай Жуковтың (Литва) «Kauno Diena» газетінде жарияланған «Қазақстан бір жыл ішінде биліктің эволюциялық сабақтастығының өзіндік үлгісін көрсетті» атты мақаласы таңдалды. Цолмон Бат-Эрдэнэнің (Монғолия) «MNB Mongolian National Broadcaster» телеарнасында жарық көрген «37 шақырымдағы 37 жылдық жоспары бар көрші» атты бейнематериалы мен мақаласы Азия және Тынық мұхит аймағының елдерінен келіп түскен өтінімдердің ішінде үздік деп танылды.
Пәкістандық автор Мехмуд Үл Хассан Ханның «Islamabad Post» және «DNA News» басылымдарында жарық көрген Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалардың өзекті мәселелеріне және Абай Құнанбайұлының рухани мұрасына арналған мақалалары Таяу Шығыс және Африка өңірінен келіп түскен ең үздік материал болып танылды. Оңтүстік және Солтүстік Америкадан келіп түскен ұсыныстар арасынан үздік материал ретінде «Канаданың біріккен қауымдастықтары» ҮЕҰ мен тележурналист Инга Керней Келнер бірлесе дайындаған «Қазақстан канадалықтар көзімен» атты бейнематериал іріктелді. Айта кетейік, байқау жеңімпаздары біздің елге сапармен келу мүмкіндігіне ие болады. Сапар аясында олар Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан қалаларына, «Бурабай» демалыс аймағына барып, еліміздің табиғи және мәдени нысандарын аралайды. Сондай-ақ белгілі журналистер, дипломаттар және қоғам қайраткерлерімен кездесе алады.
Айдос ҚҰСАЙЫНҰЛЫ