
Несиеге белшесінен батқан халық. Қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы 6 триллион теңгеге жетті. Ранкинг порталының мәліметінше, бұл қаражаттың жартысынан астамы кепілсіз тұтынушылық несие рәсімдегендерге тиесілі. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Жыл басынан бері несиенің көлемі 14 пайызға көбейген. Орта есеппен әрбір борышкер банкке 900 мың теңгеден қарыз. Бірақ, елімізде 1 жарым миллионнан астам адам несиесін уақытылы төлей алмай жүр екен. Ал, қазақстандықтардың банк алдындағы берешегі әлі де еселенеді деген сарапшылар, қарыз көлемінің ұлғаюы тұрмыстық жағдаймен тығыз байланысты дейді.
Айдар Әлібаев, экономист:
— 6 триллион теңге көңіл қуантарлық жағдай емес. Елімізде тұрмыс деңгейі құлдырап, жұмыссыздық жайлап жатыр. Сондықтан табысы шығысына жетпеген қарапайым халық банктерден қарыз алуға мәжбүр болады. Мойындарына екі-үштен тұтынушылық несиені арқалағандар бар.