jasqazaq.kz

Қазақстандағы жинақтаушы және ортақ зейнетақы: кері оралуға неге жол жоқ?

06 қараша 2020, 11:01

Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Алайда бүгінгі күнге дейін зейнетақы төлемдерін ортақ жүйеге кері қайтару туралы әңгіме толастар емес. Бұрынғы модельге оралу мүмкін бе? Бұл мәселені бүгінгі сараптамамызда анықтайтын боламыз.

Қазақстан 1998 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығы елдерінің арасынан алғаш рет зейнетақымен қам­сыздандыру реформасын жүзеге асырды. Бұған 1990-жылдардың соңында өндірістердің жабылуы, көптеген компаниялардың тоқырауға ұшырауы салдарынан бюджетке төлемдердің қысқаруы мен кідіруі, зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақылардың уақы­тылы төленбеуі тәрізді бірқатар қиыншылықтардың орын алуы себеп болды.

Бұл аздай, бұрынғы КСРО (ортақ жүйені мұраға қалдырған) республикаларының көпшілі­гінде, оның ішінде Қазақстанда да, зейнеткерлер санының көбейіп, бала туудың азайғаны байқалды. Мәселен, 1979 жылы Кеңес Одағында бір зейнеткерге 8 жұмысшыдан келсе, 1998 жылға қарай Қазақстанда бұл арақатынас 3 адамға дейін кеміді.

Әлемдік тәжірибе бойынша ұрпақтар ын­ты­мақтас­тығы­на негізделген зейнет­ақы жүйе­сінің кемін­де 4-тен 1-ге дейінгі арақатынаста, яғни бір зейнеткерге еңбек ететін төрт адамнан келген кезде ғана тең­герімді жұмыс істей алатындығы дәлел­ден­ді. Олай болмаған жағдайда өсіп келе жат­қан тең­герімсіздік шығыстарын мемле­кет есебінен жабу қа­жет­тілігі туындайды. Өз кезегінде мемлекет бюджет тапшы­лығын қысқар­ту үшін салықтарды көтеруге мәжбүр болады. Сон­дық­тан көптеген ел­дер жинақтаушы не­ме­се аралас зейнет­ақы жүйе­сіне көшуді жүзеге асыруда.

Қазақстан тарихи себептерге байланысты ортақ құрамдас бөлікті әлі де сақтап келеді. Өйткені көп­теген зейнеткерлер өздерінің еңбек жолын КСРО кезінде бас­тағаннан кейін шот­тарына жеткілікті қаражат жинауға жас мөлшерлеріне байланысты үлгермеген болар еді. Сондықтан қазіргі уақытта біздің елімізде көп құрамды зейнетақы жүйесі жұ­мыс істеп, ол ортақ жә­не жинақтаушы бө­лік­ті қамтиды. Уақыт өте келе зей­нет­ақы жүйесі өз­ге­ріс­терге ұшырап, ортақ бөліктің үлесі азайып, жинақ­таушы бө­лік кері­сінше ұлғая түседі.

Ал енді басты са­уалға жауап іздеп кө­рейік. Ортақ модель­ді неліктен толы­ғымен қайтаруға болмайды? Бұған бірқатар себептер бар. Атап айтқанда, жұмыс­пен қамтудың қазіргі деңгейін, демографиялық фак­торлар­ды (халықтың қартаюы сияқты) ескере отырып, мемлекет салықтарды арттыру тәрізді шараларды қабылдауға мәжбүр болады. 1998 жылғы реформаға дейін Қазақстандағы зейнетақы жарнасы жұмыс берушінің қаражаты есебінен жалақының 25,5 пайызы мөлшерін құрағанын еске түсірейік. Ал қазіргі уақытта елімізде жұмыскерлердің табысынан 10 пайыз мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналары және жұмыс берушілердің есебінен қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін 5 пайыз мөлшеріндегі міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленеді. Мемлекет ай сайын бюджеттен (ортақ және базалық) зейнетақы төлеуге орта есеппен 190 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсайды. Ал БЖЗҚ-ға жарна түрінде ай сайын орта есеппен 80-85 млрд теңге қаражат түседі. Егер бір жыл ішінде қарайтын болсақ, 2019 жылы бюджет есебінен зейнетақыға шамамен 2,3 триллион теңге жұмсалды (ортақ төлемдер 1,5 трлн теңге, базалық төлемдер 707 млрд теңге). Бірың­ғай жинақтаушы зейнетақы қорына 2019 жылы аударылған жарналар мөлшері 990 млрд теңгені құра­ды. Яғни болашақта мемлекеттік баж салығынан зейнетақы төлеуге қажетті соманы қамтамасыз ету үшін жинақтаушы құрамдауышты алып тастасақ, алым­дарды кем дегенде 2-2,5 есе көбейту керек. Оның үстіне бұл ақша қазынаға түседі және бірден ағымдағы зейнеткерлердің қажеттіліктеріне жұмсалады. Ал БЖЗҚ-дағы шоттарға түсетін жарналар инвестициялық табыспен қоса өсіп отырады.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне Қазақстаннан басқа елдер де біртіндеп көшуде. Осылайша соңғы 20 жылда жиынтық зейнетақы активтеріндегі жинақтаушы зейнетақы жүйелерінің үлесі өсіп, 50 пайыздан асты. Бұдан басқа, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры­ның актуарлық есептері негізінде де БҰҰ болжамдарына сәйкес келетін тұжырымдар жасауға болады:

1) Қазақстан халқының саны 2050 жылдың соңына қарай 24 млн адамға жетеді;

2) Халықтың өмір сүру жасының ұлғаюымен бірге елдегі егде адамдардың үлесі тұрақты түрде өсетін болады; 60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі 2018 жылғы 11 пайыздан 2050 жылға қарай 20 пайызға дейін екі есе дерлік өседі;

3) Елдегі халықтың қартаюының негізгі фак­торлары бала туудың біртіндеп төмен­деуі және өмір сүру ұзақ­тығының артуы болады;

4) Қазақстандағы өмір сүру ұзақтығының өсуі және бала туудың төмендеуі келешекте әлеуетті жүктеме коэффициентін 2050 жылға дейін айтар­лық­тай төмен­детеді, бұл мемлекеттік бюджетке әлеу­меттік және зей­нет­ақымен қамсыздандыру бөлі­гіндегі жүктемені арттырады.

Үлестіруші зейнетақы жүйесіне оралу көмірсу­тек­терге сұраныстың жалпы әлем бойынша төмендеуі мен қазіргі коронавирустық індет жағдайында кейінге қарай жасалған қа­дам болып, мем­лекеттік бюджетке шамадан тыс жүк­теме әкеледі. Сон­дай-ақ соңғы он­жылдықтарда әлем­де (Батыс жә­не Шығыс Еуропа, Ла­тын Америкасы елдері немесе Ресей Федерациясы) байқалған бірқатар мем­лекеттік де­фолт­тардың өз азамат­тары алдында зей­нетақы мін­дет­теме­лерін қам­тамасыз ету­дің мүм­кін еместігі сал­да­ры­нан болған жағ­дай еке­нін атап өткен жөн.

Жинақтаушы зей­нет­ақы жүйе­сі­не көшу­дің тиімді әрі дәйек­ті екен­дігін БЖЗҚ-ның негізгі көрсет­кіштеріне қарап атап өтуге болады. Сонымен, ағымдағы жылдың басынан бері БЖЗҚ зейнетақы жинақ­тары 1,9 трлн теңгеге немесе 20 пайызға ұлғайды. Осылайша 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақ­тарының жалпы сомасы 12,5 триллион теңгеден асты. 2020 жылдың басынан бастап 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 1,08 трлн теңгеден астам таза инвестициялық табыс есептелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 598,6 млрд теңгеге артық.

БЖЗҚ 2013 жылы құрылды. Қордың құрылтай­шы­сы және акционері ҚР Қаржы министрлігінің «Мемле­кеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды ҚР Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Ұлттық Банк зейнетақы активтерін ҚР Үкіметі бекіткен Зей­нетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етіл­ген қаржы құралдарының тізбесіне және БЖЗҚ ин­вестициялық декларациясына сәйкес инвестициялау лимиттеріне сай инвестициялайды.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақ­тарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады.
Инвестициялық кіріс құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сый­ақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі табыстар, сыртқы басқарудағы активтер бойынша алынған табыстар және т. б. кіреді. Инвестициялық табыс – тұрақсыз шама, сол себепті ол қысқа мерзімдік кезеңде оң немесе теріс болуы мүмкін.
2013 жылғы қыркүйектен бастап 2020 жылғы қазанға дейінгі зейнетақы активтерін басқару кезеңінде Ұлттық Банк қамтамасыз еткен инвес­тициялық кіріс зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің 34 пайыздан астамын немесе 4,3 трлн теңгеден көп соманы құрады.
Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізіл­ген 1998 жылдан бастап 2020 жылдың 1 қазанына дейінгі таза инвестициялық табыс 5,4 трлн теңгеден асты. Осы уақыт аралығындағы инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 595,23 пайызды құраса, бұл кезеңдегі инфляция деңгейі өсу қорытындысымен 482,22 пайыз болды.

Осылайша 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы 113,01 па­йыз болды. Ендеше жоғарыда келтірген нақты деректер зейнетақы жүйесінің жинақтаушы моделінің пайдасына қарай жасалған тағы бір дәлел емес пе?

Айдос Құсайынұлы

18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия