
Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 16.00-дегі алдын ала мәлімет бойынша, Қазақстандағы референдумға сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 60,80 пайыз болды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов мәлімдеді. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.
Сағат 16.00-дегі жағдай бойынша референдумда 7 миллион 127 мың 366 қазақстандық дауыс берді.
«Орталық референдум комиссиясының облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және елордадағы аумақтық комиссиялары ұсынған мәліметке сәйкес, елорда уақыты бойынша сағат 16.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 60,80 пайызы сайлау бюллетеньдерін алды», — деді Смағұлов.
Ең жоғарғы көрсеткіш Қызылорда облысында — 72,26 пайыз.

Еске салайық, бүгін, 5 маусымда Қазақстанда республикалық референдум өтіп жатыр.
Референдумда қазақстандықтар Конституциядағы түзетулердің болу не болмауына дауыс береді. Яғни бюллетенде тек бір сұрақ: «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?». Сұраққа «иә» не «жоқ» деп жауап беруі керек.