Алматыда дау шықты. Анау-мынау емес, жер дауы. «Қазақфильм» киностудиясына 16 гектар жер 2056 жылға дейін жалға берілген. Енді соның бес жарым гектарын қала әкімдігі қайтарғысы келеді. 5,5 гектар «қала мұқтаждығына» қажет бола қалыпты. Әкімдік бұл жердің он жылдан астам уақыттан бері пайдаланылмай келгенін алға тартады. Киностудия мұны жоққа шығарып отыр. «Қазақфильм» басшылығы БАҚ өкілдерімен кездесіп, жерді қайтаруға үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді.
«Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Серік Жұбандықовтың айтуынша, бес жарым гектардан астам жер телімі заңды түрде киностудия иелігінде. Сондай-ақ уақытша жер учаскесін пайдалану құқығы туралы 2010 жылы қабылданған жер актісінде киностудияға 50 жылға жалға берілген және жер телімі бөлінбейді деп көрсетілген. Сондықтан жер учаскесін бөліп алу еліміздің жер заңнамасын өрескел бұзу болып табылады. Әкімдіктің «жер пайдаланылмай бос жатыр» деген мәлімдемесін де Серік Жұбандықов жоққа шығарды. «Ол жерде түсіріліп біткен «Қазақ елі» сериалының және «Томирис» кинокартинасы декорациялары тұр. Екінші декорацияның құрылысы әлі біткен де жоқ» дейді ол.

«Қазақфильм» киностудиясының Көркем фильмдер жетекшісі, режиссер Сатыбалды Нарымбетов:« Бұл жерде Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов сынды киноның тарихын жасаған майталмандардың ізі қалды. Осы аумақта ескерткіштеріміз салынды. Қаншама павильондар мен лаборатория бар. Былтыр «Қазақ хандығы» сериалына арналған декорация тұр. Алдағы уақытта «Томирис» атты тарихи фильмге декорация жасалып жатыр. Оның түсірілімдері қыркүйек айында басталуы тиіс. Соған қарамастан, осы жерге «Этноауыл» деген қалашық салынбақ. Этноауыл салғысы келетіндерге айтарым, Қаскелең мен Алматының арасын жалғайтын таулы жер де, жазық жер де бос жатыр. Ал біздің территорияға тиіспесін. Біз бұл жерге Ш.Аймановтың мұражайын саламыз деп ойлағанбыз. Ресейде 6 киностудия бар. Оларға ешкім көз алартпайды. Себебі олар ұлттық құндылыққа жатады. Мен мұны «Рухани жаңғыру» бағдарламасының саясатына қарсы тірлік деп есептеймін. Қазақ киносына жандарыңыз ашыса, біздің жанайқайымызды түсінесіздер!» деді.
Қазақстан кинематографистер одағының басшысы Ермек Тұрсынов:«Киностудияға тиесілі бұл жер теліміне көз тіккендер көп. Бізді өз территориямызда қыспаққа алмаса екен дейміз. Киноны сүйетін, сол киноны жасайтын шебер мамандардың жұмыс істеуіне кедергі келтірмесе екен! Сондықтан казақ киносы дамысын десе, осы жерді бізге қалдырсын. Біз өтініш пен ұсыныстарымызды көрсетіп, Елбасына хат жолдаймыз», — дейді.
«Қазақфильм» АҚ құқықтық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Әлтайыр Ерімбетов: «Мемлекеттік жер телімі жалға берілді. 2008 жылы жалға беру шарты тоқтатылды, бұл ескі келісім. Ал 49 жылға арналған ағымдағы келісім әлі күшінде. Жер учаскесіне құқық әлі де уәкілетті органдарда заңды түрде тіркеуде тұр. Біз бұл аумақты фильмдерді түсіру мақсатына пайдаланамыз», — деді. Ол 2018 жылдың қыркүйегінде жер телімі қалалық коммуналдық меншікке берілетінін жеткізді.
Өз кезегінде Алматы әкімдігі жер телімі «Қазақфильмге» тиесілі емес екенін, тек жалға берілгенін хабарлады. 2017 жылдың желтоқсанында жалға беру мерзімі тоқтатылыпты. Әкімдіктің Туризм және ішкі байланыстар басқармасының басшысы Мақсат Қиқымовтің айтуынша, Алматыда Ethnoland ұлттық-мәдени кешенін салу жоспарланған. «Осыған дейін «Қазақфильм» киностудиясының өкілдері меншігіндегі жер учаскесін осындай жобаға беретіні жайлы ұсыныстар айтатын. Содан кейін бізге «Қазақфильм» студиясымен біріге отырып, Ethnoland ұлттық-мәдени кешенін салу туралы идея келді. Бұл мәселе 2017 жылдың 20 қыркүйегінде Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кеңесте талқыланған. Кеңес қорытындысы бойынша әкімдікке осы жобаны жүзеге асыру тапсырылды. «Қазақфильм» киностудиясының жерін мәжбүрлі түрде тартып алмақ деген мәлімдеме шындыққа жанаспайды. Бұл жер «Қазақфильмге» тиесілі емес, ол тек жалға берілді. 2017 жылдың желтоқсанында келісімшарт күшін жойды. Алайда киностудия өз позициясын өзгертіп, сотқа арызданыпты. Олар осымен сотта екінші рет жеңіліп отыр», — деді әкімдік өкілі.
Оның айтуынша, бұл жерге «Қазақфильмді» жолатпау туралы әңгіме жоқ. Ethnoland жобасы әлі дайындық үстінде болғандықтан, киностудия жоспардағы түсірілімін аяқтай алады. Әкімдік өкілі жоба жүзеге асқаннан кейін де «Қазақфильм» оны пайдалана алады деп сендірді.
Жер дауына себепші болған Ethnoland қандай жоба? Оған да аз-кем тоқтала кетейік. Жоба авторларының айтуынша, бұл кешенде қазақ музыка және театр өнері фестивальдерін, халықтың тұрмысы мен салт-дәстүрлеріне арналған қойылымдар, декоративтік-қолданбалы өнер, ұлттық тағамдарды әзірлеуді үйрететін шеберлік сабақтары, қолөнер көрмелері, ұлттық музыка фестивальдері, ұлттық спортт жарыстарын өткізу жоспарланған. Мұнда киіз үйлермен қоса, хан сарайы мен батырлардың мүсіндері тұрғызылады. Кешен құрылысы бір жылдан кейін басталады. Әрине, жобада бәрі қатып тұр. Бірақ ертеңгі күні этноауылдың кезекті сауда орнына айналмайтынына кім кепіл?
Әлбетте, кинематографистер мен қоғамдастық өре түрегелді. Бұл түйіннің шешілуі екі жылға созылды. Ақырында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен мәселе «Қазақфильмнің» пайдасына шешілді. 2009 жылдың қараша айында Елбасы Алматы әкіміне «Қазақфильм» аумағын сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тапсырма берді. «Қазір киностудия қайта жаңғырып келеді. Бұл жерде бәрін бұзып, үйлер салмақшы болды. Киностудияны қала сыртына көшірмек болды. Мен мұнымен келіспедім. «Қазақфильм» территориясын сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек. Біз киностудияны әрмен қарай өркендетеміз», — деген еді Елбасы.
Әлбетте, қазір бүкіл киностудияны басқа жаққа көшіру туралы сөз жоқ. Тек қаланың қақ ортасындағы жерден «кертіп алу» керек. Ал «Қазақфильм» кино өнерін өркендетудің орнына басқа мәселеге алаңдауға мәжбүр.
Мақпал Ноғайбаева