jasqazaq.kz

Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр

25 маусым 2020, 15:39


Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұхбат берді. Онда көпшілікті толғандырған тіл түйткілі, бүкіл әлемді әбігерге салған індет, еңбек адамы мен митингіге шақыратын арандатушылардың пиғылы, мемлекетті көркейту туралы қадау-қадау мәселелерге тоқталды. Осы сұхбатта айтылған кесек ойлардың бір парасын оқырманға ұсынып отырмыз.

Кемедегінің жаны бір

Қазіргі статистика бойынша, вирус жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтады. Яғни олардың көпшілігі – қарапайым халық. Бұл жердегі мәселе кімнің қалай жұқтырып алғанында емес. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет. Ауруға шалдыққандарды шенеунік немесе қарапайым жұрт деп бөліп қарауға болмайды. Қазақ «Кемедегінің жаны бір» дейді. Біз бір елде тұрып, бір ауаны жұтып, бір қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін ешкім де бұл аурудан өзін толықтай қорғай алмайды. Бір планетаны мекен еткен соң өзге елдегі дерт бізге келмейді деп бейқам отыра алмаймыз. Пандемия шекараға қарамайды. Сақтансақ қана өзімізді, жақындарымызды аурудан аулақтата аламыз. Сондықтан ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырамын. Бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ. Біз осы індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін қалай дамимыз, не істеуіміз керек деген мәселеге баса мән бергеніміз жөн.

Тілді меңгергенге – басымдық

Қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ. Олай болмаған жағдайда біз өзімізді халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрсетеміз. Ал енді не істеу керек?
Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында анахронизмге айналуға тиіс.

Телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет.

Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шығармашылықты тұралататын жағдай.

Той емес, ой қуалайтын заман

Еңбекке баулу идеологиясы атақты ақын-жазушыларымыздың шығармашылығында барынша көрініс тауып, алдыңғы қатарда насихатталуы керек деп санаймын. Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!

Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Сондықтан ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр.

Арандатушыдан абай болайық!

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан грант алатын кейбір азаматтарымыз қабылданған заңды негізсіз сынайды. Олардың пікірінше, Қазақстанда «Митингке қашан шығамын? Кіммен шығамын және қай жерде өткіземін? Яғни өзім білем» деген жүгенсіздік қағидаты болуы керек екен. Әсіресе солардың митингіге шетел азаматтары мен кәмелетке толмаған балалардың қатысуын талап етуін шектен шыққандық деп санаймын. Олардың ойы белгілі. Ондай адамдарға тыныштық пен тұрақтылық қажет емес. Ал біз қарқынды дамыған, татулығы жарасқан Тәуелсіз Қазақстанды сақтауымыз керек. Халық ең алдымен ел іргесінің беріктігін терең жауапкершілікпен сезінуі керек.

Соңғы кездері елімізде «митингшілдік» белең алуда. Көбінесе азаматтарымыз сырттағы біреулердің арандатушылық ұрандарына еріп жүр. Бұл – аймақтық бәсекелестік күшейіп келе жатқан халықаралық аренада Қазақстанды ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр.

Мемлекетті өркендету – өз қолымызда

Біз мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де бір орында тоқтап қал­мауы­мыз керек. Ондай жағдайда ел тоқырауға ұшырайды. Оның зардабы мемлекеттігімізге тиеді. Ауыр тиеді. Ащы да болса айтайын, біз – қазақтар, осынау алмағайып күрделі әлемде, түптеп келгенде, ешкімге соншалықты қажет емеспіз. Өз мемлекетімізге ғана қажетпіз. Осы бір қарапайым қағиданы ешқашан естен шығармауымыз қажет. Әлемдегі Қазақстанның жетістігін көре алмайтын, «мысықтілеу» саясаткерлер, тіпті мемлекеттер де бізден алыстап кеткен жоқ, маңайымыздан ұзамай, әр қадамымызды бағып отыр. Сондықтан елімізді өркендету, көркейту – тек қана өз қолымызда. Біздің осындай сындарлы сәтте қателесуге еш қақымыз да, құқымыз да жоқ. Және мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мәселені бірінші кезекте өзіміз терең сезінуіміз қажет. Өйткені қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр…

18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия