Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың назарына!
Jas qazaq ұлттық апталығының №47 санында (22 қараша, 2019 жыл) «Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!» деген тақырыппен белгілі өнер зерттеушісі Ілия Жақановпен тілшіміз Жарас Кемелжанның сұхбаты жарияланған еді. Онда белгілі композитор Ақан серінің «паспорты» саналған «Балқадиша» әнін бұзып, мәтініне «жамау» қосып айтып жүрген әншілер төңірегінде сөз болған еді. Шын мәнінде, соңғы кездері сахнаға шығып жүрген жас әншілер, елге қалай таныларын білмей аласұрған топтар қазақ әндерінің құтын қашырды. Әсіресе, «Балқадишаның» басын қатырғандарға шағым көп. Бүгін назарларыңызға ұсынып отырған жазушы Ғаббас Қабышұлының да пікірі «Балқадишаға» қатысты болмақ. Ал мұндай өрескел жағдайларға қашан тыйым салынары әзірше белгісіз.
«Мәриям – Жәгөр деген орыс қызы…» деп басталып, құлағыма бастауыш мектеп шәкірті шағымда сіңген, одан беріде мен де сан рет тыңдаған әсем әннің бір шумағы, қайырмасы айтылып, кенет тына қалды. Қолға ұстап жүретін шағын радиоқабылдағышымнан Қазақ радиосы арналарының концерттерін іздеп отырғанмын. Иә, ән тына қалды да, жіңішке ызың мен шиқыл араласқандай әлдебір түсініксіз әуен естіліп, мөлшері он бес секундтен кейін «Дудар» деген пәс дауыс шықты. Ызың мен пәс дауыс одан соң екі рет қайталанды, – әнші келіншек «Дудар» дегенді жанашырлық үнмен тағы да екі рет айтты. Көне әннің «жаңа түріне» еріксіз таңдандым.
Наз-сағыныш мәнді бұл әнді бірер күннен соң басқа арнадан естідім. Үшінші тармағынан: әнші жігіт жігерленіп, құйқылжыта шырқап тұр екен. Оны сүйемелдей тоңқ-тоңқ еткен тұрпайы бір дауыс құлағымды «бұрай» бастады. Шыдай алмай, басқа арнаны іздедім:
«Колхозда жанып тұрған шам Қадиша.
Жұмысқа басқа әйелдер бара берсін,
Мен келдім, бүгін үйіңде қал, Қадиша!»
«Ақан серінің «Балқадишасы» басталған екен ғой, бірақ» деп қойып, ары қарай тыңдадым:
«Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Бұралған белің нәзік тал, Қадиша.
Сексен қыз серуенге шықсадағы,
Ішінде шолпан жұлдыз, жарығым, сен, Қадиша.
Бұрында асау тайдай жүрген басың,
Қаларсың біздің сөзге, қарағым, зар, Қадиша.
Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат бізден сізге, жанарым, бар, Қадиша.
Дегенде Балқадишам-оу, Балқадиша.
Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша.
Кетті деп Балқадиша естігенде,
Тауында Жыландының құшақтап қара жерді, еңіреп жылағаным.
Еңіреп жылағаным, жаным Қадиша!».
Оу, мынау кімнің Қадишасы?!. Радиоқабылдағышымды тоқтатып, еріксіз ойланып қалдым. Атақты, тарихи «Балқадишаны» мұншама «түзеткен» кім, қашан?.. Ақан серінің тұсында қайдағы колхоз? Одан кейінгі «жаңа» үш тармақты, «шолпаным», «жарығым», «қарағым», «жанарым» дегенді қайдан тапқан, кімнен алған? Ақаңның: «Құшақтап құсжастықты жылағаным» дегенін «Құшақтап қара жерді жылағаным» деп қисынсыз әсірелегені несі? «Еңіреп жылағаным, еңіреп жылағаным, жаным Қадишасы» ше?.. Ақаңның нала-мұң, шарасыздық раймен баяулатып айтқан әнін ойнақыландыра орындау да «жаңашылдық» болғаны ма?
Сол «жаңалықтан» кейін радиоарналарымызды екі кеш бойы әдейілеп «аралағанымнан» байқағаным: қазақтың көне, бертінгі, бүгінгі әндерінің кейбіреуінің мәтінінен бірер сөзді алып тастап, орнына басқа сөздерді қосу әдетке айналғандай. Бір мысалы келтірілді. Ал әндердің орындалу сипаты әрбір әншінің еркінде сияқты. Өмір, тағдыр, тіршілік, сүйіспеншілік, сағыныш сазымен, байыпты, баяу нақышты қоңыр үнмен айтылуы шарт әндердің біразы желпіністі жеңілтектікпен орындалып жүр. Сазгердің жүрегінен шыққан, тыңдарман жұрттың жүрегіне жеткен қымбат әндер арзандатылып жатыр. Бірде махаббат нәрлі сағыныш әнін дауысы жуан жігіттің жігерлене, қатқыл орындауын естіп, абыржып: «Мына әнші операда жағымсыз кейіпкерлердің рөлін ойнап жүрген жоқ па екен?!» деп ойладым.
Радиоарналарымыздағы концерттерде тыңдаушысын абыржудан бетер мезі ететін жәйттер аз емес. Әннің авторлық түпнұсқа ырғақ-нәшін бұрмалауға қоса оның екі тармақтан, төрт тармақтан тұратын қайырмасын бес-алты рет қайталайтын «дәстүр» белең алыпты. «Біз аспанның мөлдіреген жастары едік…» деген ән шумағының төрт екпіндете қайталанғанын естідім. Оны айтам-ау, тағыда бірде әуені де, өлеңі де еске сақтала қалмайтын бір әнсымақтың (өлеңі – екі шумақ, қайырмалары – екі тармақтан) екі рет қайталап айтылғанын естіп, ол қандай «өнер» екенін түсіне алмадым. Енді бірі «Қамажайды» боршалап тынды.
Естуімше, «әнөңдеуші мамандар» бар көрінеді. Жә, делік, ол нендей, қандай өңдеу? Мынау айтқандарымдай додалау ма? Мен музыкашы емеспін, тыңдаушы ғанамын, мүмкін түсінбейтін шығармын? Бірақ, оның есесіне менің білетінім: қазақ әнінің ешқайсысын авторлық түпнұсқадан ажыратып «өңдеуге» болмайды! Өйте берсек, «Айттым сәлем, қаламқас» шөберелерімізге «Айттым сәлем, қырмақас» болып, «Қара торғай» «Көк торғай» болып… жетері сөзсіз.
«Өңдегіштерді» еркіне жіберудің ақыры халқының ардақтысына, тарихи тұлғаға айналған марқұм ақын-сазгер аталарымыздың аруағынан ары-бері аттай беруге айналады.
Екінші жәйт: шын мәнінде не ән, не тақпақ екені беймәлім «әуендер» соңғы жылдары радиоарналарымызды жайлап алған тәрізді. Мұхиттың арғы-бергі жағындағы қайсыбір елдерде қызуқанды, әлде талғамсыз, әлде әдейі таңдап құралған «Әншілер тобы» көп. Біздің радиожүйемізде солардың бірнеше арнасы бар. Егер анда-санда тыңдап көрген болсаңыздар, олардың әнді ышқынып-қышқырып бастап, ара-арасында әлдебір сөзді он шақты рет қайталап, тақпаққа айналдырып, алқын-жұлқын, опыр-топыр билеумен тоқтайды емес пе? Соларша «билеуге» біздің аты сүйкімді «Гәкку» арнамыздың еліктеуі өкінішті-ақ! Еліктегенде радиоарналарымыздың көбі «шетелдік ұстаздарының» тіпті даңғыр-дұңғыр, сарт-сұрт «музыкалық» аспаптарын пайдаланып та мәз. Сайтанның сапалағы дегендей, әсіресе соңғы жылдардағы «жаңа әндерімізді» оркестрлік сүйемелдеуде сол әулекілік етек алып кетті. Қаңылтыр табақты ұрғылағандай қаңғыр-құңғыр, даң-дұң даңғаза дауыспен немесе жалдап алғандай, әлдекімнің әлденені үздіксіз дүңк-дүңк еттіре қатты түйгіштеуімен, тоқпақтауымен басталып, екілене үдете түсуімен аяқталады, жүйкенің соры. Азар да безер болып тынасың.
2018 жылдың «Домбыра жылы» деп жарияланғаны естеріңізде болар. Соның «құрметіне» ме, әйтеуір, радиоарналарымыздағы концерттерді домбыра оркестрімен сүйемелдеу тыйылды. Жеке әнші-домбырашылар ғана пайдаланады. Сондай-ақ: не қобыз, не сырнай үнін ести алмайсыз.
Айтқан ойларыма нақты дәлел келтіруім кемшін екенін байқаған шығарсыздар. Иә, солай. Оған себеп: арналардағы концерттерде, ол да бір «жаңалық» – әннің де, орындаушының да аты аталмайды, өлең мен әннің авторлары кім екені айтылмайды.
Бұл өкініштерімнің мәнісі: жаңа министріміз Ақтоты Рахметоллақызы арналарда күні-түні беріліп жататын осынау «концерттерді» тыңдаса екен. Қазақ әндерін қаңғытып жіберер бейбастақ әрекеттерді тоқтатуға кіріссе екен! Өзі де сазгер Ақтоты кеңестік кезде мәдениет министрлігімізде «Көркемдік кеңес» болғанын біледі. Ол Кеңес халқымыздың талғамына сай болар ән мен күйді, биді таңдап алатын. Бүгінгідей өз пайдасын көздеген атаққұмар, ақшақұмар жандайшаптыққа әсте жол бермейтін. Сол Кеңесті қайтадан ашу қажет.
Бір қосымша: АҚШ-тың әйгілі саясатшысы болған, Кеңес Одағын құлату, социалистік әлемді жою жоспарын жасасқан Аллен Даллес 1946 жылы бір сөзінде: «Кеңес Одағын қару күшімен құлату мүмкін емес» дей келіп, былай депті: «…Біз совет халқының ұрпақтарын бірінен соң бірін аздыруға тиіспіз. Оларды бала кезінен, жасөспірім шағынан бастап нысанаға алуымыз керек. Оларды ойсыздыққа жетелейтін музыкамен, кітаппен, киномен еліктіреміз, желіктіреміз. Сөйтіп, оларды: желөкпе, жетесіз, жігерсіз, отансыз рухани байғұсқа айналдырамыз!».
(Жоғарыда: «…әлде әдейі таңдап құралған «Әншілер тобы» көп» дегенде қумүйіз Даллестің осы сөзі ойымда болды.)
Мұнысын сандырақ делік. Алайда «аурудың алдын алуды ойлау» артық болмайды. Бүгінде, менің аңғаруымша, ол сөз Ресейдің телерадио жүйесінен көрініс таба бастағандай. Радиоарналарын алқын-жұлқын әнсымақ пен бисымақ иектеуде. Телеарналарының төртеу-бесеуі әйгілі артистерінің, ақын-жазушыларының, басқа мамандықтағы қоғам қайраткерлерінің (көбінесе марқұмдардың) «моральдік азғындықтары» жайында айтыс-тартыс өткізуге машықтанып алды. Ол «тапқырлықтарының» тәжікелесуші екі жаққа да ұят, масқарадан өзге ешқандай тәуіршілігі жоқ. Даллестік жоспар жұқтырған сол «ауру» бізге жоламаса екен!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы