
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кіріскеннен кейінгі алғашқы сапарын Қырғыз Республикасынан бастағанының символдық мәні барын айтып, жылы қабылдағанына ризашылығын білдірді. «Ұлықтау рәсімінен кейін Бішкек қаласында кездесуіміз — жақсылықтың нышаны. Біз жақында Нұр-Сұлтан қаласында кездесіп, екі жақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқыладық. Біздің қазіргі міндетіміз — сол келісімдерді жүзеге асыру», — деді Қазақстан Президенті. Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, бұдан әрі де екі елдің қарым-қатынастарының нығая түсетініне сенім білдірді. Тараптар алдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің күн тәртібі бойынша пікір алмасты.