Қаржы пирамидасының құрбаны

15 сәуiр 2022, 11:14

Апта басталмай жатып, астанада оқыс оқиға орын алды. Қаржы пирамидасына алданған келіншек ішкі істер министрлігі ғимараты жанында өзін-өзі өртеді. 32 жастағы Бағила Досмайылова Mudarabah capital компаниясына қатысты қылмыстық істің барысына наразылығын осылай білдірді.

Алдымен ол өзінің Инстаграм парақшасында Mudarabah сapital қаржы пирамидасынан зардап шеккенін, істің дұрыс тергелмей жатқанын, өзінің өліміне Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахмановты кінәлі деп санайтынын айтып, мәлімдеме жасаған.

Ал Рүстем Әбдірахманов Facebook парақшасына бұл іске қатысты 14 адамның тергеуде екенін, екеуіне халықаралық іздеу жарияланғанын жазды.

Әлгіндей қадамға бармас бұрын, Б.Досмайылова Бас прокуратура ғимараты алдында Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың тұтқынға алынуын талап етіпті.

Бұл оқиға – Astex.kz және Mudaradan capital компанияларының 2019-2021 жылдары жүргізген қызу «жұмысының» жаңғырығы. 162 салымшының 2 млрд теңгесін өңешінен өткізіп жіберген ХХІ ғасырдың мавродилары өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетуге тырысты.

Әлеуметтік желіде қос компанияның жарнамасын жүргізген блогер, вайнер отрядына жататын «жұлдыздар» да «біздің қылмысқа ешқандай қатысымыз жоқ» деп сырт айналды. Өздеріне де, сөздеріне де имандай сенетін аңқау жұртқа арамзалық жасағанында шаруасы жоқ.

Инстаграмдағы атақтылардың жазбасын қалт жібермейтіндер дәл осы Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Әзім Саидбаев жарнамалаған «тиімді ислам инвестициясы» туралы роликке сеніп қалғанын айтады. Mudarabah сapital-дың егізі Astex.kz компаниясының мақтауын асырған тағы бір танымал тұлға жауапқа тартылған жоқ. Ал ана үшеуі Mudaradan capital ЖШС құрылтайшысы болғандықтан басы шатылып отыр.

Вайнер Мейіржан Төребаевтың адвокаттары оның фирманы құруға еш қатысы жоқ деген деректі көлденең тартыпты. Алайда тергеу анықтағандай, ол құрылтайшы болғанға дейін-ақ тұрақты түрде осы компаниядан ақша алған. Төребаев пен Шерниязовтың жұрттан жиналған қаржыны бөлуге қатыспағаны айтылды. Сондықтан оларды қамауға алмау туралы шешім қабылданған. Оның үстіне Төребаевтың бес баласы бар екені, шетелге қашатын ойы жоқ екені есепке алынса керек.

Өзін-өзі өртеген Б.Досмайылованың қитығына тиген де осы жәйт. Ол 20 млн теңгесін қайтара алмай қапа болғанда, өзін кінәлі санамайтын вайнер еркіндікте сайрандап жүр. Мұны көргеннен кейін жазаға тартылатынына кім сенеді?

Елді дүрліктірген осы оқиғадан кейін ішкі істер министрлігі дереу брифинг өткізді. Жиында ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов Mudarabah сapital ісіне қатысты мәліметтермен таныстырды. Оның айтуынша, қаржы пирамидасын ұйымдастыру бойынша 14 күдікті тергеліп жатыр. Арасында Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзізжан Саидбаев бар. Олардың және туыстарының мүлкі тәркіленген көрінеді. Санжар Әділов қаржы пирамидасын жарнамалаған үшеу қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп сендірді.

Бұл оқиға Парламентте де сөз етілді. Мәжіліс депутаты Юрий Ли: «11 сәуірде Mudarabah сapital қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің бірі елордада өзін өртеп жіберді. Бұл трагедияға не себеп? Заң бойынша бізде қаржы пирамидасының қызметіне тыйым салынған. Алайда адамдар оңай ақша табу үшін осындай күмәнді жобаларға жиған-тергенін салады. Алаяқтар мыңдаған қазақстандықты жинаған қаражатынан, көлігінен, пәтерінен айырды. Қанша адамды несие мен қарызға батырды. Бұл, бір жағынан, адамдардың қаржы сауатының төмендігімен байланысты», – деді. Депутаттар қаржы пирамидасының жарнамасына қатысқандарды жауапкершілікке тарту туралы мәселені былтыр көтерген болатын.

Бізде ылғи осылай. «Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін» ғана қозғаламыз. Үміті үзіліп, өзін өртеген келіншектің обалы кімге?

Гүлнар Ахметова

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады