Түркістан облысында әскери бөлімнен бірнеше қару ұрлаған әскери қызметші Абылай Балғынбайдың екі сыбайласы ұсталды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. Polisia.kz порталының мәліметінше, Түркістан облысының әскери бөлімінен қару алып кеткен әскери қызметші Абылай Балғынбайды және оның екі сыбайласы – азаматтық тұлғаларды ҚР Ішкі істер министрлігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен жедел-тергеу тобы ұстады. «Тінту кезінде олардан ұрланған қару тәркіленді. Тергеу сотының санкциясымен ұсталғандар қамауға алынды. Сонымен қатар, жекелеген лауазымды адамдардың, оның ішінде әскери бөлім басшылығының қызметтік міндеттерге немқұрайлы қарағаны үшін жауапкершілігі туралы мәселе қарастырылуда. Тергеу жалғасуда», — делінген мәліметте.