
Оңтүстік жайлы сөз бола қалғанда, көз алдыңызға жазы ыстық, қысы жылы аймақ елестейді емес пе. Әйтсе де, біз туып-өскен Майбұлақ, Мыңбұлақ өңірлеріндегі қарлы борандар кей жылдары Сарыарқаның қысынан кем соқпаушы еді.
Қаратаудың қай қойнауынан шыға келетінін кім білсін, аяқ астынан алай-дүлей жел соғып, бет қаратпайтын үскірік боп басталатын да, көп ұзамай-ақ көз аштырмайтын ақ түтек боранға айналып кететін. Қорадағы малға қарап келіп, пешке отты үстемелеп салып, балалардың кешкі тамағын істеп берген соң өзің де бірпәс демалып, сырттағы дыбысқа құлақ түресің.
Боран ұйтқып, үдей түскен тәрізді. Терезенің түбінен уілдеп, ішке кіре алмағанына ыза болып, аш қасқырдай ішін тартып ұлиды. «Апыр-ай, далада келе жатқан жолаушылардың жағдайы қалай екен?» деген ой мұндайда бойыңды мұздатып, онсыз да суық қармап қалған денеңді түршіктіріп жібереді. Ары-беріден соң лапылдап жанған пештегі оттың қызуы да бұйым құрлы болмай қалатын секілді.
Балаларымыз әлі кішкентай. Нұрайша қызым төртте. Байсейіттің екіден енді ғана асқан кезі. Төрт-бес айлық Жансейітім бесікте жатыр. Қарадай қарап отырып көңілім елегізіп, өзімнен өзім үрейлене беремін.
«Қанекең қайда жүр екен?..» Боранды күндері олардың жұмысы бұрынғыдан екі есе көбеймесе, азаймайды. Оның үстіне былтыр, 1957 жылдың ақпан айында біздің Қайнарбұлақ колхозы Бөген совхозына қосылып, Қанекең ферма меңгерушісі болып сайланған. Содан бері мұндағы шаруашылықтың бүкіл жауапкершілігін өз мойнына артып алған секілді көрінеді де тұрады. Қайнарбұлақтан оншақты шақырым жердегі совхоз орталығына жиі шақыртып жатады. Бүгін де міне, сол жақта жиналыс болады деп асығып кетіп еді…
Жаздыгүні болса бір сәрі, екі арадағы жолды уайымдай қоймайсың. Аттылы кісі әні-міне дегенше-ақ келіп қалады. Ал қыста қиын. Кешкі суыққа ұрынбай, аман-есен жетсе екен деп шыбын жанымызды шүберекке түюмен боласың.
Қойнау-қойнаудағы қораларды үрінді қар басып қалған күндері Қанекеңдер асығып-үсігіп атқа қонып жатады. Ондай кезде біздің де есіміз шығып, боранды күндері болып жататын неше түрлі сұмдық оқиғаларға құлағымызды түріп, ер-азаматымыз аман болса екен деп құдайдан күндіз-түні тілеп отырамыз.
Жел ысқырып, қар суырғанда даладан бір жас баланың жылаған даусы естілгендей болады. Алғашқыда көңілің елегізіп, апыр-ай, адасып жүргендер емес пе екен деп қаласың.
Өз-өзіңнен үрейленіп, мұрны пысылдап ұйқтап жатқан балаларыңа қарайсың. Оларды мынау долы боранның қаһарынан сақтап тұрған қара шаңыраққа, пештегі гүрілдеп жанып жатқан отқа іштей алғыс айтасың.
Қанекең кешіккен сайын көңілдегі үрей де ұлғая түседі. Қаладағыдай емес, ауыл шаруашылығының жұмысы күндіз-түні бір тоқтамайды ғой.
Мынандай бораннан кейін малшыларға баратын жолдар жабылып қалады. Кей қоралардың төбесі қалың қарды көтере алмай, ортасына опырылып түсіп жатады. Екі араға қатынайтын тракторлардың суы да, жанар-жағар майы да қатып қалады.
Қысқасы, малшы қауымға да, мал шаруашылығына жауапты кісілерге де бір тыным жоқ. Оған тағы мал төлдету, қойдың жүнін қырқу, жайлауға шығу, қыстауға қайту секілді ірі-ірі науқандарды қосыңыз. Әрине, бұл науқандардың барлығының да қиындығымен бірге қызығы, қуанышы болады.
Шіркін, жайлауға шыққанда бие байлап, қымыз сапыру, көк майса шөптің арасынан сылдырап ағып жататын мөп-мөлдір бұлақтан су әкеліп, самаурынға шай қою, күміс танадай жұлдыздары жарқыраған түнгі аспанға қарап, саф таза ауада демалып отыру қандай ғанибет.
Балалар болса, тай-құнан мініп, ат жарыстырып, таудан бүлдірген теріп, өзеннен балық аулап мәз-мейрам болып жатады. Жайдаудан қайтқанда олардың бойы таралып өсіп, буын-буындары ширап, ержетіп қалғанын байқайсың.
Сырттағы боран бұрынғыдан да үдей түсті. Терезе әйнектерін сықырлатып, аш қасқырдай ұлып, әлсіз ғана шырақ жарығы көрінген үйді торауылдайтындай.
Қыс түгілі, жаз күндері де «Қайнарбұлақ» фермасының қат-қабат шаруасынан босамайтын Қанекеңнің үйге ертерек келіп, бала-шағасын айналып-толғанып отыратын кезі сирек. Ол үшін өкпелеп, реніш білдірудің қажеті жоқ. Қызмет бабы солай. Оның үстіне Қанекең де осы үйдің, бала-шағаның қамы үшін деп, мына тіршіліктің суығына тоңып, ыстығына күйіп жүр емес пе.
Қабырғадағы сағат тілі жаңа ғана он екіні көрсетіп тұрған сияқты еді. Енді міне, өзіммен-өзім ойға батып отырғанда сыртылдап түнгі екіден асып та кетіпті. «Апыр-ай, неге осынша кешікті екен? Мынандай бұрқасында… жол жүру дегенің қиямет-қайым ғой. Орталықтағы жолдас-жораларының, не болмаса, жол-жөнекей кезіккен біреудің үйіне кіріп жан сақтамаса, қиын-ау, қиын…»
Өстіп отырғанымда кенет дүрс-дүрс етіп есік қағылғандай болды. Орнымнан қалай ұшып тұрғанымды білмеймін. Жүгіріп барып ілгекті ағыттым.
Ар жақтан үсті-басын ақ қырау шалған, қасы-көзі, кірпігіне мұз қатқан бір кісі аяғын әзер басып, қабырға жағалап ішке кіріп келеді. Енді болмаса, сылқ етіп босағаға құлай кететін түрі бар.
-Қанеке-ау, не болды? –деп оны әзер танып, қолтығынан сүйемелдеп жатырмын.
-Уһ-һ! –деді ол кеудесінен терең дем шығарып. –Ат болмаса… жете алмас едім-ау…
Мұз боп қатып қалған сырт киімі мен етігін әрең шешіп, төсегіне келіп қисая кетті. Қанекеңнің үстіне үйдегі көрпенің бірінен соң бірін әкеліп жауып жатырмын. Сонда да денесі жылынбай, қалтырап-дірілдеп ұшып барады.
Сөйтіп жатып, күнделікті жұмысқа мініп жүрген торы төбел айғырын есіне алып:
-Әй, жануар-ай! –дейді. –Асылдың тұяғы екен дә…
Сонсоң көзі ілініп бара жатқандай болады да, қайтадан шошып оянады.
-Біз адастық, білем, -деп тағы да сөйлей бастайды. –Түк көрінбейді…
«Ойпыр-ай, боранда әбден қиналып, үйді әрең тауып келген екен-ау, -деймін үрейленіп. –Енді болмаса…»
Бесіктегі баламыз қыңқылдап жылағандай болды. Оның жанына барып, ақырын тербеттім бе, тербетпедім бе, есімде жоқ. Өйткені өзім де уайымнан, қорқыныштан қатты қалжырадым.
«Кім біледі, осы сендердің көз жастарыңа қалмайын деп, Жаратушы иеміздің өзі әкелеріңді бір ажалдан аман алып қалған шығар,» деп ойлауым мұң екен, екі көзімнен жас парлап қоя берді.
Сөйтіп отырып, өзім де қалғып кетіппін.
Ал ертеңіне күн ашылып, боран басылып, табиғат шіркін, түк білмегендей жадырап тұрды. Қанекең қалың киініп, қора жаққа барып, торытөбел атының жалынан қайта-қайта сипап жүр. Оған жемді де, шөпті де бүгін әдеттегіден молырақ салып жатқан сыңайлы.
Аздан соң ол кісі жұмысына кетті. Көшеде балалар улап-шулап сырғанақ теуіп жүр. Қорадағы малдың тұмсығынан жылы бу бұрқырап, сыртқа қарап мойнын созып, ауыл шетіндегі жазық жаққа көз тігеді. Еркіне салсаң, олар да далаға шығып, емін-еркін шапқылап, қалың қардың астынан қылтиып әрең көрініп жатқан қара отқа жайылып қайтсақ дейтін тәрізді.
Шындығында, ауа райымен бірге адамдар да құбылады ғой. Түндегі алай-дүлей боранды әп-сәтте ұмытып, әркім өз тіршілігін күйттеп, біреу пешке от жағып, біреу қора тазалап, тағы біреу малға шөп суырып салып жатыр.
Оқта-текте бір-біріне қарап иек қағып:
-Қалайсыздар? –деп қал-жағдай сұрасып қояды.
-Шүкір, — дейді көршісі басын шұлғып. –Аман-есенбіз. Өздерің қалайсыңдар?
-Біз де сол, баяғысынша…
Сол күні кешкілік жеті шелпек пісіріп, айналадағы көршілерді шайға шақырдық. Қанекең түндегі боранда көрген қызығы мен шыжығын майын тамыза әңгімелеп отыр.
-Кеше совхоз дирекциясында жиналыс болды ғой, — дейді қою қызыл шайдан бір ұрттап қойып. – Әр түрлі мәселелер талқыланып, содан сағат тілі он екіні көрсеткенде бір-ақ шықтық. Қар суырып тұр екен. Тұмақтың бауын шарт байлап алып, торытөбелге міндім де, ауыл қайдасың деп тартып кеттім. Сөйтіп, Қарабұлақтың тұсынан өтіп бара жатқанымда жел үдеп, аспан мен жерді айырып болмайтындай ақ түтек боран басталды да кетті. Жолды өзімше болжап, торытөбелдің басын солға қарай икемдей беремін. Бір кезде әбден адасқанымды сездім. Қай жерге келгенім белгісіз.
Енді не істеймін? Қой, атты еркіне жіберейін, жер танитын жануар ғой дедім. Сөйттім де басын бос қоя бердім. Одан басқа амал да қалған жоқ. Уілдеген ақ түтек. Қап-қара түн.
Бір кезде аттың көзіне, танауына қатқан мұзды түсіріп, ердің басын қамшының сабымен тықылдатып, біраз ес жиғызып алдым.
Ат бір сілкінді де, ақ түтектің арасынан жол тапқандай алға қарай жылжи берді. Мен тек, оқта-текте «шу» деп қойғаным болмаса, құр босқа ерге жабыса түсемін. Торытөбел айғырдың қайда әкетіп бара жатанын білмеймін. Ақ түтек бораннан анда-санда құлағын ғана байқап қаламын.
Қап-қара түн кей кездері аппақ жұмыртқаға айналып дөңгелеп бара жатқандай болып көрінеді. Көзімді қайта жұма қоям. Аспан да, жер де, Қаратау да, Алатау да әлгі аппақ жұмыртқаның ішінде шыр айналып, дөңгелеп барады екен-ау деймін…
Содан түн ортасы ауа ма, әлде таңға жуық па, әйтеуір торытөбел бір қарайғанға келіп, тұмсық тіреп тоқтағандай болды. Бұл не тағы, айдаладағы жарға кеп тірелдік пе деп, қолымды созып көрсем, қамыс екен. Торытөбел жануар үйдің артқы жағындағы өзінің жем-шөп жейтін ақырына жетіп тоқтапты. Ал әлгі қамыс – тамның бұғаты болып шықты. Міне, жылқының қасиеті!..
Қанекең сөйтіп, әңгімесін аяқтағанда манадан бері ұйып тыңдап отырған көрші-қолаң бір серпіліп:
-Пай-пай! «Ат – ердің қанаты» деген осы-ау!
-Баяғы өткен ата-бабаларымыз: «»Ат ерді, ер елді сақтайды» деп бекер айтпаған ғой! — деп риза болып, таңғалып, бастарын шайқап жатыр.
Осы кезде қазандағы ет те пісті. Сүрдің иісі бұрқырап, үй-ішіндегі кісілердің көңілі көтеріле бастады. Қолға су құйылды.
-Е-е, бәрін айт та, бірін айт, бұл боранның елді шығынға ұшыратпай, өз ашуын өзімен бірге ала кеткені тәуір болды емес пе, — деп қалды бір абысынымыз.
Бәріміз де соның сөзін қош көріп, бас шұлғып жатырмыз.
Әңгімені жазып алған Нұрғали Ораз