
Осы жылдың қарашасында қазанмен салыстырғанда отандық өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындардың бағасы 5,5 пайызға жоғарылады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, тау-кен өндіру саласында бағаның мұнайға — 8,2, металл кендеріне — 8, табиғи газға 3 пайыз жоғарылауы байқалды. Өңдеу саласында баға ферроқорытпаларға — 6,4, мысқа — 4,8, қорғасынға — 4,4, алюминийге — 3,3, асыл металдарға 2,6 пайыз жоғарылады, ал қара металдар илегіне 2,6 пайыз төмендеді. Мұнай өнімдерінен мазутқа — 12, сұйытылған пропан және бутанға — 6,6, бензинге — 3,6, дизель отынына 1,1 пайыз қымбаттады.
«Азық-түлік өнімдерінен өндірушілерде баға макарон өнімдеріне — 4,7, нанға — 4,4, жармаларға — 2,9, бидай ұнына — 2,6, қантқа — 2, өсімдік майына — 1, құс етіне — 0,8, сүт өнімдеріне 0,7 пайыз жоғарылады, мал етіне — 1,3, шайға 0,7 пайыз төмендеді. Баға электр энергиясымен және сумен жабдықтауда суды бөлу бойынша қызметтерге — 0,7, электр энергиясы, оны тарату бойынша қызметтерді қоса алғанда 0,5 пайыз жоғарылады», — деп атап өтеді бюродан.