
«ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
«Қара жорға» биі Уханьдағы коронавирустан емделіп жатқан науқастарға демеу болды -Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)
Шыңжаңнан Уханьға көмекке барған тәжірибелі дәрігер-хирург Баһаргүл Толқынқызы коронавирустан емделіп жатқан науқастарға қазақтың «Қара жорға» биін билеп берді, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.
Аталған БАҚ-қа сұхбат берген Баһаргүл Толқынқызының айтуынша, ол 5-ші ақпанда Шыңжаңнан көмекке аттанған топтың құрамында Уханьға келген. Шыңжаңнан көмекке келген 102 адамның 21-і Қытайдағы қазақ, ұйғыр, дұңған, моңғол секілді саны аз ұлт азаматтары екен.

Осы медициналық топ жетекшісінің орынбасары Баһаргүл Толқынқызы Ухань қаласының Фан Цан ауруханасының С аймағында өткен интерактивті мәдени іс-шарада қазақ халқының «Қара жорға» биін билеген. Қазіргі күні сол науқастардың ортасында қорғаныс костюмімен «Қара жорға» биін билеген видео әлемге кең таралып жатыр. Ал осы мәдени шараны тамашалаған адамдар «Қара жорға» биін тұңғыш көргендерін және ерекше биден үлкен әсер алғандарын айтып, алғыстарын білдірген.
«Біздің бақылауымызға бөлінген науқастардың жағдайлары біршама жақсы, олардың аурулары салмақты болмағандықтан қалыпты дене әрекетін жасауына да болады. Мұнда коронавирус жұқтырған 200-ге жуық науқас бар. Науқастарға медициналық оқшауланудан, емдеуден басқа, психологиялық көмек пен сенімді арттырудың да маңызы зор. Сондықтан пациенттердің физикалық күш-жігерін шыңдау үшін осындай интерактивті мәдени іс-шара өткіздік. Мен қазақ халқының «Қара жорға» биін билеп шықтым. Бидің жұмсақ әрі әсем қимылын әдеттегіден сәл жылдам және шарт қимылдармен өзгертіп биледім. Бұлай билегенде адамның барлық буыны қозғалысқа түседі. Осылайша ерекше көрермендердің алдында, ең керемет сахнада, ең тамаша биді билегеніме өзім де қуаныштымын»,- дейді Бахаргүл.
Баһаргүлден «ауру тарап жатқан жердің алдыңғы шебінде жүрсіз, өзіңізге коронавирус жұқтырып алудан қорықпайсыз ба?», – деп сұраған тілші.
Бұған Баһаргүл «Мен қарапайым адам ретінде шындығында өз денсаулығымнан алаңдаймын, бірақ дәрігер тұрғысынан белгісіз дерттің Ухань халқына одан сайын кең көлемде таралуынан қорқамын. Коронавирус — адамзаттың ортақ жауы. Сондықтан онымен күресіп ауруды жеңуіміз керек», — деп жауап берген.