Қара қойдың құлағы

21 қазан 2022, 14:44

Біз өскен өңірдің жазы жаймашуақ, ал қысы адуын. Кейде апталап соғатын долы бораны бет қаратпайды-ау, бет қаратпайды.

Адамның мінезі туып-өскен табиғатына тартады дейді. Жуалылықтардың көбінің мінезі тік, өжет, өршіл, бәлкім, айтқан бетінен қайтпай ожарланып кететіні содан шығар. Солардың бірі де бірегейі – ер Баукең атамыз. Табиғаттан тазалықты да қанына кең-молынан сіңірген дара болмысымен ел басына күн туған қиын-қыстау шақта қайталанбас ерлігі, небір күрделі, қысталаң жағдайдан алып шығатын қолбасшылық тапқырлығымен әлемге әйгілі болып қана қоймай, қазағын да танытты. Момышұлы деген тегімен-ақ өз ұлтын қаншалықты жақсы көретінін жарқыратып көрсете білді. Өкініштісі, ұлтымыздың мерейін асқақтата асырып, мәртебесін биіктеткен Бауыржан Момышұлына лайықты құрметімізді көзі тірісінде көрсете алмай, жасықтық таныттық.
Ер Баукең қан-қасап майданда ерліктің ерен үлгісін қалай жарқыратып көрсетсе, бейбіт өмірде рухани әлемнің өшпес өнегесі бола білген журналистиканың жампозы, жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері Шерхан Мұртаза ағамызды да өз дәреже, деңгейінде дәріптеп, құрметтей алдық па? «Жоқ!» дейді менің ішкі ойым. Егер бағалай білсек, қаламдастар арасында да, Парламент мүшесі болғандардың ішінде де Халық Қаһарманы немесе Еңбек Ері атанатындардың бірі де бірегейі Шерхан ағамыз болатын еді-ау!..

Иә, талайлардың маңдайын семсер сөзімен сілейте соққан Ш.Мұртазаның өзі жазғандай, «Бір кем дүние» деген осы шығар…

Қалай десек те, М.Горбачевтың «қайта құруынан» кейін тоталитарлық биліктің «болты» босап, демократияның себезгі сәулесі жылт етті. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының көтерілісі оған дем берді. Содан кейін ондаған жылдар бойы ұлы орыстық шовинизмнің қыспағын көрген аз ұлтты республикалар өз үндерін ашықтан-ашық естірте бастады. Осындай сәтте бүкіл халықтық қолдауға сүйенген Қазақстан басшысы Бауыржан Момышұлының сұрапыл шайқастар кезіндегі әлденеше рет ұсынылып, ала алмаған Кеңес Одағының Батыры атағының «Алтын жұлдызы» артында қалған жалғыз ұлы, жазушы Бақытжан Момышұлының қолына берілді. Дегенмен «ештен – кеш жақсы», әділетке әйтеуір қол жеткіздік қой деп көңілімізді бірледік.
Тәуелсіздік таңы арайлап атты. Бабаларымыз сан ғасыр армандап, аңсаған ғажап күнге жетіп, мәз болдық. Айта алмай келген бабаларымыздың ел мен жер үшін жасаған соғыстағы ерліктері ашық айтылып, білмей келген батырларымызды ұрпақтар санасында қайта тірілткен керемет күндеріміз көбейді. Осындай тұста Жуалыда екінші дүниежүзілік соғыста ерлік туын желбіреткен Бауыржан Момышұлына арналған мұражай құрылысы басталыпты дегенді естідік. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің елу жылдығы аталып өтер қарсаңда ашылады деп хабарласты ел жақтағы көңілі жақын жігіттердің бірі.
Мен ол уақытта Парламенттің «Халық кеңесі» газетінде бөлім меңгерушісі едім. Оған кімнің телефон шалып, шақырғанын білмеймін. Ауыл шаруашылығы академиясында ғылыми хатшы болып жүрген Базархан Ергешұлы Рүстембаев кешкілік үйге келді. «Ертең музей ашылады екен. Маған сізді алып кел деп тапсырды» деді. «Ойбай-ау, жұмыстамын, оны неге ертерек айтпаған?» деймін әбіржіген үнмен. «Аға, бір-ақ күн ғой. Таңертең шығамыз, үлкен шараға қатысып, түнделетіп болса да қайтып ораламыз».
Оның осы сөзінен соң «жарайды» деп иліге кеттім.

Келесі күні мамырдың 5-і болатын. Рульде Базарханның өзі. Көлігіміз шетелдік. Бірақ жолымыз ұзақ, шоқалақ, ойық-тесік, қырық жамау… Оның үстіне Қордай арқылы айналып жүреміз. Бір жерлерде безілдете айдап, енді бір тұстарында «бұраңдата билетіп», түске таяу Рысқұлов ауданының Жаңатұрмыс ауылына жеттік. Сол ауылдан тездете түстеніп, қайта жолға шықтық. Тағы да тоз-тозы шыққан қотыр жол. Қанша асыққанымызбен ашылуына да, одан кейінгі шараларына да үлгере алмадық. Түс аудырып барсақ, шаруашылықтар құрған киіз үйлерін жығып, жиналып жатқан үстінен түстік. Әдейілеп келдік қой деп, Баукең мұражайының сыртын да, ішін де көрдік. Қойған жәдігерлік дүниелерге көз жүгірттік. Базархан жанымыздағы жүрген жігіттен:
– Алматыдан кімдер келді? – деп сұрады.
– Баукеңнің ұлы мен келіні, Шераға Мария жеңгемізбен және Ким Серікбаев дейтін бір аға.
– Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектептің директоры, біздегі бірден-бір әскери ғалым, полковник Ким ағамыз ғой, – дедім мен.
Аудан әкімі Еркінбек Солтыбаев ол кісілердің бәрін үйіне алып кетіпті.
– Онда сол үйге барайық, – деді Базархан.
Жолда түстенген үйімізде аздап татып алған едік, батылмыз. Енді неден тартынайық? Бүкпелемей айтқанда, ақиқаты – осы.
Әкімнің үйіне барсақ, қонақтар шәй дастарханын аяқтап, аяқ жазайық деп тұрғалы жатыр екен.
– Ой, мына өзіміздің батырлар келіп қалды ғой! – деді дастархан төрінде отырған Шераға жайдары үнмен. Бәріне арнап сәлем беріп, үсті молынан жайылған үстелдің бір шетіне жайғастық. Отырғандардың ішінде аудан әкімінің бірінші орынбасары Естемес Аманбеков, ақын досымыз, аудандық «Жаңа өмір» газетінің көп жылдан бергі бас редакторы Мырзахан Ахметов бар. Әңгімелері жарасқан әдемі отырыстың үстінен түсіппіз. Сол ауан он-он бес минуттық үзілістен кейінгі үлкен астың үстінде әрмен қарай сәнімен жалғасты.
5 мамыр – Баспасөз мерекесі. Баяғы лениндік «Искраның» алғашқы саны жарық көрген айтулы күн. Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша БАҚ саласындағы саңлақтарды саралап, лауреаттарды марапаттайтын мерейлі күн. Журналистер одағында жауапты хатшы болып істейтін Рахымбай Сатаев ағадан Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов жылға жуық жазысқан «Елім, саған айтамын, Елбасы, сен де тыңда» деген үлгісі өзгеше, кім-кімге де берері ұшан-теңіз хаттары Журналистер одағының сыйлығына ие болғанын естіген едім. Әлгіндегі үзілісте Шерағаны лауреат болуымен құттықтадым. Мемлекеттік сыйлық алған, одан басқа да мәртебелі марапаттардың талай-талайының қуаныш-қызығын көрген кісі ғой, десек те, жақсы сөзіме желпініп қалды.
– Мына айтқаның рас па, әй?! – деді өзіне ғана тән мәнерлі үнмен, көзі қысықтана күлімдеп.
– Рас, аға, ол хабарды бүгінгі газеттер берген де шығар.
– Онда жуады екенбіз ғой, – деді. Осы сөзіне өзі де, мен де күліп алдық.
Қонақтардың үлкені Шерхан аға екен, батасын да берді, басты да ұстады. Үлкен табақтағы үлкен бас тура бұзаудың басындай-ау, шамасы. Қойдың мынадай үлкен басын бұған дейін көрмеппін.
– Сендер Талғатты білесіңдер ғой, арамыздағы ең кішіміз осы. Бүгін ортамызға өз аяғымен келіп тұр. Енді он жылдан соң Талғатты шақыртып келтіре алмайсыңдар. Мына құлақты Талғатқа беремін, ел дегенде елеңдеп, жақсылыққа құлшынып жүрсін, – деп дәу құлақты тура қалың құйқалы жерінен кесіп алып, қолыма берді. Жазуыммен жарқырап көрініп жүргенімді де айтты. Мұндайда дуалы адамның аузынан шыққан әр сөзі ғажап әсер етеді емес пе, мақтағанды кім жек көрсін? Жүзім алабұртып отырмын.
Шераға дастархан иелеріне қарап та сөйледі. Көңіл қойып отырғандарға да арнап тілек тіледі. Аяғы алдымыздағыны «алып қоялыққа» келіп қосылғанда, мен ащы су толы рөмкемнің түбінде тамшы қалдырмай қағып салдым. Үлкен құлақтың құйқалы ұшынан сәл ғана бір тістеп, салфетканың үш-төртеуіне қабаттап орап, оң қалтама сүңгіте салдым. Неге өйттім, дәл сол сәтінде оны ойламадым.

Не керек, сол күні кете алмадық. Базархан «барамыз да қайтамыз» деп қулығын асырыпты.
Ертеңінде Жамбылда (ол кезде солай аталатын) Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Теміртауда металлург болып жұмыс істеген бір туысының тойына қатыстық. Үшінші күні Құланда тұратын жиені ме, әйтеуір, бір жақын кісісі автоапатқа ұшырап, ауруханаға түсіпті. Соның жайымен кідірдік. Төртінші күні Қордайда Жылыс дейтін шәкірті үйіне шақырып, ол ұстады. Барған жеріміздің бәрінде кең жайылған дастарханды көрдік. Базарханға деген ағыл-тегіл көңілдерін білдіріп қалайық деген кісілердің құрметіне әбден меймілдедік. Алдымыздан ішімдік кетпеді. Сәл көңілдене бастағанда Базекең бауырым: «Ал, аға, тіске басарыңыз қайда? Қалтаңызда әбден сүрленген шығар, жүк қылмай жеп қояйық та», – дейді. Сөйтіп қайта-қайта сұрайтыны – Шерағаң берген қара қойдың құлағы. Беруге ниет еткен секілді қалтамнан шығарып, орауын ашып, бұзылмай кеберсіп тұрғанын көріп қайтадан салып қоямын.
Сондай сәттің бірінде Шераға екеуміздің әкімнің үйінің ауласында арлы-берлі қолтықтаса жүріп, айтқан әңгімеміздің мәнісін сұрады.
– Желтоқсан көтерілісіне қатысты айғақ-кітаптарды білгісі келді. «Неге жалғаспай кідіріп қалды?» деді. «Сол қу ақша ғой, Шераға», – дедім. «Ақша дегеннен шығады, сен әнебір жылы осы мәселені маған да айтып едің-ау. Сонда мен «о пәлені айта көрме» деп, басымды ала қашып едім. Өзіңмен қатар оқыған ұлым Батылжан кәсіпкерлікпен айналысамын деп оңбай ұрынды. Теледидар басшылығынан кетіп, қызметсіз қалған кезім. Үй-ішімізбен әлекке түстік қой сол уақытта», – деді ол кісі. Орталықтағы әдемі үйлерінен айырылып қалды дегенді естіп едім. Бірақ Шераға ол жөнінде тіс жармады.
Біз осылай бесінші күн дегенде Алматыға жақындадық. Бұрынғы Брежнев алаңында Жеңістің жарты ғасырлығына арналған әскери шеру басталып кетіпті. Аспанда тізіліп ұшқан әскери ұшақтарды көрдік. Базарханның сөзіне сеніп, қажетті нәрсенің ешқайсысын алмай шығып едім. Костюм ішіндегі ақ жейдемнің жеңдері мен жағасы шұлғаудай болған шығар. Сақал-мұртымды да алмай, тісімді де жумай жүре беріппін.
– Ойпырмай, сайран құрған заманында Тоқаш пен Мұқағали, Шәмші ағаларымыз да өстіді ме екен? – деп күлемін машинаның айнасындағы ұсқыны қашқан түріме үңіле қарап.
Базархан қу дәл осылай болатынын біліп, спорттық киімдерін өзімен бірге ала шығыпты. Қанша кірлесе де білінбейтін үстіндегі жейдесі де соны аңғартып тұр. Есесіне, сол күні Алма келіннен оңбай таяқ жемесе де, күйініп айтқан «тәтті» сөздердің талайын естіді. Қызы Дина үшінші сыныпта болса, ұлы Арман мектеп есігін енді аттаған. Кенжесі Тұрар әлі қырқынан шыға қоймапты. Осыдан кейін келіншегі қалай ренжімесін?..

Шерағамызбен қимай қоштасып, Кеңсайдағы мәңгілік мекеніне қойып келе жатқанда мен осы әңгімені еске түсіріп едім.
– Сондағы Шераға берген қара қойдың құлағы үйдегі кітап сөремде тұр. Әбден қусырыла кеуіп, тас болып қатып қалған, – дедім. Сол сөзім Аманхан Әлімұлының сезімшіл көңілін қозғап кетсе керек: «Талғат, мынауың қызық әңгіме екен, мен жазайыншы», – деді қиылып.
Аузын ашса, арғы жағынан лүпілдеген жүрегі қоса көрініп тұратын ақын досымыз жазды ма, жазбады ма білмеймін. Ол да екі жыл бұрын келместің кемесіне мініп, Шерағаңның соңынан мәңгіліктің жолына түсіп кетіп қалды.
Енді қара қойдың құлағына көзім түскен сайын, сол бір сапарды, халқымыздың ыстық ықылас, ілтипатына бөленген Шерағаны және ақын досым Аманханды сағынышпен еске аламын…

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы

Бүгін, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді