
Қытай түрмесінен 20 отандасымыз елге оралды. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен үкімет сағатында сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, жыл басынан бері қос елдің азаматтығы бар 33 қазақстандықты Қытай түрмеге жапқан.
Jasqazaq.kz хабарлағандай, үкімет отырысында Б.Атамқұлов «Қытайдағы отандастарымыздың саны — 1,5 миллион адам. Былтыр 2,5 мың отандасымыз Қазақстанға шығу үшін виза алды. Биыл қос азаматтығы бар Қазақстан азаматтарының ішінен 33 адам Қытай түрмелеріне қамауға алынды. Біз өз тарапымыздан дипломатиялық арналар арқылы және консулдардың жұмысы есебінен 20 адамды қайтардық», — деді.
Оның айтуынша, Қазақстан сыртқы істер министрлігіне Қытайдың түзеу мекемелерінде жүрген азаматтардан мыңнан аса өтініш түскен. Б.Атамқұлов «Өтініш бойынша біз жекелей жұмыс істейміз. Олардың жағдайы туралы білеміз. Әр адаммен жеке жұмыс жүргізіледі. Өйткені әр адамның өз тарихы бар. Біздің дипломаттар осы лагерьлерде болды. Онда тәуелсіз сарапшылар да болды», — депатап өтті.