jasqazaq.kz

Қанат Бозымбаев Көксу ауданының тұрғындары алдында есеп берді

30 наурыз 2022, 20:52

Көксу ауданы өзінің аграрлық саладағы әлеуетімен Талдықорған қаласының азық-түлік белдеуін құру ісіне белсене қатыса алады. Ол үшін ауыл шаруашылығына жүйелі дамыту керек. Бұл туралы бүгін Көксу ауданы тұрғындарымен өткізген кездесуінде Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев айтты. Аудан халқының алдындағы есеп беру барысында облыс басшысы көксулықтардың сұрақтарына жауап беріп, соңынан жеке азаматтар үшін қабылдау өткізді. Сол сияқты аудандағы әлеуметтік, аграрлық және ирригациялық нысандарды аралады. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Талдықорған өңірін дамыту мақсатында 6 542 жұмыс орнын ашатын, 999,5 млрд. теңгеге 182 жобаны іске асыру көзделген. Өңірді дамытуда Көксу ауданының қосып отырған үлесі зор. Мәселен, аудан қант қызылшасын егуден облыста 2-ші орында, ал майлы дақылдардың түсімі бойынша 5-ші орында. Мұндағы қызылша алқабы биыл 1,4 мың гектар немесе облыстағы жалпы егістіктің 23 пайызын құраған. Ауданның өнеркәсіп өндірісіндегі Көксу қант зауытың үлесі 46%. Сол сияқты өңір өңдеу саласына озық үлгідегі роботтандырылған технологияны да сәтті енгізуде. Десе де алдағы уақытта басымдық беретін бағыттар да бар.

— Талдықорған қаласының ішкі нарығын толықтыру үшін көкөніс қоймаларын, жылыжайлар, ет комбинатын құру шараларын қабылдау қажет. Бұл өз кезегінде негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Қ.Бозымбаев.

Сонымен қатар аудандағы орын алған кемшіліктерге де тоқталды. Мәселен, Балпық би, Қаратал ауылдарының тұрғындарынан салынған су құбырларының сапасына қатысты шағым жиі түседі. Алғабас ауылы тұрғындарының тұзды су ішуге мәжбүр болып отырғаны жылдар бойы шешімін таппай келеді. Ауданға газ тарту жұмысы 2017 жылы басталғанымен газдандыруға жататын 13 елді мекенінің әзірге тек бесеуі ғана газға қол жеткізген. Жыл басынан өнеркәсіп өндірісінен, шағын және орта бизнес субъектілерінен түскен салық мөлшері 2 есеге, құрылыс жұмыстарының көлемі 17 пайызға, ет өндірісі – 25 тоннаға азайған. Осы және басқа да олқылықтарды жою үшін Қанат Алдабергенұлы:

— Аудан әкімі инвестиция тарту, жұмыс орындарын құру, аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен, табиғи газбен қамту мәселелерін ерекше бақылауға алсын. Аудан әкімдігінің жұмысын нығайту керек, жалпы Көксу ауданын дамытудың нақты іс-қимыл жоспарын бір ай көлемінде әзірлеуді тапсырамын, — деді облыс әкімі.

Кездесуде 22 тұрғын Қ.Бозымбаевқа барлығы отыз бес сауал қойды. Соның ішінде жол жөндеу, абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты сұрақтар жиі көтерілді. Мәселен, Мәулімбай мен Мұсабек ауылдарының арасындағы жолмен тұрғындар қырға жем-шөп тасиды. Сондықтан ауыл арасындағы жол сапасының нашарлығынан қатынас қиындаған. Ауылдастарының өтінішін тұрғын Сайлаубек Қоңқақов жеткізді. Жауап беру барысында аталған жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындауға қаржы бөлінгені белгілі болды. «Келесі жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі», — деді облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғ.Дәрібаев.

Балпық би ауылы Мырзабеков көшесінде қолданысқа берілген жалгерлік үйдің жеті бірдей тұрғыны пәтерлерінің суықтығына шағымданды. Жылыту жүйесінде ортақ ақау болса, тексеріп, қарап, жөндеуге көмек берсеңіздер деді тұрғындар. Сол сияқты кешегі дауылда осы үйлердің бірінің сыртқы сылағы түсіп қалған. Облыс әкімі өз орынбасары Жеңіс Тұяқовқа облыстағы тиісті мамандарды тарта отырып, ауданда арнайы комиссия құруды тапсырды. Тұрғын үйлерге тексеру жүргізіледі, анықталған жағдайда ақаулары, сол сияқты дауылдың салдарынан туындаған мәселелер де демеушілер тарту арқылы ретке келтіріледі.

Бірқатар азамат табиғи газға қосылу құнының қымбат екенін айтты. Бұл жөнінде облыс әкімі газ бағасын қолжетімді ету жұмыстары облыс көлемінде атқарылып жатқанын жеткізді. Тиісті есептеулер жасалды, қазір баға мәселесі инвесторлармен келісілу үстінде.

Диқаншылықпен айналысатын С.Алиева аммиак селитрасын делдалдардың қолынан қымбатқа алатынын, тікелей өндірушіден алудың немесе субсидия алудың мүмкіндіктерін сұрады. Жауаптан белгілі болғандай, шаруа аталған тыңайтқышты сатып алғанын растайтын қағаздарды жинап, тиісті жауапты мекемеге тапсырған жағдайда, субсидия төленетін болады.

Кездесуден кейін облыс әкімі жеке азаматтар үшін қабылдау өткізіп, бұл жерде де тұрғындардың өтініш-шағымдарына құлақ түрді.

Көксу ауданына сапары барысында анат Бозымбаев бірқатар нысандарды аралады. Алдымен 40 мыңнан аса тұрғынға өзі шағын, әрі тозығы жеткен ғимаратта қызмет көрсетіп отырған ХҚКО-да болды. Орталық жанында бос орынға жаңа ғимарат салуға болады. Облыс әкімі оның қаржыландыру мәселесі алдағы уақытта шешілетінін айтты. Облыс басшысы жаңа ғимарат салуды қажет ететін Жамбыл ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бөлімшеде, күрделі жөндеуге сұранып тұрған Мұсабек атындағы орта мектепті аралап көрді.

Қанат Бозымбаев барған Лабасы ауылдық округіндегі «Шаңырақ» ГЭС-інің қазіргі кезде құрылысы біткен, ендігі мәселе — құралдармен жабдықтау. Ол үшін 1,2 млрд. теңге қажет. Бұл мәселені банктер арқылы шешуге мүмкіндік болмаған. Істің мән-жайына толық қаныққан облыс әкімі бұл мәселе бойынша «Жетісу» ӘКК басшысына инвестор табуға көмектесуді тапсырды.

Облыс басшысы тоқтаған тағы бір нысан — Мәмбет ауылы маңындағы Көксу су бөгетіне 2020 жылдан бері «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша жаңғырту жүргізілуде. Сонымен қатар Ислам даму банкімен бетон арналарын салу арқылы Көксудағы ирригациялық жүйелердің жағдайын жақсартатын арнайы жоба әзірленуде. Сонда ауданның суару жүйелерінің мәселесі жүйелі шешілетін болады.

Сондай-ақ облыс басшысы 2018 жылы ашылған «Каримов» ЖК-ның тауарлы сүт фермасына да барды. Соңғы үлгіде жасақталған фермаға «Жетісу» ӘКК мен кәсіпкер бірлесіп, 1 млрд. 300 мың теңге жұмсалған. Бұл — облыстағы 400 басқа арналған, жоғары технологиялы роботтандырылған алғашқы сүт фермасы. Бір сиыр күніне жоғары сапалы 28 литр сүт береді. Ендігі жерде өз қаржысына сауын сиыр санын 350 бас сиырға жеткізу көзделіп отыр. Бұл орайда облыс әкімі жоғарғы сапалы сүтпен және етпен қамтитын тағы бір ферма салудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бастама өңірдің ары қарай дамуына, халықты сүт және ет өнімдерімен қамтамасыз етуге зор ықпал етер еді.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде