
Қаратал ауданы инвестиция тарту жағынан облыста 15-ші орында тұр. Ал өңірдегі өнеркәсіп өндірісі көлеміндегі ауданның үлесі 0,2% немесе 18-ші орында. Сондықтан ауданға инвестиция тартумен түбегейлі айналысу қажет. Бұл туралы бүгін Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Қанат Бозымбаев айтты, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, ауданның ауыл шаруашылығындағы әлеуетінің тиімділігін арттыру үшін мемлекет тарапынан біршама қолдау шаралары жасалуда. Облыс бойынша каналдарды жөндеуге қарастырылған 7,1 млрд. теңгенің 1 млрд. теңгесі Қаратал ауданына бөлініп отыр. 2021 жылы ауданның 7 елді мекенін газдандыру басталып, оған 1,8 млрд. теңге бөлінді. Биыл Үштөбе қаласын, Ортатөбе, Бастөбе, Тастөбе ауылдарын газдандыру басталады. Жуырда «KazSilicon» металлургия комбинаты іске қосылды, оған жергілікті мамандар тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл — аудан дамуына мультипликативті әсер беретін ірі жоба. Кәсіпорынның іргесін кеңейтуге қатысты жұмыстармен аудан әкімдігі тиянақты айналысуы тиіс. Білім беру саласында биыл Ортатөбе ауылы мен Үштөбе қаласында 380 оқушыға арналған екі мектептің құрылысы жалғасып жатыр, сондай-ақ жаңа колледждің құрылысы басталады. Аудан орталығында 2 млрд. теңгеге 180 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланып отыр.

Дегенмен облыс басшысы ауданның кемшін тұстарына да тоқталды. Суару желілерін тазарту мәселесі уақытылы шешілмегендіктен 6 мың гектарға жуық суармалы жер пайдаланылмай отыр. Суды үнемдеу технологиясы нашар қолданылады. Ауданда 18,5 мың бас сиыр болғанымен, небары 950 басқа арналған 5 тауарлы сүт фермасы ғана жұмыс істеп тұр. Яғни тауарлы сүт фермалары жүйелі дамымаған. Тұрғын үй құрылысының да қарқынын үдету керек. Шағын және орта бизнестің үлесін арттыру қажет. Осы және өзге де кемшіліктерге қатысты облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Әлеуметтік саланы да назардан тыс қалдырған жоқ.
— Аудандық кітапхананың типтік ғимараты жоқ, кітапхана аудандық мәдениет үйінің екінші қабатында орналасқан. Кітап қоры сыймайды, температура режимі сақталмайды. Жер бөлінбеген. 1 600 тұрғыны бар Балпық ауылдық округі ауылдық клубқа зәру. Сондай-ақ Кальпе ауылында ауылдық мәдениет үйі жоқ. Осыған байланысты аудан әкімімен бірлесіп аталған елді мекендерде мәдениет үйлерін ашу қажеттілігіне талдау жасаңыздар, — деді Қанат Бозымбаев өз орынбасары Арслан Дәндібаев пен тиісті басқарма басшыларына қаратып.
Сол сияқты аудан тұрғындарының елді мекендерді абаттандыру, жол жөндеу, ауылдардың санитарлық тазалығы, ауыз су сияқты өзекті мәселелерімен әлеуметтік желі арқылы таныс екенін айтқан облыс басшысы барлық өтініштер бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
— Ауданда жергілікті атқарушы органдардың пәрменді шаралар қабылдауын талап ететін бірқатар проблемалар бар. Аудан басшылығы халық алдындағы барлық жауапкершілікті сезінуі тиіс. Біз жаңа Қазақстанда тұратынымызды түсінетін кез келді, енді паркетті шенеунік болуға болмайды. Аудан әкімі жоғарыда аталған барлық проблемалық мәселелерді ерекше бақылауға алып, өңір экономикасына инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған нақты іс-қимылдар жоспарын әзірлеуі қажет. Көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу қамтамасыз етілсін, — деді Қанат Бозымбаев.

Кездесу барысында оннан астам тұрғын инватаксиді жаңарту, балабақша, балалар өнер және спорт орталықтарын ашу, қала ішінде қоғамдық көлік жүргізу, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімін делдалсыз тікелей өткізуге қолдау көрсету, спорттық-сауықтыру орталығын салу, суару каналдарын тазалау және басқа да тақырыпта жиырмаға жуық өтініш-тілектерін жеткізді. Сауалдардың барлығы назарға алынды, аудан әкімдігі мен тиісті сала мамандары нақты шаралар қабылдайтын болады.
Осы сапарында облыс әкімі бірқатар өндірістік, әлеуметтік-білім беру салаларының нысандарын аралады. Атап айтқанда, Үштөбедегі Кемел Тоқаев атындағы мектептің музейін көріп, орта мектептегі жапсаржай құрылысымен танысты. Төле би көшесін аралады, Бастөбе сервистік-техникалық колледжінің күрделі жөндеу мен материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстарының барысын бағамдады. Облыс әкімі атбасын бұрған нысанның бірі сүт шығаратын «Үштөбе — Айдын» ЖШС әзірге ескі қондырғыларды қолданып отыр. Оның заманауи құрал-жабдықтармен жаңғыртылу мүмкіндіктерін зауыт иесі аудан әкімдігімен бірлесіп қарастырмақ. Қанат Бозымбаев Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі болу орталығында, күрделі жөндеуі ұзаққа созылған аудандық ауруханада да болды. Мәселен, Шаңырақ шағын ауданында әлеуметтік әлжуаз топтарға берілген №9 көпқабатты тұрғын үйді аралау барысында нысанды орталық газ жүйесіне қосу үшін үйішілік газ тарату жүйелерін орнату, сыртқы оқшаулау жұмыстарына 142,1 млн. теңге қаражат қажет екендігі айтылды. Осындай өзекті мәселелердің барлығы нысандарды аралау барысында кеңінен талқыланды.
Сапар соңында облыс әкімі Қанат Бозымбаев аудан азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.