
Мемлекеттің мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі, сондай-ақ азаматтарды қорғау мен құтқаруда көрсеткен жеке жанқиярлығы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бірқатар азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды. Ал кеше Елордада мемлекеттік награда берілген бір топ қайраткердің қатарында облысымыздың алты азаматы марапатталған болатын, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтаған Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы Жаңа Қазақстанды құруға жол ашатын бастамаларының маңызын атап өтті.

— Мұның бәрі – елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы. Халқымыз қашанда береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа баса мән берген. Ел ішінде бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәтте ерлігімен көзге түскен жандар аз емес. Кешегі дүрбелең кезінде қаншама азаматымыз жұртты сабырға шақырып, салиқалы сөз айтты. Олар өз басын қатерге тігіп, айналасындағы адамдарға көмектесті. Сіздердің әрқайсыларыңыз ынтымақ пен бірлік құндылықтарына адал тұлғасыздар. Өздеріңіздің еңбектеріңізбен, көмек қолын созуға деген шынайы ниеттеріңізбен барша жерлестерімізге үлгі-өнеге көрсетіп жүрсіздер. Өкінішке қарай, дүрбелеңде бірқатар азаматымыз ерлікпен қаза тапты. Бұл – нағыз қасірет. Қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша барлық жағынан көмек берілді. Біз азаматтарымыздың орнын ешнәрсемен толтыра алмасымыз анық. Көңілге жұбаныш – артта қалған ұрпағы, солардың қуанышы. Мұндай қасірет елімізде ешқашан болмасын! – деді өз сөзінде Қ.Бозымбаев.

Осы жиында облыс әкімі І-дәрежелі «Айбын» орденімен ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара Қызметі Алматы облысы департаментінің бастығы Әлібек Каюповты, «Құрмет» орденімен еңбек ардагері Нағима Сейітбаталованы, «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбайды, облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің қазақ күресінен аға жаттықтырушы Тимур Абыхановты, «Шапағат» медалімен «Баракат жақсылыққа жол» ұйымының жетекшісі Әсем Нұртуғанды марапаттады.
Атап өтсек, кеше ел Президентінің қолынан Алматы облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін, облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов «Отан» орденін алған болатын.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.