jasqazaq.kz

«Қамалы бекем, халқы қайсар — Отырар»

08 тамыз 2019, 11:24

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Отырар қорғанысының 800 жылдығына орай «Қамалы бекем, халқы қайсар — Отырар» (Отырар қорғанысына 800 жыл) тақырыбында «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК қор материалдары негізінде ұйымдастырылған көрме ашылды.

Көрменің мақсаты келушілерді Отырардың көне тарихымен таныстыру болып табылады.

Отырар-әлемдік өркениетте өзіндік үлесі бар, тарихы терең, табиғаты көркем, төсінде сұлу Сыр мен ерке Арыс қатар аққан, Ұлы Жібек жолы бойындағы құтты мекен. Ежелгі заманнан-ақ бүкіл шығысқа кеңінен танымал Үнді, Қытай, Византия, т.б. мемлекеттермен үнемі ғылыми, мәдени, экономикалық, дипломатиялық байланыстарда болып, қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған аймақ.

Ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің туылған өлкесі Отырар – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қалалардың ең белгілісі. ҮІ-ҮІІІ ғасырларда Отырар-Фараб Сырдарияның орта шеніндегі ірі феодал иелігінің астанасы, ІХ-ХІІ ғасырларда аймақтың бас қаласы, ХІІІ-ХҮ ғасырларда Қазақстанның оңтүстігіндегі аса ірі қалалардың бірі, ал ХҮІ-ХҮІІІ ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығы болған.

ХІХ ғасырдың аяғында Отырар қирандылары мен оның төңірегінде орналасқан басқа да ескерткіштер зерттеуші ғалымдардың назарынан тыс қалған жоқ. Отырар ескерткіштері жайлы В.В.Бартольд, Е.Г.Смирнов, Н.С.Лыкошин, А.О.Руднев, Д.Н.Люшин, И.А.Кастанье, А.К.Кларе, А.Черкасов, И.Т.Постлавский, А.Н.Бернштам, Е.И.Агеева, А.Г.Максимова К.А.Ақышев, К.М.Байпақов, М.Б.Қожа және тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде кеңінен жазылған. Тарихи деректерге сүйенсек, Отырардың алғашқы топографиялық сұлбасы 1903 жылы түсірілді. Отырарды зерттеу 1904 жылдары А.Кларенің басшылығымен жүргізілген алғашқы ғылыми негіздегі қазба жұмыстарынан басталады.

1947 жылы Оңтүстік Қазақстанда орналасқан ескерткіштерді зерттеу қолға алынып, сол кездегі Тарих, археология және этнография институты мен материалдық мәдениет институтының Ленинградтық бөлімі бірлесе отырып Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясын (ОҚАЭ) құрды, экспедиция басшысы А.Н.Бернштам болды. ОҚАЭ өңірдегі Пышақашытөбе, Алтынтөбе, Құйрықтөбе, Марданкүйік, Көкмардан сонымен қатар Сырдарияның солтүстік жағасындағы Бұзық, Оқсыз, Артық ата, Қауған ата, және Сумағар сияқты тарихи ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1969-1971 жылдары Кемел Ақышевтің бастамасымен ҚазКСР Ғылым Академиясының Ш.Уалиханов атындағы тарих, археология және этнография институты Отырар экспедициясымен жұмысты қайта бастады. Нәтижесінде Отырар Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы барынша терең зерттелген ортағасырлық қала болып саналады.

Тарихтың, халықтың өсу жолымен ұштасып, жалғасып жатқан Отырардағы археологиялық қазба, зерттеулер нәтижесінде табылған, тарихи мұраларымыз осындағы ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және археологиялық ескерткіштерді қорғау мекемесі «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК қорында жинақталған.

Көрменің ашылуында ҚР Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Ғалия Теміртон, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің бас қорсақтаушы маманы Ералы Шохай, А.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының докторанты Б.А. Железняков, ҚР МОМ археология бөлімінің жетекшісі Хамит Айтқұл сөз сөйледі.

Төрт бөлімнен тұратын көрменің алғашқы бөлімін музей қорындағы археологиялық материалдардың ерте ортағасырлық үлгілері ІІІ-VIII ғғ. тән түпнұсқа жәдігерлер мен деректік материалдар құрайды. ІІ-бөлімде Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қала мәдениетінің дәуірлеген кезіндегі Отырар, яғни ІХ-ХІІ ғғ. Отырардың тыныс-тіршілігін баяндайтын еңбектер қорытындылары мен сол кезеңдерден жеткен археологиялық материалдар. ІІІ-бөлімде ХІІІ ғасырдағы Отырардағы дүрбелең, моңғол шапқыншылығы кезіндегі Отырардың тіршілігі және осы кезеңдерге тән жәдігерлер, ІV-бөлімде Отырардың қайта бой көтеруі. Билеуші Әмір Темір дәуірінен бастап Қазақ хандығы тұсындағы Отырардың даму кезеңдерінен хабар беретін бірегей, түпнұсқа заттар мен деректер қамтылды.

Көрме 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Мекен-жайы: Самал-1 ы.а., 44-үй, т. +7 (727) 264 49 11, 264 23 90

20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда