Қалбибі Сайтбай: Жастар – қоғамның бір бөлшегі

08 тамыз 2023, 14:01

«Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгінгі жастар еліміздің ертеңі. Болашақ жастардың қолында деп бекер айтпаймыз. Қазір өздерінің ерекше ойымен, пайымымен, білімімен жан-жақты дамып, еліміздің алға қарай жылжуына өзіндік үлес қосып жатқан жастарымыздың қатары артқаны қуантады. Осы ретте киелі Түркістан өңірінің жастарын ерекше атап өткіміз  келеді. Түркістан облысы жастары мемлекетіміз жүргізіп отырған жастар саясатын дамытуда өте белсенді. Өңірдегі жастардың басын біріктірген «Жастар рухы» жастар қанаты мен әр аудандағы жастар ресурстық орталығының жұмыстарымен етене таныспыз. Қазіргі жастарымыздың  сапалы маман атанып, білім алып,  кәсібін әрі қарай дамыту үшін не істеуіміз керек? Жастардың тұлға ретінде дамуына, адами құндылықтарды сіңіруіне қалай үлес қосамыз? Осы сынды маңызды сұрақтардың жауабын «Түркістан жоғары  медицина колледжі» Жастар рухы жастар қанатының жетекшісі, болашақ дәрігер  Қалбибі Сайтбайдан білдік.

— Қалбибі Камилжанқызы, «Түркістан жоғары медициналық колледжі» Жастар рухы жастар қанатының жетекшісі ретінде айтыңызшы, колледж жастарының мемлекетіміздің жастар саясатын дамытуға  бағытталған бағдарламаларымен таныс па?

— «Түркістан жоғары медицина колледжі» «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі ретінде айтарым, колледжіміздің жастары мемлекетіміздің жастар саясатын дамытуға бағытталған бағдарламаларымен етене таныс. Жалпы жастар еліміздің дамуының құраушы күші десем де болады. Таныс деуімнің себебі, «Жастар рухында» жастар саясатына дем беретін жобалар өте көп. «Жастар рухы» жаңа бастаманы жүзеге асыруға, мүмкіндікті сынап көруге, әр түрлі бағыттарды үйретеді. Жарқын болашаққа жол ашып, ел дамуына үлес қосуға шақырады. Сол үшін жастар саясатын дамыту шаралары тікелей жастар ұйымдары арқылы жүргізіледі. Колледж жастары елімізде болып жатқан маңызды шараларға қатысып, белсене араласып, өз үлесін қосуда. Сондай-ақ  Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде біздің  ұйымның жастары белсенділік танытты. «Аманат» партиясы атынан сынға түскен үміткерлердің жұмысын таныстырдық. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Жастарымыз өздерін саяси бағытта дамыта түсті. Еліміздегі өзекті мәселелермен етене танысты. Бұл да жастарымыздың қоғамның бір бөлшегі екендігін көрсетті. Одан бөлек, біздің жастар қаламызда болатын мәдени шараларға да белсене атсалысады. Сонымен қатар қаламыздың тазалығы мен экологиясын сақтауға арналған сенбіліктерге де жастарымыз білек сыбана қатысады. Киелі Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері қаламыз көркейіп, білім алуға өзге өңірден де жастарымыз көп келіп, қаламыздың жастар санатын қалыптастыруға зор үлес қосып жатыр. Көрікті қаламыз Түркістанға жан-жақтан келушілердің қатары көп. Қаламыздағы туризм әлеуетін арттыруға да үлесімізді қосқымыз келеді. Осы ретте біздің колледждің жастары қаламыздың көркін сақтауға, тазалығына, экологиясына аса мән береді. Қалада өтетін тазалық сенбіліктеріне белсене қатысады. Қаламыздағы тарихи ескерткіштер мен саябақтарды таза ұстау, қала көшелерінің тазалығы да біз үшін өте маңызды. Біз қаламыздың ең жас тұрғындары ретінде сүйікті қаламыздың көркеюіне үлес қоса бергіміз келеді. Біздің өңірдегі жастарды ең белсенді жастар десем қателеспеймін. Өйткені өңір жастарын Түркістан қаласын  дамыту, еліміздің дамуына үлес қосу деген ұран біріктіреді.

— Түркістан жоғарғы медицина колледжі жастарынан құралған «Жастар рухы» жастар қанаты өткізген іс-шараларға тоқталсаңыз. Қандай тақырыптық кездесулерді жиі өткізесіздер?

— Түркістан жоғары медицина колледжінің Студент Парламент ұйымының ұйымдастыруымен осы уақытқа дейін көптеген іс-шаралар мен кездесулер өткізілген болатын. Іс-шара мен кездесулермен қоса бізде сайыстар, дебаттық ойындар, студенттер арасында дөңгелек үстел, сұхбаттар, жиналыстар, полиция қызметкерлерімен жиналыстар жиі өткізіліп тұрады. Сонымен қатар сабақ кезіңде студенттердің көңілін көтеру, қызығушылығын ояту мақсатыңда үлкен қоңырау кезіңде әр түрлі сайыстар ұйымдастырып отырамыз. Оларды атап өтсем: «Гір көтеру, «Заманауи билер», «Гитара parti», «Спорттық ойындар». Түркістан жоғары медицина колледжінің жастары және Amanat Жастар қанатының мүшелері жыл сайын қан орталығына барып, «Мен донормын» акциясы аясында қан тапсыру науқанына қатысады. Жастар алдын ала қан қысымы, қант мөлшері және оның компоненттерін, гемоглобин көрсеткіштерін толықтай тексеруден өткеннен кейін ғана қан тапсыруға мүмкіндік алады. Осылайша жастарымыз өңірдегі денсаулық саласының дамуына да титтей болса да өз үлесін қосуға дайын тұрады. Бүгінгі күнге дейін өткен іс-шаралардың ең негізгілеріне тоқтала кетейін. Атап айтсақ, Түркістан жоғары медицина колледжінің Amanat Жастар қанаты ерікті жастарының қатысуымен, Төтенше жағдайлар басқармасы, «ҚазТрансГаз Аймақ» қызметкерлерімен бірге газ қондырғыларын қолдану кезіндегі қауіпсіздікті сақтаудың арнайы нұсқауларымен тұрғындарды хабардар ету мақсатында ескертпе қағаздар таратылды. Жастарымыз осы істе де белсене жұмылып, қала тұрғындарының барлығын ескерту ақпараттарымен қамтуға атсалысты.

— Колледж жастары түрлі кездесулер өткізеді дедіңіз. Өздеріңізге ерекше әсер қалдырған кездесу жайлы айтып өтсеңіз.

— Біздің колледжде өткен әрбір кездесу, әр семинар-тренинг жастар үшін өте маңызды. Биылғы ерекше шара деп сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен киелі өңірдің бір топ  ерікті жастарына әділдік, парасаттылық, сенім құндылықтарына негізделген семинар-тренингті айтар едім. Аталған кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай егемен елдің тірегі – ерікті жастар екендігін тілге тиек етіп, бір топ белсенді жас буынды киелі өңірде адалдық атмосферасын қалыптастыру және парасаттылық идеологиясын ілгерілету жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Жалынды жастармен өткен жиында Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Түркістан облыстық филиалының аға оқытушысы Нұрбай Досанов «Парасаттылық мәдениеті» тақырыбында дәріс оқып, пайым-парасат ұғымы мен қарым-қатынастағы парасаттылық мәдениеті  бойынша еркін форматта толымды мағлұмат берді.

Өз кезегінде «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Гүлзия Қарсыбай жобалық кеңсенің аясында өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстарға айрықша тоқталып, кездесудің негізгі мақсаты – «Antikor Volontеers» еріктілер тобын құру екендігін жеткізді. Адалдық аясында өрбіген келелі кездесу соңында елдің қамы үшін  еселі еңбек етіп жүрген еріктілерге Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің және Академия филиалының тарапынан алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етілді.

Сонымен қатар Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» және қалалық Адалдық алаңы жобалық кеңсенің ұйымдастыруымен, колледжіміздің жастарының қатысуымен «Сенбілік кездесудің» қонағы қаламыздың құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мұстафаева Ұлжан Әбенқызымен өткен кездесуді ерекше атар едім. Түркістан облысының дамуына және жастар саясатына өз үлесін косып жүрген Жансерік Бауыржанұлы Жұман кездесу барысында жастарға жасампаз, ұлтжанды жастар ғана елімізді өркендете алатынын ескертіп, еліміз жастарға әрдайым зор сенім aртып, ерекше үміт күтетінін айтты. Бұл келелі кездесулердің мақсаты — қаламызға еңбегі сіңген, өмір жолы өнегеге толы тұлғалармен сұхбат құру, жастар арасында оларды дәріптеу арқылы жастарымызға эстетикалық тәрбие беру.

Жастардың маман иесі танып, бос уақыттарын тиімді өткізуге спорттық-танымдық іс-шаралардан бөлек, тағы қандай жұмыстар жүргізілуі керек деп ойлайсыз?

— Иә, әрине. Алғашқы әскери дайындық пәні мен дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен Жастар ұйымының ұйымдастыруымен Спорттық танымдық іс-шаралар жиі өткізіледі. Іс-шара барысында арқан тарту, қол күрес, гір көтеру, т.б ұлттық ойындар ойнатылады. Біздегі мақсат жастар мен жасөспірімдерді патриоттыққа баулу. Сонымен қатар волейбол, баскетбол ойындары арасында жарыстар өткізіледі. Бұл біздегі жастардың тұрақты қатысатын шаралары. Спорттық ойындар жастарымыз үшін әрине маңызды. Салауатты өмір салтын ұстану әр адамның борышы деп санаймын. Дегенмен одан бөлек түрлі тақырыптық кездесулер, тренингтер мен тимбилдингтер ұйымдастыруға болады. Биылғы жаңа оқу жылына ең маңызды деген кездесулерді өткізуге жоспар жасап жатырмыз. Жастарға «мамандық таңдау», «кәсіп ашу», «тіл үйрену» сынды өзін-өзі дамытатын кездесулерді жиі ұйымдастыруымыз керек.

— Түркістан облысының жас белсендісі ретінде айтыңызшы, жастардың дамуына тағы да қандай жұмыстар қолға алынып, атқарылуда?

— Жастар — елдің айнасы.

Мен сенемін жастарға,

Алаш атын аспанға,

Шығарар олар бір таңда

Мен жастарға сенемін, — деп Мағжан Жұмабаев атамыздың рухты өлеңі бізді жігерлендіреді. Мағжан атамыз секілді біз де өз кезегімізде болашағымызға өшпес мұра қалдыруға міндеттіміз. Жастардың дамуы үшін тек білім мен жәнеде олардың бір іс бастауына мүмкіндік болса болғаны. Озық білім бар жерде ілгері жылжу бар, даму бар деп білемін. Бүгінде жастарға мемлекет тарапынан барлық жағынан қолдау бар. Биыл білім аламын деген жастарға мемлекеттік грант көп бөлінді. Әсіресе, педагогикалық, техникалық мамандықтарға түскендердің қатары басым. Бұл дегеніміз жастарымыз тегін білім алып, ертеңгі күні өзі қалаған маман атануға зор мүмкіндік алды деген сөз. Жастарымыздың тұлға ретінде дамып, тіпті кәсібін ашуға да зор мүмкіндіктер берілуде. Қазір білім аламын деген адамға барлық мүмкіндік қарастырылған. Тек ол үшін ерінбеу керек. Алға қойған мақсатқа қарай ұмтылу керек. Жастардың дамуына бағытталған түрлі бағдарламалар мемлекет тарапынан да, жастар ресурстық орталығы мен жастар рухы жастар қанаты тарапынан да жасалып жатыр. Біздің тұлға ретінде дамуымызға да келелі кездесулер мен семинар тренингтердің әсері мол.

— Жастардың әлеуметтік мәселелері, жұмыссыздық сынды мәселелерді қалай шеше аламыз, жас маман ретінде ойыңызбен бөліссеңіз?

— Қазіргі кезде қолыңда бір емес екі дипломы бар жандарда жұмыссыз жүргені өтірік емес. Барша қо­лына диплом алған жас мамандарды жұмыспен қамту, жас отбасылардағы тұрғын үй мәселесі сияқты сұрақтар ойландырады. Қазіргі таңда жұмыс істеп жүрген адамдардан, жұмыссыз жүрген жандар өте көп. Жұмыссыздық мәселесін біз тек еліміздің заңды талабына сай жұмыс істеу арқылы ғана төмендете аламыз. Менің ойымша, әрбір жас жұмысқа деген ойын өзгертуі керек. Жұмыс іздеген адамға «екі қолға бір күрек» әрдайым табылады. Қазіргі заманда жұмыс жоқ екен деп отыра беруге болмайды. Өйткені қазір жұмыссыз жандарға арналған арнайы мемлекеттік бағдарламалар бар. Ол жерде жастарға, орта жас пен зейнеткерлерге де арналған бағдарламалар бар. Бүгінде еліміздің жастарына арналған мемлекеттік бағдарламалардың саны көп. Атап айтар болсам, кәсібін ашып, өзінің ісін әрі қарай дамытқысы келетін жастарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз немесе пайызы аз гранттар бар. Сонымен қатар, 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға тиімді тұрғын-үй бағдарламалары да бар. Менің ойымша, кез келген жас осы бағдарламаға қатысып, өзінің армандарын іске асыра алады. Шетелде білім алғысы келетін жастарға да «Болашақ» бағдарламасының үлесі зор. Көптеген жастарымыз білімін жетілдіріп, еліне келіп түрлі лауазымды қызметтер атқаруда. Осындай түрлі игілігі мол бағдарламалар тұрғанда «жұмыс жоқ, даму жоқ» деп қол қусырып отыратындарды түсінбеймін. Қазір жыл сайын бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылады. Арнайы жұмыс орнын ұсынатын түрлі әлеуметтік парақшалар да жұмыс істеп тұр. Әрбір жас болашақ мамандығын дұрыс таңдап, алдына мақсат қоя білсе барлығы жақсы болады деп ойлаймын. Ең бастысы, өзіңнің өмір жолыңа өзің жауапты екеніңді ұмытпауың керек.

— Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

Суреттер «Түркістан жоғары медициналық колледжі» «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымынан алынды

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді