
Алматыда «Вечерний Алматы» газетінің 85 жылдық мерейтойына орай «Мост» бильярд клубында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында бильярдтан турнир өтті.

1936 жылдың 28 сәуірінен бастап жарыққа шығып, оқырманның қолдауына ие болған газеттің мерейтойлық турнирін құрамына «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы» газеттерінің редакциясы кіретін «Alatau Aqparat» ЖШС ұйымдастырды. Турнирдің бас демеушісі – Қазақстан Құрылыс салаларының Одағы басқармасы.
Жарысқа халықаралық дәрежедегі төреші Р.Бузурходжаев бас қазылық етті. 32 қатысушының арасынан қара үзіп, «Еуразия» бірінші арнасының шеф редакторы Үмбетәлі Меймеш чемпион атанды. Екінші орынды Alatay Aqparat ЖШС бас директорының орынбасары Нұржан Шынтаев олжалады. Үшінші орын «Алматы» телеарнасының операторы Мұратбек Алмасханға бұйырды.

«Alatay Aqparat» ЖШС-нің коммерциялық директоры Қуаныш Дюскалиев турнирді ұйымдастырушылар атынан және осы жарысқа демеушілік танытқан Қазақстан Құрылыс салаларының Одағы басқармасының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Ералы Сауранбаев тастаяқ додасына түскен журналистерге алғысын білдіріп, естелік сый-сияпатын тапсырды. Сонымен қатар, БСФ бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі төреші Роман Бузурходжаев бастаған Қазақстан Республикасы бильярд спорты федерациясының төрешілер алқасы дода ерекше көзге түскен қатысушыға арнайы сыйлығын табыстады.
Фотоға түсірген Қайрат Қонысбаев
Қуан Жомарт