
Шымкент қаласында қала күні мерекесі қарсаңында «Тассай» индустриялық аймағында 250 жаңа жұмыс орны ашылып, 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның бірі — кеңсеге, мектепке шкафтық жиһаздар мен жиһаздар шағаратын «Mega Smart B2B» ЖШС.
Жаңа фабриканың ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, кәсіпорын басшылары мен жұмысшыларды қала күні мерекесімен құттықтады.
–Қаламызда мемлекеттік қолдау арқасында жаңа өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта Шымкентте қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қала экономикасы өсімінің негізгі алаңдары болып табылатын арнайы экономикалық, индустриялық аймақтардың тиімді жұмыс жасауына ерекше көңіл бөлінуде. Қала күніне орай «Тассай» индустриялық аймағында іске асырылған жобалар санын жиырмаға жеткізіп отырмыз. Сол кәсіпорындардың бірі – «Mega Smart B2B» жиһаз фабрикасы болып табылады, — деген Ш.Мұқан кәсіпорынды ашылуымен құттықтады.
Жоба «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында іске қосылып отыр. Көлемі 2 гектар аумақты құрайтын 750 млн.теңгелік инвестициялық жоба нәтижесінде 100 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс ошағы жылына 120 мың жиһаз бұйымдарын шығаруға қауқарлы.
Мұнан кейін Шыңғыс Мұқан қорғаныс киімдері мен медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын «Экофарм» өндіріс орнының ашылуына қатысты.
Ол өз сөзінде Шымкенттің республикалық маңызы бар қала статусын алған 4 жыл мерзімінде қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы артып, инвестиция тарту бойынша республикадағы үздік қалалар қатарында екендігін айтып өтті.

–Бүгінгі таңда «Тассай» ИА-да жалпы инвестициялық сомасы шамасымен 45 млрд. теңге құрайтын 37 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі жоба қаланың экономикалық өркендеуі мен медициналық бұйым өндірісі саласында жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлкен серпін береді деген сенімдемін. Баршаңызды қала күнімен құттықтай отыра, жобаның арықарай өсіп өркендеуіне тілек білдіремін, — деді ол.
Жобаға 3,4 млрд. теңге инвестиция салынған. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Тассай» индустриалды аймағынан 1,25 гектар жер телімін ұзақ мерзімге жалға алып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында іске қосылған.
Жаңадан ашылған өндірісте 150 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған мекеменің жылына 600 мың дана қорғаныш киімінің 17 түрін, 500 мың дана медициналық киім, 20 миллион дана медициналық маска мен респиратор, 1 миллион дана медициналық көзілдірік шығарады.
Тоқтар Жақаш