
Шымкент қаласы «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «Аlem luxury» ЖШС-нің құрылысы жуырда аяқталды. Жиһаз өндіруге бағытталған фабрика жылына 5 мың өнім өндіретін әлеуеті бар. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов индустиалды аймақты аралау барысында кәсіпорынның жұмысымен танысты. Жобаны жүзеге асыруға 500 млн теңге тартылған. Фабрика пайдалануға берілсе 80 жұмыс орны құрылады. Қала басшысы ат басын бұрған келесі нысан – «DentaFill Kazakhstan» ЖШС. Дәрілік және гигиеналық заттарды өндіретін компания жылына 10 млн дана өнім шығаратын әлеуеті бар. Бүгінде нысанның құрылысы аяқталып, қажетті құралдармен жабдықталуда. Одан кейін М.Әйтенов «Smart eng» жиһаз фабрикасында болды. Жылдық әлеуеті 120 мың жиһаз өндіретін кәсіпорын жақын арада ресми түрде өз жұмысын бастағалы тұр. Нәтижесінже 100 адам жұмыспен қамтылмақ.
Аумағы 2 га жерге орналасқан фабриканың құрылысы 2021 жылы басталып, оған 750 млн. теңге инвестиция тартылған. Өндіріс орындарын аралаған қала әкімі кәсіпорын иелеріне бірінші кезекте жұмысшалырдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және еңбек шарттарын толық орындауды тапсырды. –Кәсіпорын ашуға ықылас білдірген кәсіпкерлердің барлығына өз тарапымыздан түрлі бағытта қолдау көрсетуге дайынбыз. Қаламызда зауыт, фабрикалардың көптеп салынуы қала экономикасына оң әсерін тигізумен бірге, азаматтарымыз тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондықтан бірінші кезекте жұмысшылардың еңбек шарттарында көрсетілген барлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілуі керек, -деді қала әкімі.
Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында биылғы жылы жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 150 жаңа жұмыс орнымен 5 инвестициялық жоба іске қосылады. Сонымен қатар, қала әкімінің төрағалығымен инвестициялық штаб отырысында 9 жаңа жобаның таныстырылымы баяндалды. Олар негізінен құрылыс, жеңіл өнеркәсіп және әлеуметтік сала бойынша. Қала әкімі жаңа өндіріс орындары қаламыз үшін маңызды екенін, ұсынылған жобаларға қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Индустриалды аймақтардан қажетті жер беріледі. Шаһар басшысы жобаның жүзеге асырылуы барысында кездесетін мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеген болатын.

Тоқтар Жақаш