jasqazaq.kz

Кеттік… Критке! Air Astana Алматы-Ираклион бағытында рейс ашты

09 маусым 2022, 15:16

Біздің грек елімен қарым-қатынасымыз мығым. Мәдениет пен ғылым-білім саласындағы байланыс жыл өткен сайын нығайып келеді. Арадағы сауда айналымына да өкпе жоқ. Тек барыс-келіс жағы кемшін. Басқа танымал бағыттармен салыстырғанда, грек жағалауына біздің туристердің аяғы онша жете қойған жоқ. Оған бір есептен жол машақаты кедергі.

Енді, міне, Air Astana биыл Алматы – Ираклион бағытын іске қосты. 2 маусымдағы тұңғыш рейске біз де, яғни бір топ тілші мен блогерлер қауымы да іліндік. Крит аралын көргісі келетіндер мұншама көп болар ма, 165 орындық әуе кемесі толып барды. Арасында туристік фирмалардың өкілдері де бар. Өздері айтқандай, аралды «барлауға» бара жатыр екен. Қонақ үйлермен байланыс орнатып, демалам деушілерге таяу арада жаңа бағыт ұсынбақ.

Алты сағаттан астам уақыт өткенде Air Astanа ұшағы Ираклиондағы Никос Казандзакис (әлемге әйгілі грек жазушысы) әуежайына келіп қонды. Іште ұшқыштың шеберлігіне тәнті болған жолаушылар қол соғып ризашылығын білдіріп жатқанда, сырттағылар ұшақтың қос қапталынан су шашып қарсы алды. Қай жерде де инаугурациялық рейске осындай құрмет көрсетіледі. Ираклион әуежайы да осы дәстүрден айныған жоқ.

Көп өтпей Крит аралының топырағына біздің де табанымыз тиді. Әудем жерде теңіз толқиды. Суы ерекше көкпеңбек. Құдды суретшінің қылқаламынан шыққан сурет сықылды. Өз көзімізге өзіміз сенбей, көк теңізге қайта-қайта көз тастаймыз.

Көп ұзамай біз әуежайдың ішінде өткен баспасөз мәслихатында отырдық. Алғашқы рейстің ашылуына арналған басқосуға Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев, Air Astana әуе компаниясының маркетинг және сату бойынша вице-президенті Әділ Дәулетбек, Ираклион қаласы әуежайының басқарушы менеджері Джордж Плиакас және басқалар қатысты. Жергілікті журналистер де көп жиналыпты.

Air Astana әуе компаниясының маркетинг және сату бойынша вице-президенті Әділ Дәулетбек өз сөзінде: «Крит бағытында рейстің ашылуы Air Astanа компаниясының Еуропадағы туристік бағыттарын кеңейтудегі тағы бір маңызды қадамы болып отыр. Жолаушылар әуе компаниясының жоғары сапалы қызметін тиісті дәрежеде бағалайды деген үміттеміз», — деді.

Оның айтуынша, компания грек еліне рейс ашуды бұрыннан жоспарлап қойған. Оны жүзеге асырудың биыл ғана сәті түсті. Үш айдан бері дайындық жұмыстары жүргізілген. Сөз арасында айта кетейік, бір-екі апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан да Ираклионға рейс ашылатыны хабарланған болатын. Әділ Дәулетбектің айтуынша, бұл бір жағынан шенген визасын алумен де байланысты. Ертерек қамданбаса, оған да біршама уақыт керек. Сондықтан Критке әзірге Алматыдан ғана ұшуға болады.

Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев биыл Қазақстан мен Грекия ынтымақтастығы үшін айрықша жыл екенін атап өтті.

«Екі мемлекеттің арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл 30 жыл. Әуе қатынасы туризм саласын дамытып, арадағы мәдени байланыстың әрмен қарай дамуына ықпалын тигізеді. Сондай-ақ іскерлік серіктестік нығайып, жаңа келісімшарттар жасалатыны сөзсіз», — деді ол.

Ал Ираклион әуежайының менеджері Джордж Плиакас: «Ираклион әуе қақпасын жаңа туристік бағыт үшін айқара ашты. Осылайша өз тізіміне тағы бір елді қосты. Біздің мәдени және туристік байланысымыз Air Astana компаниясы рейстерінің арқасында одан сайын беки түспек. Таяу жылдары біздің жаққа қарай компания рейстері көбейіп, қазақстандықтар Грекияның қонақжайлығына көз жеткізеді деп сенемін».

Расымен де, грек халқы қонақжайлық жағынан қазақтан еш қалыспайды. Оған біз Air Astana ұйымдастырған баспасөз сапарында көз жеткіздік.

Тағы бір маңызды ақпарат, Грекия коронавируспен байланысты бүкіл шектеуді алып тастады. Шекарадан өткенде ПТР-тест те, вакциналау құжатын да сұрамайды. Бетперде киіп жүргендер некен-саяқ. Негізінен туризммен күнелтіп отырған ел биылғы жылдан жақсылық күтетін сияқты. Оны бізді алып жүрген жолбастаушылар да жасырмады. 8 маусымнан бастап біздің шекарада да ПТР-тест пен вакцина құжаты талап етілмейді.

Енді әуе компаниясының неліктен Крит аралын таңдағанына тоқтала кетейік. Оның бірнеше себебі бар. Ежелгі өркениет бесігі — Крит аралында асықпай аралайтын тарихи орындар көп. Мысал ретінде Зевстің үңгірі мен Кносс сарайын, Спиналонга мен Санторини аралдарын айтсақ та жеткілікті. Жалпы Криттің ана басы мен мына басын шарлап шығуға бес-он күн де аздық етеді.
Сондай-ақ суға шомылып, күнге қыздырынғысы келетіндерге де барлық жағдай жасалған. Қонақ үйлерде көрсетілетін қызмет сапасының деңгейі өте жоғары. Сарқыт сатып алғысы келген туристің алдынан сауда көшелері шығады. Онда грек жерінде өсетін зәйтүннің түр-түрі, зәйтүн майы мен түрлі дертке дәру бал, емдік шөп, жергілікті шарап сатылады. Киім-кешек, аяқ киім, өзге де бұйымдарды айтпағанда. Қысқасы, бәрін де көзбен көру керек.

Еске салайық, Air Astana компаниясының Airbus А321LR әуе кемесі Ираклионға аптасына үш рет: сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері ұшады.

Гүлнар Ахметова,
Алматы – Ираклион – Алматы

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде