jasqazaq.kz

Кетпен таудың баурайы әнге бөленді

11 қазан 2019, 11:45

Бiздiң ауыл Кетпеннің етегiнде,
Ерте шықсам ауылыңа жетемiн бе?
Ақ тамақтан емiнте бiр иiскетсең,
Айналшықтап ауылыңнан кетемiн бе?

Есiктiң алды тал-қайың,
Басыңда тұрмас жаз дәйiм.
Қалқатай еске түскенде,
«Сары бидай» әнiн,
Сағынып сонда салғаным.

  Осы бір сағынышқа толы әнді бала кезімізден естіп өстік. Әсерлі әнді халық әні деп танып келгеніміз де рас. Сөйтсек, бұл ән қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өзіндік орны бар Жетісу әншілік мектебінің көрнекті өкілі Сәдіғожа Мошанұлының әні екен. Қазан айының алғашқы аптасында ақын, сазгер Сәдіғожа Мошанұлының 100 жылдық мерейтойы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Үкімет қаулысымен республика көлемінде  ұйымдастырылды.

Мерейтой сазгердің туған жері Алматы облысына қарасты Кетпен ауылының төрінде өтті. Алматыдан барған бірқатар БАҚ өкілдерімен бірге jasqazaq.kz тілшісі де дүбірлі тойдың куәсі болды.

Ең алдымен мерейтойға келген жұртшылық Кетпен ауылының төрінен орын алған Сәдіғожа Мошанұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанатын тамашалады.  Ал  Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдерге арналған театрдың белді актерлары сазгер әнін әуелетіп, театрландырылған қойылыммен салтанатты шараның шырайын келтірді.  Мерейтой елімізге белгілі өнер майталмандарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.  Сондай-ақ Сәдіғожа әндерін орындаудан өткен аудандық ән байқауының жеңімпаздары марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды.

Алты қанатты киіз үйлерде жиналған қонақтардың барлығына ас беріліп, ауыл етегіндегі Қарадаланың жазығында дүбірге бөлеген бәйгенің жүлдегерлері анықталды. Оқырмандарға түсінікті болу үшін алдымен, ақын әрі  сазгердің өмір тарихын қысқаша айтып өтейін. Сәдіғожа Мошанұлы 1917 жылы Кетпен тауының етегінде өмірге келген. 1930 жылы ашаршылық кезінде туыстарымен бірге Қытай асады. Жастайынан ән-мен жырға әуес болып өскен ақын өз ортасында танымал, айналасын әуелеген әнге бөлеп жүрген екен.   Талантты ақын  небәрі 29 жасында сүзек дертінен көз жұмады. Ал жары мен үш бірдей ұлынан айырылған ананың күйі сол кезде өте өкінішті еді. Сәдіқожаның әнін естіген сайын жағдайы ушыққан  ананың жанына жара салмау үшін туыстары оның әнін айтуға тыйым салады. Сондықтан 1960-70 жылға дейін оның әндері еріксіз ұмытылып, кейбір әндері халық әні ретінде сақталады. Тек 1960 жылдан кейін Қытайдағы ағайындардың алғашқы легі Отанға орала бастағанда сазгердің туындылары халқымен қайта қауышады. Сәдіғожаның аталас туысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда сазгер әндерінің біразы ел арасына танымал әндер. Ал енді басқа әндері бар ма? жоқ па? дегенге келсек,  басқа да әндерінің болуы мүмкін екен.

Қ.Алпысбаев: « Ақын еншісіндегі  7 әнінің өзі жойылып кетерге шақ қалғанда Қуанияз Бұқыжанұлы қариядан жазып алып сақтадық. Ал ол әндердің бәрі басқа ешкімнің орындауында кездеспегендіктен, қарияның өзі айтып бергендіктен енгіздік. Қазір мен антологияға кіргізген 7 ән де республика көлемінде болсын, алыс шетелде болсын шырқалып жүр. Сәдіғожа шын мәнінде айтыскер ақын болған. Ал осы әндерін, айтыста айтылған өлеңдерінің үзіктері деп айтуға болады. Әрбір тойда айтылған жаңа әндер де болуы мүмкін. Өйткені тойда айтылған әндер халықтың жүрегінде сақталып қалады. Ал болашақта қандай әндер бр екені уақыт еншісінде. Зерттеу, іздену жалғаса береді» — деді.

Сәдіғожа әндерін нақышына келтіріп орындап жүрген елімізге белгілі әнші Рамазан Стамғазиев:«Сәдіғожа Мошанұлының бізге дейін жеткен  7 әні бар. Әндерінің барлығы танымал, айналымда жүр.  1980 жылдан бері сазгердің шығармашылығы зерттелген. Жоғарғы оқу орнындағы магистратурада қорғалып жатқан дипломдық жұмыстардың қатарында. Бұл кісінің көптеген әндері ЖОО бағдарламсына енген. Сондай — ақ, халықаралық, республикалық деңгейдегі байқауларда ақын әндері орындалып жүр.  Жетісу ән мектебінің ішіндегі шоқтығы биік туынды десек қателеспейміз. Ғасыр қойнауынан аман жеткен, халықтың мұңын айтқан, өз тағдырынан сыр шертетін Сәдіғожа Мошанұлының әндері Жетісу ән мектебінің үлкен бір іргетасы деп айтар едім» — деді.

Сәдіғожа әндері 1970 жылдары ел арасында кеңінен таралып, көпшілігі халық әні ретінде танып келді. Бертін келе сазгердің шығармашылығы зерттеліп, қазіргі таңда нақты 7 әні Қазақ әдерінің антологиясына енді. Осы ретте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы, зерттеуші ғалым Сағатбек Медеубеков: « Сәдіғожа небәрі 29 жасында дүниеден өтті, бүгінде ақынның 100 жылдығы тойланып жатыр. Неге біз тек 70 жылдан кейін ақынды ұлықтап жатырмыз. Себебі осы 70 жылды Сәдіғожа халық жадынан кеткен жоқ. Бірақ кесірлі Кеңес саясаты кейбір сәттерде осы ұлттың ұлы тұлғаларын әдейі айтқызбай,  әдейі насихаттатпай тұншықтырып келді.  Айтқысы келетіндердің аузына сөз салынбады. Тұншығып елдің жүрегінде келген тұлғаның есімі 1970 жылдардан бастап ел арасында айтыла бастады. Жарты ғасырдай оны ел өзі насихаттап келді» — деді. Сәдіғожа шығармашылығы алдағы уақытта терең зерттеліп, зерделеніп халыққа ұсынылатын болады.  Ал оның иірімді әндері ұрпақтан ұрпаққа мұра болып сақтала береді.

Мақпал Ноғайбаева

 

 

 

 

20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда