
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Дүниежүзілік ғылым күніне орай «Жаһандық коммуникация: өркениеттік дамудың ұлттық ақпараттық моделі және жасанды интеллект» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен V Кенжалин оқулары өтті.
Оған БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өкілдері, Қытай, Түркия, Қырғызстан мен Өзбекстанның ғалымдары, отандық белгілі медиа мамандары мен БАҚ басшылары қатысты.
Бағдарламаның жеке бөлімі әкем, белгілі журналист, қоғам қайраткері Жұмабек Кенжалиннің өмірі мен шығармашылығына арналды. V дәстүрлі Кенжалин оқулары аясында оның өмір жолы мен кәсіби қызметі туралы деректі фильм көрсетілді.
Ғалымдар мен әріптестері қатысқан тағылымды іс-шараны университетің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов пен журналистика факультетінің деканы Ысқақ Егембердиев жүргізіп отырды.
Анамыз Әлима Кенжалина, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ қауымдастырылған профессоры Бақдәулет Құмар, белгілі қаламгерлер мен ғалымдар Қайнар Олжай, Аяған Сандыбай, Талғат Айтбай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, Сәбит Дүйсенбиев, Ләззат Ноғайбаева, Салтанат Қажыкен, Срайыл Смайыл, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары-Алматы басылымдарының жетекшісі Бағашар Тұрсынбайұлы, ҚазҰУ доценті Жетпісбай Бекболатұлы, Есенбек Айдарбеков, Жомарт Симтиков пен басқа да азаматтар естеліктерін айтып, отандық журналистика мектебінің сабақтастығы туралы ой қозғады.
Әкемнің басқа да әріптестері, жерлестері мен туыстары Батих Әжіғалиев, Рымгүл Қапарова, Ғалымжан Шәріпов, Зәмзагүл Әбдіғаппарова, Мақсұт Жанғабылов, Жұмағазы Кенжалин, Санияш Кенжалина, Гүлбаршын Кенжалина V Кенжалин оқуларының биыл да өте жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті.

Кенжалин оқулары 2021 жылдан бері жыл сайын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылып, журналистика мен бұқаралық коммуникация саласындағы өзекті мәселелер, отандық журналистиканың даму бағыттары мен кәсіби тәжірибенің жаңа қырлары талқыланып келеді. Ең бастысы, университеттің әкеміздің құрметіне жылда өткізіп келе жатқан оқуларына ел риза.
Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетіне, оның ішінде ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасына алғысымыз шексіз. Атап айтқанда, осы істің басы-қасында жүрген кафедра меңгерушісі Орынтай Ошановаға, оның ғылыми-инновациялық мәселелер жөніндегі орынбасары Мейіркүл Жетпісбаеваға, оқытушылар құрамы мен магистрант, студенттерге алғыс айтамыз. Еңбектеріңіз жемісті, табысты, берекелі болсын!
Бүгінде ҚазҰУ алыс-жақын елдермен, оның ішінде Өзбекстанмен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, филиалдар ашып, бірлескен жобаларды іске асыруда. Көрші елмен тікелей ынтымақтастық жөнінде 470-тен астам келісім жасалған. Өзбекстан азаматтары елімізде білім алса, көрші ел қазақстандық жастарға өз ЖОО-ларында тегін оқуға арналған білім гранттарын бөліп отыр.
Университеттің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимовтың айтуынша, ҚазҰУ-дің дипломы әлемнің 50 елінде танылған, ал оқу ордасында 9 мыңға жуық шетелдік студент білім алып жатыр.
Конференцияда ҚазҰУ мен Өзбекстан университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Дастан Кенжалин
Суреттерді ұсынған автор