
Ақтөбе қаласының іргесіндегі Келешек ауылының тұрғындарыи жолдан қиналып отыр. Елді мекен тұрғындары қала орталығына қара жолмен жете алмай, өзенді кешіп өтуге мәжбүр.
Жаңбыр жауса, қара жол ми батпаққа айналады. Сондықтан ауылға автобус қатынамайды. Ал асфальт төсеуге жергілікті әкімді асықпайтын көрінеді. Ақтөбедегі Келешек ауылы Қарғалы мен Елек өзендерінің қиылысында орналасқан. Екі мыңнан аса тұрғыны бар елді мекеннің жолына тас төселмек түгілі, ешқашан тегістелмепті. Тұрғындар арыз айтып қанша рет барғанымен, әкімдіктегілер селт етпейді. Келешек ауылының тұрғыны Ақмейіз Ихсанова КТК телеарнасына берген сұхбатында: «Мына үш шақырым жолды салып, сосын автобусты жіберсе біздерге. Қырық жыл тұрып жатқан кісілер бар. 40 жыл. Ол деген бес жыл емес, он жыл емес, қырық жыл тұрып жатыр! Тіпті сөз жоқ айтатын», – деп күйзеледі.
Ақтөбенің аспанына бұлт үйіріліп, өткінші жаңбыр себелеп өтсе, Келешектен шығу қиын. Ми батпақ аяққа жабысып жүргізбейді. Ауыл адамдары облыс орталығына тіке шығу үшін Қарғалы өзенін кешіп өтеді. Қолдарына түскен тақтайдан көпір салып алған. Қыста қатқан мұздың үстімен жүреді. Қауіпті болса да қайтеді, басқа амал жоқ. Жол азабынан әбден шаршаған ауыл тұрғыны Гүлнар Құмарова: «Қыста өзен үстімен жүреміз. Өзен қатқасын желтоқсанның ортасынан бастап, наурызға дейін мұздың үстімен өтеміз. Автобус сұрадық, оған «Жол жаман, жол жоқ, сондықтан сіздерге автобус бермейді», – деді. Шенеуніктер бұл жаққа жолдың жоқтығынан жолаушылар қатынайтын автобус жібермей отырғанын жасырмайды. Бірақ қашан тас төсеп, жолды жөндейтінін айтпады. Ақтөбе қалалық ТКШ бөлімінің жетекші маманы Жайық Қодаштың өзі ауылға автобустардың кіре алмауы жолдың жоқтығынан екенін айтты.
Ол «Келешек елді мекенінде магистральді жол жоқ. Үлкен автобустардың бұрылып жүруіне, жолаушылар тасымалына ыңғайсыз», – деп түсіндірді.
Жолдың жайы шешілмесе, тұрғындар ауылдың атын өзгертуге арызданамыз деп бел буып отыр. Өйткені ауыл аты Келешек болғанымен, елді мекеннің келешегі бұлыңғыр.
Айдос Құсайынұлы