jasqazaq.kz

Камералар, кездесулер және жаңа идеялар: Astana Media Week 2026 алғашқы күнінен репортаж

14 қазан, 18:06

Бір жерде сұхбат жазылып жатыр, екінші жақта спикерлер пікір алмасуда. Камерасын дайындаған тілшілер, әріптесін кездестірген журналистер, жаңа жобаға серіктес іздеген медиа өкілдер.
Бейбітшілік және келісім сарайында таңнан бері қарбалас. Қатысушылар тіркеуден өтіп, сессия залдарына асығып барады. Журналистер спикерлерден пікір алып үлгеруге тырысса, түсірілім топтары тікелей қосылымға дайындалып жатыр.
Фойеде әріптестер жүздесіп, бір-бірінің жұмысын сұрасып, жаңалық бөлісуде.
Көп ұзамай әңгіме кәсіби мәселелерге ауысады: аудиторияның талғамы қалай өзгерді, жаңа технологияларды жұмыста қалай қолдануға болады, бірлескен қандай жоба жасауға мүмкіндік бар?
Медиаптаға дәстүрлі және цифрлық БАҚ, баспасөз қызметтері, PR саласы, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдері жиналды. Қатысушылардың мақсаты әртүрлі болғанымен, бәріне ортақ мәселе бар — өзгеріп жатқан ақпарат кеңістігінде өз аудиториясымен байланысты сақтау.
Медиаға сенім неден басталады?
Биылғы форумның негізгі тақырыбы — «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы».
Алғашқы күнгі талқылауларда жасанды интеллект пен ақпаратқа деген сенім мәселесі қатар қозғалды. Нейрожелі жасаған мәтін мен бейнені шынайы ақпараттан қалай ажыратамыз? Технология журналистің жұмысын қаншалықты өзгертеді? Ақпарат тарату жылдамдаған сайын оның дұрыстығына кім жауап береді?
Пленарлық сессияда Қазақстанның Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Meta өкілі Филип Чуа, Q.AI бас директоры Дмитрий Мун, Euronews өкілдері және өзге де сарапшылар бас қосты.
Залда отырғандар спикерлердің сөзін тыңдап, маңызды тұстарын жазып алып жатты. Ал үзіліс кезінде сахнада айтылған ойлар әріптестер арасындағы әңгіменің арқауына айналды.
Сессиядан кейін де жалғасқан әңгіме
Алғашқы күні қатысушылар жасанды интеллектіні қолданудағы жауапкершілік, жастардың цифрлық қауіпсіздігі, Орталық Азиядағы ағылшынтілді медианың дамуы және бірнеше тілде хабар таратудың жаңа құралдарын талқылады.
Ақпараттың шынайылығын сақтау мәселесіне де назар аударылды. Мәтін, сурет пен бейнені санаулы секундта жасауға болатын кезде журналистің деректі тексеруі мен жарияланымға жауапкершілігі бұрынғыдан да өзекті бола түсті.
Форумның тіршілігі залдағы бағдарламамен бірге тоқтаған жоқ. Дәлізде қысқа сұхбаттар жазылып, фойеде таныстықтар жалғасты. Бірі әріптесімен естелік суретке түссе, енді бірі алдағы жобаның жайын талқылап жатты.
Astana Media Week 2026 Астанада 14-16 қазан аралығында өтеді.

20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда