«Jas Qazaq-тың» Жампозы

21 маусым, 17:33


Қазір ұмытыла бастаған «Ақмылтық журналист»деген теңеуге Төлен әбден лайық. Тілшінің қаруы қалам десек, нысанаға дөп тиетін оғы – кәдімгі қара сөз. «Тисе- терекке, тимесе-бұтаққа» деп айдалаға лағып кететін беталды бөспелік (популизм) емес. Түйткілді тап басатын, кем-кетікті жөнге салатын, кәсіби әдептен озбайтын, тереңнен қозғайтын пайымды да пәтуалы пікір. Қазіргі қазақ медиасына өте-мөте қажет қасиет.

Алдағы жылы жиырмаға толатын «Jas Qazaq-тың» тарихы Төлен Тілеубаймен тығыз байланысты. Он бір жыл бойы газеттің Елордадағы меншікті тілшісі болды. Түрлі тақырыптарды қозғап, барлық жанрды қамтыды. «Болдым, толдым» деп, таптауырын, көне сүрлеуден шыға алмайтын қайсыбір қаламдастарының қатарын молайтпай, заманауи баспасөздіі қыры-сырын меңгерді. Бүгінгі тілмен айтқанда, креативті трендті (үрдіс) тізгіндеді. Бұл көп өтпей, өз жемісін берді. Газетімізде жедел (блиц)-сұхбатпен жарқ етіп көрінді. Тың тәсілдің ерекшелігі мынада. Сол күнгі өзекті һәм көкейкесті мәселеге орай кейіпкерге бір, ары кетсе, екі сұрақ қойып нақты әрі тұшымды жауап алу. Интернет өмірге дендеп енгелі оқырманға де керегі осы. Қысқа да нұсқа дүние оқуға құмар.

Рас, ол тек шағын дүние жазумен шектелген жоқ. Ұлт зиялылары, лауазымды тұлғалармен тілдесті. Көркем сөздің хас шебері, классик-жазушы Әбіш Кекілбайұлымен ел Тәуелсіздігін бағалай білуге арналған әңгімесі басылымның мерейін өсірген шоқтығы биік дүниеге айналды. Саңлақ суреткермен сол сыр сұхбат оқырманның сұрауы бойынша кейін қайта жарияланды. Астанадағы министрлер мен депутаттар, әкімдер мен түрлі деңгейдегі шенеуніктер арасында басылым беделінің артуына, танымал болуында тілшіміздің еңбегі зор. Имекең (Иманғали Тасмағамбетов) Елорда әкімдігін басқарып тұрғанда сол еңбегі еленіп, жас журналист баспаналы болды.

Қаламынан шыққан дүниені қалт жібермей оқитын Алматыдағы әріптестері оны «Jas Qazaq-тың Жампозы» деп атайтын.
Жазған мақаласын жауапты орындар ескеріп, тиісті шешім қабылданып жатса, тілшінің еңбегі жанғаны, төккен тері өтелгені. Бұл жағынан да біздің кейіпкеріміз озық тұр. Ол адам саудасы мен құлдыққа қарсы күрес мәселесін көтеріп бірнеше мақала жариялады. Қоғамға қауіп төндірген зиянды құбылысқа тосқауыл қою қажеттігін айтып, «Ақ Жол Қазақстан» басылымы және қазір шеф-редакторлық қызметін абыроймен атқарып жүрген «Astana aqshamy» газетінде ұдайы жазып отырды.

Басылым бетіндегі дабылға құзырлы орындар құлақ асты. Адам саудасы мен тірі тауарға қарсы күреске бағытталған шешім жоғары деңгейде қабылданды. Жорналшы Наурызды жаңаша тойлау, Ұлттық баспасөз күнін белгілеу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, табиғат қорғау және браконьерлікке қарсы күрес, жеңілдетілген ипотекамен баспана алу тақырыптары бойынша зерделі зерттеу, толымды талдау жасады. Ойлы журналистің ұтымды ұсыныстары да назардан тыс қалмай, тиісті құжаттар дүниеге келді.

Төлен Тілеубай журналист, публицист һәм жазушы. Қаламгердің «Жаңа Астанаға қош келдің, қазақ жасы!» атты тұңғыш фантастикалық туындысы, «Ақбөкен жылаған түн», «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» атты әңгімелері баспасөзде, интернет басылымдарда жарияланып, оқырманның жақсы бағасын алды. Сондай-ақ, «Аласапыран Америка» (жолсапар очеркі), «Тәуелсіздік — Тұмарым», “Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі” атты кітаптардың авторы. Соңғысына айрықша тоқталған абзал. Өйткені, қазіргі басылымдардың жай-күйі, беталысын баяндайтын зерттеу ілуде бір кезедеседі. Оқулыққа парапар мұндай дүние, әсіресе, журналистика факультетіндегі ұстаздар мен болашақ тілшілерге таптырмайтын құрал.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Журналистика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, алып ақпарат айдынына бет алған қарымды қаламгер шығармашылық қызметінде зор жетістікке жетті, көптеген сыйлық пен атақты иемденді. Солардың арасынан 2003 жылы VI «ШАБЫТ-2003» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Журналистика» номинациясы бойынша Бас жүлде иегері және «Әдебиет» номинациясы бойынша дипломанты, «Amanat Медиа сыйлығы — 2023» республикалық байқауында «Еліміздегі реформалар туралы үздік материал» номинациясы бойынша лауреат атанғанын айрықша атап өткіміз келеді.
Ширек ғасырдан бері қазақ баспасөзіне қалтқысыз қызмет, етіп келе отандық медианы өрге сүйреп жүрген әріптесіміз Төлен Тілеубай ердің жасы 50-ге келіп отыр. «Jas Qazaq» газетінің ұжымы мерейтойын иесін құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасына амандық, шығармашылық қызметінде сарқылмас шабыт тілейді. Жазар көбейсін, «Jas Qazaq-тың Жампозы»!

«Jas Qazaq» Газеті

Бүгін, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды
04 шiлде, 16:10
Түркістан: Мақсат – қылмыстың алдын алу
04 шiлде, 16:02
Түркістан: Сауран ауданында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өтуде