
6 ақпанда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде өткен «Парасаттылық – ізгіліктің белгісі» халықаралық ерікті жастар форумы аясында профессор Джо Гю Юн бастаған Оңтүстік Кореялық IMEI Халықаралық ментальды-білім беру орталығының мамандары ерікті жастарға волонтерлік қызмет туралы, адамгершілік, ізгілік құндылықтарын сақтап, дамыту жайында арнайы семинар-тренинг өткізді.
Семинар-тренингте доктор Джо Гю Юн еріктілер қозғалысы бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Джо Гю Юн мырза семинар-тренингтерін жоғары деңгейде өткізетін, интеллект дамыту бойынша белгілі ғалым. Оның инновациялық бағдарламалары басқарудың барлық деңгейі бойынша жоғары ұсынысқа ие.
Семинар-тренингтен кейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов профессор Джо Гю Юн және оның әріптестерімен кездесу өткізді. Жиынға IMEI Халықаралық ментальды-білім беру орталығының Орталық Азиядағы, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріндегі, Алматы қаласындағы өкілдері, ҚазҰАУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы қатысты. Ректор Тілектес Исабайұлы еліміздегі еріктілер жылы аясындағы университетімізде ұйымдастырылған «Парасаттылық – ізгіліктің белгісі» халықаралық ерікті жастар форумының маңыздылығына тоқталып, оны жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан IMEI Халықаралық ментальды-білім беру орталығының өкілдеріне алғысын білдірді.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті көп жылдан бері Оңтүстік Корея еліндегі университеттермен, ғылыми, шығармашылық орталықтармен тығыз байланыс орнатқан. Университетімізде Қазақстан-Корея бірлескен инновациялық орталығы жұмыс жасайды. Жыл сайын бізге Кореядан мықты эскперт-ғалымдар, оқытушылар мен студенттер келіп тұрады.
Оқу орыны оңтүстік Кореяның Сеул, Конкук, Кенгбук, Чонбук, Вонкванг, Кенгхи университеттерімен ғылым-білім және волонтерлік бағдарламалары бойынша жан-жақты байланыс орнатқан. Біз жаңа білім, озық ғылым, технология саласымен қатар мәдениет пен өнер саласында тәжірибе алмасып келеді.
Жиын соңында университеттің Ғылыми Кеңесінің шешімімен ҚазҰАУ мен Корея университеттері арасындағы білім, ғылым аясындағы қарым-қатынасты, ынтымақтастықты дамытуға сіңірген еңбегі үшін Тілектес Исабайұлы Джо Гю Юн мырзаға «Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры» атағын табыстады.