Иттің өмірі қымбат па, Адамның ба?

11 ақпан 2022, 11:19

Ақтөбе шетіндегі Бауырластар ауылында бұралқы ит көбейді. Малға шауып, төрт түлікке қырғидай тиеді. Ауыл тұрғындары ертелі-кеш көшеде еркін жүруден қалдық дейді.

Ашыққан төрт аяқты мақұлықтар адамнан да қорықпайды екен. Сол себепті ата-аналар қалаға қатынап оқитын балалары үшін алаңдаулы. Осыны айтып жергілікті жұрт әкімдікке бірнеше рет өтініш айтқан. Осыдан кейін ветеринарлық станcа мамандары өткен айда Бауырластар ауылының маңынан 38 итті аулап әкетіпті.

Бірақ бәрібір азаятын түрі жоқ. Жаппай атып тастауға заң қолбайлау болып отыр дейді мамандар. Тіпті дәрімен улап өлтіруге де тыйым салынған. Бұл аздай, жануарлардың жанашырлары ит аулаушылардың қас жауына айналған. Олар ветеринар мамандардың өз жұмысын атқаруына кедергі келтіреді. Сондықтан ауыл тұрғындары мақұлықтарды жануарлардың жанашырлары мен еріктілер алып кетсін деп отыр. Өйткені кейбір белсенділер әлеуметтік желілер арқылы жануарлар «құқын» қорғауға мықтап кірісе бастады. Сондықтан болар, ит өлімі шенеуніктердің де басты назарында. Мәселен, Жамбыл облысының әкімі өлген итін әкімдіктің алдына құшақтап барған әлеуметтік желі белсендісіне басу айтамын деп басы дауға қалды. Анау-мынау айқай-шуда көріне бермейтін Бердібек Сапарбаевтың дәл осы жерде сыртқа шығып, төбе көрсетуі қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Итін жоқтап етегі жасқа толған Жанна Мамашева жануарлар қорғаушысы екен. Оның айтуынша, ешкімге зияны жоқ аулада жүрген жануарды ветеринарлар өлтірген. Мамандар алдымен итті алдап қолға түсіріп, кейін темірмен шетке сүйреп әкетеді. Персик деген мақұлық содан тұншығып өлген. Осыдан кейін Персиктің өлексесін Жанна Мамашева ерінбей, облыстық әкімдік алдына әкеліп, итінің өліміне аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың араласуын талап етеді. Осы кезде жанына нөкерлерін ерткен облыс басшысы көрші ғимараттағы жиналысқа бара жатыпты-мыс. Әкімдік алдында жатқан өлексені көріп, кілт тоқтаған. Осы сәтті пайдаланып, арам қатқан мақұлықтың иесі облыс пен қала әкімдеріне және ветеринария басқармасы басшысына шағымданады. Тіпті шенділерге мамандардың итті заңсыз өлтіргенін тәтпіштеп түсіндіріп берген. Бәрін мұқият тыңдап болған Бердібек Мәшбекұлы жауаптыларға дүрсе қоя берді: «Екеуің де кінәлісіңдер. Шаш ал десе, бас аласыңдар. Сендерге бәрін атыңдар, қырыңдар деп ешкім айтқан жоқ қой. Әуелі мынаның адамға зияны бар ма, жоқ па, соны анықтауларың керек еді. Балаларды қаба ма, жоқ па? Ауру ма, жоқ па? Одан кейін иесі бар жоғын іздеу керек еді».

Жамбыл облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев Жанна Мамашева жоспарлы жиынға бара жатқанымызды алдын ала біліп, алдымыздан әдейі шықты деп отыр. «Персикті не үшін ауладыңыздар» деген сұраққа: «Бұл иттің не паспорты жоқ, мойнында қарғы бауы жоқ, чиптелмеген. Қаңғыбас ит деп ұстаған», – деп жауап берді.

Нұржас Құрмантаев «жануарға оқ атылған жоқ, дәрі де берілмеді» дейді. Итін жоқтап, қайғырған желі белсендісі қазір Алматыда жүр. Ол жануарды мамандар улап өлтірді деген сенімде. Бұл дерек дәлелдесе, кінәлілерді сотқа сүйремек.

Диас Нұрақын

P.S. Жануарларды қорғау өткен ғасырда басталған. Мәселен, 1957 жылы 3 қарашада Лайка деген ит ғарышқа ұшырылды. Аспан әлеміне барған ол мақұлықтың өлімін әлем боп аза тұтқан. Тіпті Лайканың өлімінен кейін БҰҰ-ға Миссисипиден бір топ әйел хат жолдайды. Олар КСРО-ның жануарларға деген қатыгездігін қатты сынға алып, басшылығын жауапқа тартуды сұраған.

Бүгін, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
Бүгін, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді