jasqazaq.kz

Исатай мен Махамбет батырларға ескерткіш орнатылды

07 қыркүйек 2019, 22:33

Оралда Исатай мен Махамбеттің ескерткіші ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Еңселі ескерткіш шаһарға кірер тұста, Шаған өзенінен өтетін көпірдің алдында бой көтерді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған композицияның биіктігі – 13 метр, 5,5 метрлік мүсіндер қоладан құйылса, 7,5 метрлік тұғыры граниттен жасалған. Композиция авторлары – Нұр-Сұлтан қаласының мүсіншілері Серік Рүстембеков, Ринат Әбенов және Ербол Зиябеков. Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атап өткеніндей, қос батыр Исатай мен Махамбет қандай құрметке де лайық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында «Тарихтың, тарихи тұлғалардың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамыздың ортақ парызымыз» деген болатын. Ер Исатай қалың қолды бастап, азаттық жолында күрессе, оның серігі, ұлы ақынымыз Махамбеттің өршіл өлеңдерін тебіренбей оқу мүмкін емес. «Қанатынан дауыл есетін қос қырандай жауға тиген Исатай мен Махамбеттің есімі мәңгі өшпек емес. Қос батырдың ескерткіші орнатылған осынау жер қастерлі де қасиетті орынға айналары хақ!» деді өңір басшысы. «Қазақтың қос қыраны Исатай мен Махамбет туған елге, Отанға, ұлтқа қалай қызмет етудің үлгісін көрсетті. Еркіндік аңсаған халық ұлдарына Исатай, Махамбет деп ат қойып, келешекке үміт артты. Ендеше, оларды ұмытуға халықтың да, тарихтың да қақы жоқ еді. Дәл осы жерге табаны тиген Махамбет Еділ-Жайық бойына ел қондырып, ақ ордаға еңкеймей кірсем деп жырлап еді. Сол еркіндікке қол жеткізіп отырған бүгінгі ұрпақ, әр адам бабалар алдында өзін жауаптымын деп есептеуі керек. «Бабалар алдындағы, рух алдындағы борышымды атқарып жүрмін бе, жоқпын ба» деп ойлауы керек. Бұл – әркімнің борышы. Сол үшін ескерткіш қойылды. Ең бастысы, рух өлмеуі керек. Рухы жоқ ұлтты кім көрінген мазақ етеді. Міне, сол рухты көтеру үшін салынып отыр ескерткіш. Еркіндігіміз баянды болсын, ағайын!» деді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгерева. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев тәуелсіздікке Исатай мен Махамбеттей батырлардың ғасырларға созылған азаттық күресі арқылы қол жеткендігіне тоқталды. Исатай мен Махамбет ескерткішінің ашылуына орай Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Бабалардың өршіл рухы өшпейді» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Онда тарихшы-ғалым Жаңабек Жақсығалиев Исатай батырдың Жәңгір ханның ордасын шаппауының себептерін жаңаша көзқарас тұрғысынан саралап берді. Алматыдан келген «Арыс» қорының директоры, саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес «Махамбет» энциклопедиясын шығарудың уақыты жеткендігін, оны сонау Ноғайлы дәуірінен бастап ауқымды түрде қолға алудың қажеттігін айтты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның профессоры, өнертану кандидаты Карима Сахарбаева Махамбет Өтемісұлының музыкалық мұрасының да мол екендігін тарқатса, өлкетанушы, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов Исатайдың қаза табуына байланысты өз ой-толғамын білдірді.

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде