
Арыс аудандық соты 7 маусымда екі инкассаторды өлтірген күдіктіге екі ай мерзімге күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасын қабылдады деп хабарлайды yujanka.kz.
Арыс аудандық сотының мәліметінше, қамауға алынған күдіктінің жасы 38-де, бес баласы бар. Ол 2007 жылдан бері марқұмдармен бірге «Қазпоштада» жұмыс істеген.
Күдіктінің айтуы бойынша, ол бұл қылмысқа екі банктегі несиесі мен басқа қарыздарын жабу үшін барған.
Еңбек демалысында жатқан азамат әріптестері ақша апара жатқанын естіп, әдейі олардың жолында кезіккен. Өзін апарып тастауды өтініп, қанды әрекетке барған.
Марқұмдардың бірі 53 жаста болса, екіншісі 28-де. Олардың артында балалары қалды. Түркістан облыстық Полиция департаменті тергеу жұмыстарын жүргізуде.