
Үш адамның өмірін қиған жол апатына айыпты Gelandewagen көлігінің жүргізушісі сотта соңғы сөзін айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Құрметті сот, Шолпан Ғабдулмулинова, Динара Хамитова, Бақытнұр Құнапияұлының туыстары, мен сіздерден орны толмас қайғы үшін кешірім сұраймын. Бұлай болғанына өкінемін. Маған осы ауыр оймен өмір сүрудің өзі қиын. Айзада Сатыбалдиеваның денсаулығының зардап келтіргенім үшін де кешірім сұраймын. Алматы мен Қазақстан тұрғындарынан кешірім сұраймын. Барлық бап бойынша айыбымды мойындаймын. Бірақ, ішкен жоқпын. Обьективті шешім шығаруыңызды сұраймын. Мені осы отбасыларға көмектесу мүмкіндігінен, еңбек ету мүмкіндігінен ажыратпауыңызды сұраймын. Мен адам өлтіргім келген жоқ», — деді Ілияс Кар. Мұның алдында мемлекеттік айыптаушы Ілияс Карды 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.